Ж.Шанин театрындағы қойылым көрерменге ой салды
Шымкент қаласындағы Жұмат Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрының тарихы тереңде жатыр. Оның тарихы 1929 жылдан бастау алады.
Ал театрға 1972 жылы тұңғыш режиссері, драматург, қоғам қайраткері Жұмат Шаниннің есімі берілген болатын. Былтыр театр ұжымы өнер ордасының 95 жылдығын кең көлемде атап өтті. Міне, биыл театр өзінің 96 жылдығы қарсаңында жаңа маусымын бастап кетіп, көрерменіне жақсы туындылар ұсынуда.
Өткен ғасыр басында тың мамандықтың «тұңғышы» болу екінің-біріне бұйырмаған бақыт болса, Жұмат Шанин – қазақ театрының негізін қалаған реформаторы. Міне, бүгінгі күні Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының жаңа маусымында жақсы, ойы терең, мағыналы және тың дүниелер бар. Бұл маусым барысында қойылған әрбір туынды көрермен жүрегінен орын тауып отырғаны анық. Мәселен, қалалық академиялық қазақ драма театрының 96 жаңа маусымның шымылдығын ашқан Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» пластикалық қойылымы көрермендерін тағы да тәнті етті. Алдыңғы буын режиссерлерінің қолтаңбасы арқылы жеткен Айтматовтың «кейіпкерлері» – артистердің жан тебірентер шеберліктеріне мұқтаж емес. Артистке қалғаны автордың идеясын анықтау ғана. «Ақ кеменін» пәлсапалық тұрғыдан тереңдігі, уақыт озған сайын жаңарған қоғамның көзімен зерттеуді талап етеді. Ал, Ж.Шанинның режиссерлары дәл осы, бүгінгі қоғамның жай-күйіне терең үңілген.
Ескілік көзқарастың әлі де жаңармауы бұл адамзаттың өзгіріссіз қалмағаны дегенді білдірмейді. Уақыт озған сайын, түрлі өзгерістерге ұшырамайтын нәрселер бар. Сол көзге көрінбейтін адами қасиеттерді, сөзсіз тек қимыл-қозғалыс, эмоция арқылы жеткізген актерлар дегеніне жеткен. Кейіпкерлер сахнада өзін-өзі зерттегендей, өзін тану үшін қателіктерін мойындағандай, айналасындағы болып жатқан оқиғалардың себебін өзінен іздестіру керектігін түсінгендей көрінеді.
Автор ұсынған оқиға мен кейіпкер болмысын қазіргі қоғамда кездестіргенімізбен, жасөспірімдердің қабылдауы мен ой-сараптауы басқа. Сондықтан Ж.Шанин театры ұсынған қойылымда мейірімді іздей отырып, бүгінгі қоғамдағы Оразкүлды түсінуте, Бекей мен Кемпірді қолдауға, Момын шал мен Баланы аялауға шақырады. Ертегідегі Бұғы ана мен тылсым табиғаттың ұлылығын сезініп, адам болып қалудың жолы – мейірім екенін ұғындыратын қойылым заманауи театр әдісімен көрерменге ұсындық дейді инсценироакасын жасаған қоюшы режиссер Гауһар Адай.
– Қойылым – табиғат аясында болып жатқан адам мен тылсым күш арасындағы тартысты көрсетеді. Бұғы ана мейірім мен махаббатқа толы өмір сүруге жол көрсетеді. Алайда, қоғамда өзін «маңызды» көрсету үшін мейірімнен бас тартқан қатыгез пенденің іс-әрекеті суреттеледі. Мейірімнен бас тартуға мәжбүр пенде қоғамда өмір сүру үшін, күнелту үшін өзін жоғалтып, бақытсыз болуға дайын. Кейіпкердің жан тебіренісін сезіндіру үшін актерлер сөзбен немесе оқиғаны баяндап емес, іс-әрекетке, үнсіз қимылға бағындырып жеткізуге тырысты, – дейді Гауһар Адай.