Ұлттық құндылықтар – халықтың жүрегі мен жаны
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының жанынан құрылған «Ақиқат» клуб мүшелері «Ұлттық құндылыққа негізделген сабақ» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Бұл іс-шара аясында Қазақстан халқының ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын жаңа заман талабына сай насихаттауға бағытталған озық идеяларды тиімді пайдалану, жас ұрпақ бойына ұлттық қасиеттерді қастерлеуді дамыту, өзекті инновациялық тәжірибені тарату және «Кітап оқитын ұлт» жобасы арқылы таным түсінігін кеңейту көзделген.
Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Ақиқат» клуб мүшелері жоғарыда көзделген мақсаттарды басшылыққа ала отырып, тақырып аясында өзара пікір алмасып, тұщымды ой-пікірлерімен бөлісті.
Д.Менделеев атындағы №15 мектеп-лицейінің мұғалімі Г.Абралиева ұлттық құндылықтар – бұл әрбір халықтың жүрегі мен жаны, оның тарихы мен мәдениетінің тереңіне үңілткен кезде ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп келе жатқан мұра екенін атап өтті. «Қазақ халқының ұлттық құндылықтары оның сан ғасырлық тарихының, дәстүрлерінің, өмір сүру салтының көрінісі болып табылады. Бұл құндылықтар бүгінгі күні халықтың рухани байлығына айналып, оны ұлт ретінде сақтап, дамытудың негізі болып отыр. Сондай-ақ ұлттық өнер мен мәдениет, әсіресе, музыка мен айтыс, қазақ халқының ең маңызды рухани мұрасының бірі болып табылады. Қазақтың музыкасы мен халық шығармашылығы – оның жан дүниесін, тілін, мінезін көрсететін айнасы. Күй мен ән – ол тек дыбыс емес, ол халықтың сезімін, тағдырын, қуаныш пен мұңын, бейбітшілік пен ерлікті жеткізетін құндылықтар. Бүгінгі таңда қазақ музыкасы әлемдік сахнада да өз орнын тапты, бірақ оның түпкі мәні мен тарихи құндылығы ешқашан өзгермейді», – дейді Г.Абралиева.
Ал «Низамхан» орта мектебінің мұғалімі Ж.Накипбекова ата-бабаларымыздан мұра болып қалған ұлттық құндылықтарының бірі – жастарға деген қамқорлық екеніне тоқталды. «Қазақ халқының барлық ұрпақтары өзінен кейінгі жас ұрпаққа дұрыс тәрбие беруді, білім мен тәрбие арқылы оларды болашақ қоғамның жауапты мүшесі болуға үйретуді өзінің қасиетті міндеті деп санайды. Ұрпақ тәрбиесі қазақтың өмірінде әрқашан бірінші орынға қойылды. Қазақ жастарының әрбір қадамы, әрбір ісі елдің келешегін қалыптастыратын үлкен жауапкершілік екені үнемі еске салынды. Осы ретте Президентіміздің бастамасымен қаламызда жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы мектептерде оқушылар арасында қызу қолдау тауып отыр. Кітап оқитын ұлт – ойланатын ұлт. Ойланатын ұлт – ізденетін, дамитын, өркениетке ұмтылатын ұлт. Сондықтан әрқайсымыз үшін кітап оқу тек жеке таңдаудың мәселесі емес, қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті сезініп, кітапты өміріміздің басты бөлігіне айналдыру – болашағымыздың кепілі», – дейді Ж.Накипбекова.
Жер бетіндегі тіршілік иелерінен адамды ерекшелейтін ең басты қасиет – оның ойлау қабілеті. Ойлану – адамды адам ететін, қоғамды өркендететін негізгі күш. Адам ойлану үшін оның миы үнемі жұмыс істеп, ой өрісі кең болуы қажет. Ойланбайтын жан иесі жансыз дене іспетті. Сондықтан біздің ой жүйемізді кеңейтіп, санамызды тереңдетіп, өмірімізді мәнді ететін ең басты құрал – кітап.
Дөңгелек үстел қатысушылары жиын барысында іс-тәжірибелерімен бөлісіп, тақырып аясында сөз қозғап, ұлттық құндылықтардың маңыздылығы мен адам құндылықтары туралы да әңгіме-дүкен құрды.