Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» деп атап өтіп, кітап оқуды дамыту мәселесіне ерекше назар аударған болатын.
Бұл маңызды жоба алғаш болып енгізілетін өңірлер қатарында Шымкент қаласы, сондай-ақ Қарағанды және Қостанай облыстары бар.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аталған бастамаға қолдау білдіре отырып: «Шымкент – тек республикалық маңызы бар мегаполис қана емес, ол – тарихы терең, мәдениеті бай, білім саласының дәстүрі қалыптасқан шаһар. Сондықтан дәл осындай маңызы зор жобаның біздің қалада жүзеге асуы – заңдылық. Кітап – білім мен шабыттың сарқылмас қайнары. Ол көкжиегіңді кеңейтеді, тұлғаңды қалыптастырады, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әрқайсыңызды осы игі бастаманы қолдап, белсенді қатысуға шақырамын», – деп тұрғындарды белсенді қатысуға үндеген болатын. Бұл бастама Шымкент қаласы тұрғындары тарапынан бірден қолдау тауып, шаһардағы кітапхана оқырмандары арасында «KitapTime – оқуға құштар ұлт» жобасы қызу басталып кетті.
Осы жобаны жүзеге асыру шеңберінде А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «KitapTime-2025» республикалық кітап фестивалі аясында Қазақстан кітапханалар одағының көшпелі отырысы өтті.
«Қазақстан кітапханалары: кітап оқу мәдениеті, жасанды интеллект және цифрландыру» тақырыбында ұйымдастырылған жиында кітапхана қызметін заңнамалық тұрғыдан жетілдіру және өңірлік озық тәжірибелер жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, Шымкентті «Оқитын қала» ретінде дамыту мәселесі көтерілді. Еліміздің барлық өңірінен жиналған қатысушылар әлеуметтік зерттеулерді кітапхана жұмысына енгізу, халықаралық ұйымдармен әріптестік орнату, жас мамандарды кәсіби тұрғыда даярлау жайында пікір алмасты. Іс-шараға ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Күміс Сейітова және басшының Ақпараттық ресурстар және жастар саясаты жөніндегі орынбасары Нұржан Жолдыбалинов қатысты.
Көшпелі отырыс аясында кітапхана қызметкерлері өз ойларымен бөлісті. Кітапхана басшысы Күміс Қарсақбайқызы кітап оқудың маңыздылығына, оның қоғамға тигізер пайдасын сөз етті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деп атап өтті. Мемлекет басшысының бұл сөзі жай ғана мәдени үндеу емес, елдің рухани болашағына бағытталған нақты бағдар екенін айқын көрсетеді. Президентіміздің тағы бір айтқан сөзі бар: «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз». Бұл сөздер кітапқа бет бұру тек жастар үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін стратегиялық қажеттілік екенін тағы да дәлелдейді», – деп атап өтті ол.
Қазақ халқы да «Білім алу – тал бесіктен жер бесікке дейін» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, кітап оқу – үздіксіз үдеріс, ешқашан тоқтамауға тиіс құндылық. Біз немқұрайлық танытуға құқығы жоқ қоғамда өмір сүріп жатқандықтан, әрқайсымыздың рухани дамуға қосқан үлесіміз бүкіл елдің дамуына әсер етеді. Дәл осы себепті қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының мәні ерекше. Бұл бастама – тек мәдени шара ғана емес, елдің интеллектуалды әлеуетін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдар. Жоба аясында кітапханалық іс-шаралар, оқырмандар клубтары, әдеби кездесулер ұйымдастырылып, халықты оқуға жұмылдыру көзделуде. Президенттің жоғарыдағы сөздері осы жобаның өзегін ашып, кітап оқуды қоғамның күнделікті мәдениетіне айналдырудың маңызын көрсетеді.