Ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейткен қаламгер
Шымкент қаласында ұлт руханиятын, қазақ әдебиеті мен мәдениетін дамытуға үлес қосып жүрген қаламгерлер аз емес.
Соның бірі – қазақ әдебиетінің қазынасын зерттеп, ұлттық руханияттың көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған профессор, әдебиеттанушы ғалым, көрнекті қаламгер Бегман Ысқақ. Ғалым биыл асқар таудай 85 жасқа толып отыр.
Осы мерейлі жасқа орай Шымкент қаласындағы А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрге айналған «KitapTime-2025» республикалық кітап фестивалі аясында ауқымды кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітап мерекесі ашық есік күнімен басталды. Шара барысында ұлағатты ұстаз, әдебиеттанушы, ғалым, жазушы, профессор Бегман Ысқақтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Тұғырдан таймаған тарлан тұлға» атты әдеби кеш өтті.
Бегман Ысқақ – тек ұстаз ғана емес, қазақ әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосқан қаламгер, терең ойлы ғалым. Оның шәкірт тәрбиелеудегі адалдығы мен табандылығы, әдеби мұраны зерттеудегі еңбегі, ұлттық болмысты танудағы ізденістері – ұрпаққа үлгі. 85 жылдық ғұмыр – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің тарихы. Ол – ұлт руханиятын байытқан еңбек, шәкірт жүрегінде мәңгілік орын алған мейірім мен парасат тарихы.
Бұл іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, Қаратау және Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің орынбасарлары А. Ахметбаев пен Б. Есенбеков, «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының А. Балажан бастаған ұжымы, «Шымкент келбеті» газетінің Б. Тайжан бастаған ұжымы, сондай-ақ Б. Ысқақтың әр жылдардағы шәкірттері М. Әшірбаев, Ә. Арапов, Қ. Әлібеков және замандастары, отбасы мүшелері қатысты. Сонымен қатар ОАИУ, М. Әуезов атындағы ОҚМУ, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ, Халықтар достығы университеті және басқа да жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері кеш қонағы болды.
Айтулы кешті түркі әлеміне танымал ақын Қ. Көмек ашып, жүргізді. Кеш барысында ұстазға деген ыстық ықылас, адал құрмет сезімдері айрықша байқалды. Қаратау аудандық ардагерлер кеңесінің орынбасары Аманбек Ахметбаев ардагер ұстазға қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің арнайы құттықтау хатын табыс етті. Бұл – ұстаздың ел алдындағы еңбегіне берілген үлкен баға еді.
Сондай-ақ, ардагердің «Аштық не жегізбейді» кітабының тусауы кесілді.
Жиынға қатысқан қаладағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері жазушының шығармаларына талдау жасап, Бегман ағаның еңбегін ерекше ілтипатпен атап өтті. Әр шәкірт естелігін айтып, ұстаздың жүрегіне жол тапқан ақыл-кеңестерін, адами болмысын, биік парасатын әңгіме етті. Кеш соңында айтылған әрбір лебіз, әрбір естелік абыз ұстаздың халық алдындағы мәртебесін биіктете түсті.