Жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні зор туынды
Ұлттық әдебиетіміздің ұжданы, мақтанышы, айбары Дулат Исабековтың «Құстар фестивалі» атты шығармасы Шымкент қалалық өзбек драма театрында сахыналанып, көрермен назарына ұсынылды.
Қойылым жасөспірімдерге арналғанымен, оның астарлы ойы әрбір адамды терең толғандырады.
Прозада ғана қалам тербеп қоймай, драматургияда да биік белестерді бағындырған қаламгер Дулат Исабековтің «Құстар фестивалі» – уақыт сынынан өткен шығарма. Оның айтар ойы әлі күнге дейін ескірмей, керісінше жаңа мәнге ие болуда. Өйткені әділетсіздік пен әлімжеттік жойылмаған жерде бұл қойылымның да айтары бар.
Театр – өмір айнасы. Рухани азық беретін өнеге көзі, тәрбие ошағы. Себебі, киелі сахнада түрлі қойылымдар көрсетіледі. Қаншама образдар сомдалады. Талғамы терең көрермен сол арқылы өзінің бет бейнесін көреді. Әсіресе жастар бойындағы рухты оятуға, Отанды сүюге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруға бастамашы болатын да ол – театр.
Жасөспірімдерге арналған бұл спектакль өзекті әлеуметтік мәселелерді астарлы түрде көтеруімен ерекшеленеді. Қойылымда қоғамдағы әділетсіздік, теңсіздік, екіжүзділік және адам бойындағы түрлі мінез-құлықтар құстар бейнесі арқылы бейнеленген.
Бұл қойылымның режиссері Жавлон Сайитов адамзаттың ғасырлар бойы өзгермей келе жатқан кейбір келеңсіз қасиеттерін – байлыққа ұмтылу, өтірік пен қулық-сұмдыққа бейім болу, әлсізге әлімжеттік жасау – сахна тілімен шебер жеткізе білді.
Бүркіт пен тоты, сауысқан мен тауыс, әтеш пен қарғалар – барлығы да адам бойындағы әртүрлі мінез бен қылықтың символы. Қоғамдағы әділетсіздік пен теңсіздік, білімді мен білімсіздің, әлсіз бен мықтының арасындағы тартыс құстардың қарым-қатынасында анық көрінеді.
Қойылым арқылы көрерменге әділеттілік, адамгершілік және ішкі мәдениеттіліктің маңыздылығы жөнінде терең ой тасталады. Бұл әсіресе жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәнге ие. Қоғамдағы өзекті мәселелерді көркем тілмен жеткізе отырып, спектакль жас көрермендердің сыни ойлауын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.
Қойылымның басты мақсаты – көрерменді байлыққа бас ұрмай, өтірік пен екіжүзділіктен арылуға, керісінше жомарттық пен адамгершілікке тәрбиелеу. Бұл тұрғыда спектакль бүгінгі қоғам үшін де өзекті. Өйткені құстардың дауы мен қылығы арқылы біз өзімізді көреміз.
Сахнадағы әр образ – нақты кейіпкер ғана емес, тұтас қоғамның бейнесі. Бүркіттің айбаты, тотының әсемдігі, сауысқанның әжуасы, қарғаның қарқылы – бәрі де адам бойындағы мінез-құлықтың көрінісі іспеттес.
Қорыта айтқанда, «Құстар фестивалі» – Дулат Исабеков шығармашылығының уақыт сынынан өткен туындыларының бірі. Қойылым көтеріп отырған тақырыптар бүгінгі күні де өзектілігін жоймаған. Бұл – сахна өнері арқылы адамзат болмысына үңілудің бір үлгісі.