Қазақтың дәстүрлі өнері – ұлттың рухани күретамыры

Oinet.kz 28-09-2025 50

Шымкент қаласында ұйымдастырылған ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалінің екінші бөлімі «Қызғалдақ» сарайында өтті.

Screenshot_10.jpg

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Асыл мұра» фестивалі өнер жолындағы маңызды қадамға айналды. Сөйтіп қазақтың дәстүрлі музыкасы мен жыршылық өнері – ұлттың үнін, тілін, мәдени жадын сақтаған баға жетпес мұра, оны зерделеу – өткенді тану ғана емес, бүгінгі болмысты бағамдап, болашаққа жол салар рухани бағдар. 

Бұл мәдени іс-шараны белгілі фольклортанушы ғалым Берік Жүсіп жүргізіп отырды. Ол сахнада орындалған әрбір туындының тарихы мен ерекшеліктері жайлы көрерменге кеңінен мағлұмат беріп, әрбір өнерпаздың қадір-қасиетін ашып айтты. Өнер сахнасына ең алдымен Сыр бойы мектебінің көрнекті өкілі, Қорқыттан қалған қасиетті өнердің бүгінгі мұрагері Алмас Алматов шығып, өзінің «Жыр бастау» атты толғауын орындады. Одан кейін Қаратау шертпе күйлерінің дәстүрін жалғаған атақты домбырашы, әйгілі Сүгірдің шәкірті болған Төлеген Момбековтің «Қанағат» атты күйін Жандос Құлымбетов тартты. 

Киелі сахнаның төріне дәстүрлі ән өнерінің бүгінгі ең талантты өкілдерінің бірі – Ерлан Рысқали шыққан кезде зал толы көрерменнің делебесі қозып, арқаланып, зор құрмет-қошемет көрсетті. Көпшіліктің мұндай ықылас танытуы текке емес. Ерлан Рысқали – Арқа, Жетісу, Алтай-Тарбағатай мектептеріне тән әндердің қай-қайсысын да нақышына келтіріп орындайтын дарағай әнші. Ұзын-ырғасы 300-ден астам ән білетін Ерланның көкірегі тұнған рухани қазына десек, артық айтқандық емес. Бұл жолы Ерлан Рысқали Иса Байзақовтың «Желдірмесін» шырқап, көрерменнің құлақ құрышын қандырды. 

– Ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін қазақтың дәстүрлі өнері – ұлттың рухани күретамыры. Ол – тарихи жадымызды аман сақтап келе жатқан қастерлі құндылық. Ән мен күй – халқымыздың қуанышы мен қайғысын, сағынышы мен арманын үнмен өрнектеген сырлы шежіре болса, жыршылық дәстүр – ұлттың арын, намысын, асқақ рухын сөзбен тербеткен өнер шыңы. Домбыраның қос ішегінен төгілген күмбір күй де, адам жанын тербейтін әуелеген ән де, ғасырлар қойнауынан жеткен эпостық жыр-дастандар да қазақтың дүниетанымын, болмысын, эстетикалық талғамын айқын көрсетеді. Бұл өнер тек эстетикалық құндылық қана емес, ұрпақтан ұрпаққа аманат болған тәрбие мектебі, тарих пен танымның айнасы, – дейді фольклортанушы ғалым Берік Жүсіп.

Сонымен іс-шара аясында «Асыл мұра» фестивалінде сахнаға шыққан қырыққа тарта өнерпаздың қай-қайсысы да таңдай қақтырмай қоймады. Әсіресе, Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев сахна төріне көтерілгенде шымкенттік көрермен зор құрмет-қошемет көрсетті. Сонымен қатар, Гүлмира Сарина, Сәуле Жанпейісова, Жаңғали Жүзбай, Саян Ақмолда сынды дәстүрлі өнер майталмандары көпшілікке мол рухани азық сыйлады.

«Асыл мұра» – ұлттық руханияттың мәңгілік тынысын сезіндірді
Жас ұрпақ үшін үлкен тәрбиелік мәні зор туынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу