«Асыл мұра» – ұлттық руханияттың мәңгілік тынысын сезіндірді
Шымкент қаласында ұлтымыздың ұлттық құндылықтарын дәріптейтін «Асыл мұра» республикалық дәстүрлі өнер фестивалі өтті.
Бұл іс-шараның ұйымдастырушысы Шымкент қалалық әкімдігі. Аталған іс-шара «Қызғалдақ» сарайында бастау алды. Фестиваль аясында мектеп оқушыларының өнер байқауы, дәстүрлі ән-күй, жыр-терме кеші ұйымдастырылды. Сондай-ақ өнер кешіне Қазақстанның халық әртістері және өзге де белгілі өнер қайраткерлері қатысты.
Фестеваль күнгі сахна – жас өнерпаздардың ғана емес, тұтас бір халықтың рухани мерекелік іс-шарасына айналды. Еліміздің әр түкпірінен жиналған 27 жас әнші, күйшілер мен жыршылар қазақтың құдіретті өнерін асқақтатты. Күйге тіл бітті, жыр жан тербеді, әнде халықтың арман-аңсары көрінді. Фестиваль тізгінін ұстаған фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық өнердің көрнекті өкілі Берік Жүсіп әр өнерпаздың өнері алдында әдемі ой қозғап, көрерменге өнердің терең мәнін айтып отырды.
Айтулы фестиваль аясында ұлттық аспаптар көрмесі де ұйымдастырылды. Алматыдан арнайы келген «Ықылас» атындағы халық музыкалық аспаптар музейінен елуге жуық аспап түрі әкелінген. Музейдің бөлім жетекшісі Дания Жанқабаев көне мұраларды таныстырып, тарихын тарқатты. Көрмеде Абайдың домбырасы мен Сүгірдің қоңыр үні қалған қасиетті аспаптарының көшірмелері ұсынылды. Мәселен, домбыраның бірнеше нұсқасы көрмеге қойылған. Оны мамандар әр өңірдің өзіндік ерекшелігіне қарай жасалған деп түсіндірді.
Бұл іс-шараға қатысқан Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театрының жарнама бөлімінің басшысы Қабыл Батырхан бұл іс-шара алдағы уақытта еліміздің барлық өңірінде жалғасын тапса деген тілегін білдірді.
– Ұлтымыздың бар болмысы, рухы – күй мен жырда, әуез бен сазда. Бабалар аманатын арқалаған қара домбыраның үні естілсе, жүрек тебіреніп, елдің жан дүниесі жаңғырады. Осындай асыл өнердің арнасын кеңейтіп, ұрпақ санасына сіңіру үшін ұйымдастырған шара әрбір жүрекке жетті. Қазақтың ұлы музыкалық рухын көтерді. Жалпы ұлттық өнер болашаққа қалдырылған аманат. Жастардың бойына сол аманатты сіңіру – үлкен буынның парызы. «Асыл мұра» фестивалі – сол аманатты сақтайтын үлкен қадам, – деді Қабыл Батырхан.
Осылайша Шымкент төрінде өткен өнер мерекесі ұлттық руханияттың мәңгілік тынысын сездірді. Ән мен күй арқылы ел тарихы сөйлеп, жыр мен терме арқылы елдік рух асқақтады. «Асыл мұра» – жай ғана фестиваль емес, халықтың жүрегін тербеп, болашаққа жол көрсеткен мәдениеттің асыл арнасына айналды. Айта кету керек, бұл іс-шара екі күнге созылды. Екінші күні Қызғалдақ сарайында Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева, Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев, сонымен қатар, дәстүрлі күй және ән өнерінің танымал тұлғалары – Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина, Сәуле Жанпейісова, Алмаз Алматов, күйші Жаңғали Жүзбай, Саян Ақмолда сынды елімізге белгілі мәдениет қайраткерлері қатысып, өз өнерлерін көрсетті.