Әрбір мерекенің мазмұны жастар бойындағы патриоттық сезімді ояту
Қазан айы тәлім-тәрбиесі көп, жастар бойындағы ұлттық патриоттық сезімді оятатын, үлкендерге құрмет көрсететін, ұстаздарды ардақтайтын, ел тәуелсіздігін ұлықтайтын мерекелерге толы.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бұл іс-шаралардың барлығы да жастардың қатысуымен өткізіледі.
– Кешегі күні Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күні аясында ардагерлерге құрмет көрсетіледі. Қарттар үйлерінде концерттер өткізіліп, басты салтанатты жиын «Royal Rose» мейрамханасында өтті. Мұнда түрлі салада еңбек еткен 200-ден астам ардагерге сый-құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталады. Енді 5 қазан – Ұстаздар күніне орай 3 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты іс-шара өткізгелі отырмыз. Онда қала өнерпаздары мен жастар ұстаздарға арнаған өнерін паш етіп, үздік педагогтарға марапаттар тапсырылады. Ал 19 қазан – Құтқарушылар күні қарсаңындағы мереке де «Қызғалдақ» сарайында атап өтіледі. Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе ұйымдастырылатын концерттік бағдарламаға жергілікті өнерпаздар қатысады. Биыл құтқарушылар өздерінің кәсіби мерекесін ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығымен бірге атап өтуде. Осыған орай республика көлемінде «30 жылдыққа – 30 игі іс» акциясы өтіп жатыр. Шымкенттік құтқарушылар да ардагерлерге, балаларға, табиғат пен жануарларды қорғауға арналған түрлі қайырымдылық бастамаларын жүзеге асыруда, – деді Сәрсен Абайұлы.
Ал қала әкімінің орынбасары еліміздің ерекше күні 25 қазан – Республика күні қарсаңында екі күндік ауқымды шаралар жоспарланғанын айтты. «24 қазанда «Қызғалдақ» сарайында салтанатты жиын өтіп, еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік және жергілікті марапаттар, сондай-ақ «Құрметті азамат» атағы табысталады. Ал 25 қазанда Астана алаңында сағат 20:00-де ашық аспан астында үлкен гала-концерт ұйымдастырылып, еліміздің танымал әншілері мен жергілікті өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлайды» деп атап өтті.
Кеше өткен мереке қала көлемінде жоғары деңгейде өткізіліп, жастар бойындағы патриоттық сезімді оятты. Мәселен, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты №10 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында қызмет алушы қарияларға да құрмет көрсетілді. Жастар ресурстық орталығының АКТ залында мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, аға буын өкілдері ерекше қуанышқа бөленді. Мерекелік кештің сәнін келтірген – «Шымкент мәдениет үйі» өнерпаздары. Олар әсем ән мен тәтті күй, тағылымды әрі күлкіге толы қойылымдар арқылы жиналған қауымға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Опера және балет театрының жезтаңдай әншілері мен Әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері кештің шырайын аша түсті. Іс-шара барысында демеушілер тарапынан орталықтағы қарияларға сый-сияпат үлестірілді.
Бұдан бөлек, 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласында Ауыл партиясының бастамасымен тағылымды кездесу өтті. Өңірлік филиал Төрағасы Ғани Қарабековтың бастамасымен ұйымдастырылған дөңгелек үстелде ардагерлер бас қосып, бүгінгі заманның басты жетістіктерінің бірі – жасанды интеллект тақырыбында әңгіме өрбітті.
Жиын барысында ардагерлерге ChatGPT жасанды интеллект бағдарламасы таныстырылды. Оларға телефон арқылы бағдарламаны орнату, пайдалану жолдары егжей-тегжейлі түсіндіріліп, күнделікті өмірде қолдану тәсілдері көрсетілді. Бұл қадам ардагерлердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған тың бастама болды.
Кездесу барысында ардагерлерге жылы лебіздер айтылып, олардың ел тәуелсіздігі жолындағы еңбектері, жас ұрпаққа көрсеткен өнегесі ерекше атап өтілді. Іс-шара соңында Ауыл партиясының 25 жылдық мерейтойына орай партия Төрағасы Серік Егізбаевтың атынан ардагерлер арнайы мерекелік медальдармен марапатталды. Бұл – партияның ардагерлерге деген ыстық ықыласы мен құрметінің белгісі.
– Қарттарды құрметтеу – халқымыздың ең асыл дәстүрлерінің бірі. Шымкент қаласы бойынша Халықаралық қарттар күніне орай ардагерлерге арнап жастар үшін тәлім-тәрбиесі мазмұнды іс-шаралар өткізді. Қалада өткізілген әр кездесудің басты мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсетіп қана қоймай, оларға қамқор болу, жастардың бойындағы үлкендерге деген құрметті ояту арқылы олардың патриоттық сезімін арттыру, – дейді қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы.