Шымкенттіктерді қандай мерекелік шаралар күтеді?
Шымкент тарихы терең, мәдениеті бай, қонақжайлылығымен ерекшеленетін қала. Соңғы жылдары мұнда туризмді дамытуға бағытталған тың бастамалар мен жарқын жобалар жүйелі түрде жүзеге асып келеді.
Осы үрдістің нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы сәрсенбінің сәтті күнінде өткен брифинг барысында жан-жақты мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы айларынан бері ұйымдастырылған ірі іс-шаралар Шымкентті тек отандық емес, халықаралық деңгейдегі туристік орталық ретінде таныта түсті.
Әкім орынбасары ең алдымен 2025 жылдың 30 наурызында өткен дәстүрлі «ДәмДәсTour» гастрономиялық фестивалін ерекше атап өтті. Бұл күні қаланың басты алаңдары хош иіс пен думанға бөленіп, 50-ден астам тамақтандыру орны өздерінің ұлттық және авторлық тағамдарын ұсынды. Қатысушылар тек дәм татып қана қоймай, шебер аспаздардың мастер-класстарын тамашалап, гастрономия саласындағы жаңа идеяларды көруге мүмкіндік алды.
Ақпараттық туризмді ілгерілету бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. 9–11 мамыр аралығында Шымкенттің көрікті жерлері мен мәдениетін кеңінен насихаттауға арналған дәстүрлі «Blog Tour» ұйымдастырылды. Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан және еліміздің өзге өңірлерінен келген 30-ға жуық танымал travel-блогер мегаполистің сұлулығын өз парақшаларында жариялап, миллиондаған оқырманға жеткізді.
Жаз айының ең жарқын оқиғаларының бірі 19 маусымда өткен «DRONE SHOW» болды. Қала күніне орай ұйымдастырылған бұл ерекше кеште 500 дроннан құралған әуе қойылымы түнгі аспанды түрлі түске бояп, 50 мыңға жуық көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады.
Көше тағамдарының әуесқойлары үшін де биылғы жаз есте қаларлық болды. 19 шілдеде «Арбат» аллеясында өткен «Street Food Fest» қаланың үздік аспаздарын жинап, қонақтарға ерекше атмосфера сыйлады. Мұнда шеберлік сабақтары, концерттік бағдарлама, көше билері және қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылды.
Шымкенттің туристік әлеуеті шетелдік әріптестерге де кеңінен таныстырылуда. Мюнхен, Будапешт және Сиань қалаларында өткен арнайы таныстырылымдар мен жаңа әуе рейстерінің ашылуына арналған жиындарға 90-ға жуық туристік агенттік пен туроператорлар, сондай-ақ қонақ үй саласының мамандары қатысты. Бұл шаралар қаланың халықаралық байланысын нығайтып, туризмді жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді.
Сәрсен Абайұлы брифинг барысында жыл соңына дейін өтетін жоспарлы шараларды да атап өтті. «Қаланың туристік бейнесін нығайту және оқиғалы туризмді дамыту мақсатында биылғы жылдың соңына дейін «Қызғалдақ жолы», «Батпырауық фестивалі», «Жарық шамдар» секілді жаңа форматтағы қызықты мерекелер ұйымдастырылады. Мұндай жобалар қала қонақтары үшін ерекше тартылыс күшіне айналып, ішкі туризмнің дамуына серпін береді», – деді ол.
Соңғы айларда жүзеге асқан осындай ауқымды жобалар мен алдағы жоспарланған іс-шаралар Шымкенттің туристік картасын бұрынғыдан да байытып, оны әр маусымда қызықты бағытқа айналдыра түсері сөзсіз.