Шымкенттегі жаңа туристік жобалар

Oinet.kz 17-09-2025 30

Шымкент қаласы соңғы жылдары туризм саласында елеулі өзгерістер мен жаңалықтарға толы кезеңді бастан өткеруде. 

Screenshot_27.jpg

2024-2025 жылдар аралығында қалада 11 ірі инвестициялық жобаны  жүзеге асыру жоспарланған. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы баяндады.  Ресми деректерге сәйкес, 2024 жылы жеті нысан – «Kazakh Hotel», Aurum Hotel, «Diamond Hotel», «Siluet Plaza», «Makhambet», «Mir Hotel» және «Cannes Hotel» пайдалануға берілді. Бұл қонақ үйлер туристерге қолайлы жағдай жасап қана қоймай, қаладағы қызмет көрсету саласын жаңа деңгейге көтерді.

Биылғы  жылдың сәуірінде тағы бір қонақ үй  Mardan ашылды, ал жыл соңына дейін Алтай, Zeinnur-Tau және Керемет қонақ үйлері өз есігін айқара ашпақ. Жалпы инвестиция көлемі  14,5 миллиард теңгеден асады, ал жобалар аясында 240 тұрақты жұмыс орны құрылды. Бұл қаланың экономикалық дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарға жаңа еңбек мүмкіндіктерін ұсынады.

Сондай-ақ, халықаралық стандарттағы Hilton қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Жобаның көлемі 35 миллион долларды құрайды және 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл қонақ үй Шымкенттің халықаралық туристік картасында жаңа белеске шығуына жол ашпақ.

Туризмді дамытудағы тағы бір маңызды жоба  табиғат аясында демалыс ұйымдастыру. Бадам су қоймасы аумағында «Omir Shymkent» глэмпингі іске қосылды. Бұл жоба қала тұрғындары мен туристерге заманауи әрі жайлы демалыс ұсынуға бағытталған. Глэмпингтің мақсаты  ішкі туризмді дамыту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Табиғатқа жақын, бірақ комфортты демалыс іздейтіндер үшін бұл тамаша мүмкіндік.

Шымкент қаласы туристік нысандарға қолжетімділікті де жақсартуда. Үш сакралды нысан – Ибрагим Ата, Қарашаш Ана, Әбділ Әзіз Баб турникетпен жабдықталса, жеті туристік нысан – Ибрагим Ата, Қарашаш Ана, Мірәлі Баба, Әбділ Әзіз Баб, Хызыр Мұнарасы, Дендросаябақ және Цитадель  туристік төлқұжаттармен қамтамасыз етілді.

Қаладағы сервисті жетілдіру бағытындағы жұмыстар да назар аударуға тұрарлық. Жаңа үлгідегі «4–SMART» санитариялық-гигиеналық тораптар іске қосылды. Олар «Спутник» гүлзары, «Тәуке Хан» даңғылы, Иляев көшесі және «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында орналасқан. Бұл қадам қаланы таза, қауіпсіз әрі қолайлы қалалық ортаға айналдыруға бағытталған.

Шымкенттегі бұл жаңалықтар туристер үшін ыңғайлы инфрақұрылым, сапалы қонақ үйлер мен табиғат аясындағы демалыс ұсынуда. Бұл шаралар қаланың көркеюіне, тұрғындардың тұрмыс сапасының жақсаруына және туристік тартымдылықтың артуына жаңа серпін береді. Келушілер қаланы тек көру үшін ғана емес, толыққанды тәжірибе жинау үшін таңдайтын болады. Осылайша, Шымкент қаласы туризм мен инфрақұрылымды дамытуда белсенді қадам жасап, қалаға тартылатын туристер санын көбейту мен халықаралық деңгейде танымал болу жолында маңызды қадамдар жасап отыр.

Шымкент – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа орталығы
Шымкенттіктерді қандай мерекелік шаралар күтеді?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу