Шымкент – халықаралық ынтымақтастықтың жаңа орталығы
Шымкент қаласы соңғы жылдары халықаралық байланыстарын қарқынды түрде кеңейтіп, әлемдік аренадағы беделін арттырып келеді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылдың алғашқы айларынан бастап сыртқы байланыстарды нығайтуға бағытталған нақты қадамдар жасалып, бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылған.
Сәрсен Абайұлының дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері Шымкентте 26 дипломатиялық кездесу өткізілген. Бұл көрсеткіш қаланың жаңа экономикалық мүмкіндіктерге, мәдени алмасуларға және инвестициялық жобаларға жол ашып отырғанын айғақтайды.
Халықаралық ынтымақтастықтың жарқын мысалы Франциямен серіктестік. Жылдың басты жаңалығы ретінде Францияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен өткен B2B және G2B форматындағы кездесу аталды. Іс-шара нәтижесінде Шымкент қаласы әкімдігі мен Француз Республикасының Қазақстандағы елшілігі 2025–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық пен бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі жол картасына қол қойды. Бұл құжат алдағы үш жылда екі жақты экономикалық, мәдени және білім беру саласындағы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Жол картасы аясында сәуір айында Парижде «Шымкент күндері» ұйымдастырылған. Онда қала тарихы, инвестициялық әлеуеті және туризм мүмкіндіктері таныстырылып, шымкенттік өнерпаздардың қатысуымен мәдени бағдарлама өткізілді. Бұл шара Шымкенттің Еуропадағы имиджін нығайтып қана қоймай, француз инвесторларының қызығушылығын да арттыра түскен.
Сыртқы байланыстардың жаңа белесі ретінде Еуропалық одақпен әріптестікті де ерекше атап өтуге болады. Сәуір айында алғаш рет ЕО-ға мүше 18 елдің елшілері Шымкентке жұмыс сапарымен келіп, өзара ынтымақтастықты кеңейту мәселесін талқылады. Қала басшылығы мегаполистің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, мәдени-гуманитарлық және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.
Мамыр айында Қытаймен іскерлік қатынастар да жаңа деңгейге көтерілді. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі бастаған 12 қытайлық компания өкілдері Шымкентке арнайы келіп, қала экономикасының әлеуетімен танысты. Кездесу барысында өндіріс, логистика және жоғары технологиялар саласында өзара тиімді жобаларды іске асыру мәселесі қаралды. Бұл қытайлық инвесторлардың өңірге деген қызығушылығының айқын көрінісі.
Шымкенттің бауырлас қалалармен байланысы да нығайып келеді. 22–24 мамыр аралығында Қырғыз Республикасының Ош қаласының мэрінің бірінші орынбасары бастаған бизнес делегация Шымкентке ресми сапармен келді. Нәтижесінде Қырғыз Республикасының құрметті консулдығы ашылып, екі қала арасында маңызды меморандумдарға қол қойылды. Бұл қадам сауда айналымын арттыруға және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге жол ашты.
Халықаралық ынтымақтастықтағы тағы бір маңызды оқиға Болгариямен әріптестік орнату. 9 маусымда Болгария Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас жөніндегі келісім жасалды. Бұл құжат туризм, білім беру және мәдениет салаларында өзара тәжірибе алмасуға бағытталған.
Сәрсен Абайұлының айтуынша, мұндай дипломатиялық байланыстар Шымкенттің халықаралық деңгейде танымалдығын арттырып қана қоймай, қала экономикасына да елеулі үлес қосады. Бүгінде Шымкент Орталық Азиядағы маңызды мәдени-экономикалық хабқа айналып келеді. Франциядан Болгарияға, Қытайдан Қырғызстанға дейінгі елдермен орнатылған серіктестік мегаполистің болашағын айқындайтын сенімді қадам саналады.
Халықаралық ынтымақтастықтың осындай қарқыны қалаға жаңа инвестициялар тартуға, туризмді дамытуға және шетелдік әріптестермен ортақ жобаларды жүзеге асыруға берік негіз болып отыр.