Шымкентте туристерге қандай қолайлы қызметтер ұсынылады?
Шымкент Орталық Азиядағ туристік орталықтардың біріне айналып келеді. Қалаға келген қонаққа тек көрікті орындар ғана емес, заманауи сервис пен сапалы қызмет көрсету де толықтай ұсынылуда.
Осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы баяндады. Қала аумағында бүгінде 17 туристік маршрут тұрақты түрде жұмыс істейді. Оның ішінде ең көп сұранысқа ие бағыттардың бірі «Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент» бағыты бойынша төрт күндік саяхат. Бұл маршрут арқылы саяхатшылар бір сапарда-ақ тарихи мұралар мен табиғи әсемдікті тоғыстыра алады.
Биыл 6 мамырында еліміздегі туризм тарихындағы айтулы оқиға болды: «Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шымкент – Алматы» бағытымен жүретін «Jibek Joly» туристік пойызы алғаш рет Шымкентке аялдады. Бұл – өңірдің халықаралық теміржол қатынасындағы мәртебесін арттыра түскен маңызды қадам.
Сонымен қатар, әуе транспортының да дамуы да көңіл көншітерлік. 2024 жылдың желтоқсанында Шымкент қаласының жаңа әуе терминалы іске қосылып, мегаполистің әуе айлағы жаңа тыныс алды. Қазіргі таңда Шымкенттен алты елдің сегіз қаласына тікелей рейстер қатынайды. Олардың қатарында Сиань, Будапешт, Мюнхен, Шанхай, Каир, Сеул, Үрімші және Баку сияқты ірі қалалар бар. Бұл халықаралық туризмді дамытуға үлкен серпін беретін жаңалық.
Шетелдік туристерге ыңғайлы болу үшін 2025 жылға арналған іс-шаралар күнтізбесі үш тілде дайындалып, туристік ұйымдарға, қонақ үйлерге, мейрамханаларға және туроператорларға таратылды. Сонымен бірге ақпарат әлеуметтік желілерде де кеңінен жарияланып отыр.
Шымкентке келген қонақтар үшін Kazakhstan.travel туристік порталына тікелей кіруге мүмкіндік беретін QR-кодтар халықаралық әуежайға, теміржол вокзалына және автовокзалдарға орнатылған. Ал қала мен оның айналасындағы барлық көрнекті орындарды қамтитын Visit-shymkent.com туристік порталы толыққанды қызмет көрсетіп тұр. Бұл сайттан интерактивті карта, «3D-маршруттар» және туристік салаға қатысты барлық мәліметті табуға болады.
Туристердің жолсілтемесін жеңілдету үшін «2ГИС» қосымшасына қаладағы барлық туристік нысандар енгізілді. Сонымен қатар Сайрам тұрғын алабында 4 ақпараттық-навигациялық тақта орнатылып, қонақтардың қала ішінде еркін бағдарлауына жағдай жасалды.
Қаланың басты тарихи орындары да толық цифрландырылды. Олардың қатарында Сейтжан Қари, Бәйдібек би, Қошқар ата, Зоосаябақ, Дендросаябақ, Ибрагим ата және Қарашаш ана кесенелері бар. Әрбір нысанға қатысты толық ақпаратты QR-код арқылы оңай білуге мүмкіндік бар.
Шымкент туризмін шетелде насихаттау да қарқын алуда. Түркістан қаласында туристік ақпараттық киоск ашылса, Алматы, Бұрабай және Өскемен қалаларында «Visit Shymkent» атты туристік бұрыштар іске қосылды. Бұл еліміздің өзге өңірлерінен келетін қонақтарға мегаполистің туристік әлеуетін кеңінен таныстыруға бағытталған тиімді жоба.
Табиғаты көркем, тарихы терең Шымкент бүгінде жаңа туризм дәуірін бастан өткеруде. Инфрақұрылымның жаңаруы, халықаралық қатынастың кеңеюі және заманауи цифрлық сервистердің енгізілуі, мегаполисті шетелдік саяхатшылар үшін қолайлы ете түсті. Шырайлы шаһарға жолы түскен әр мейман осындай өзгерістердің нәтижесін көзбен көріп, Шымкенттің қонақжайлығын сезіне алады.