Шымкенттің жаңа тынысы

Oinet.kz 17-09-2025 30

Шымкент қаласы соңғы жылдары тек өнеркәсіп пен туризм саласында ғана емес, шығармашылық бағытта да қарқынды дамып келеді. 

Screenshot_24.jpg

Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифинг барысында баяндап , креативті индустрия бойынша жаңа деректер мен жоспарларды бөлісті. Оның сөзінше, шығармашылық әлеуетті көтеру мегаполис экономикасының жаңа қозғаушы күшіне айналып отыр.

Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы қаулысымен креативті индустрияға жататын 43 түрлі экономикалық қызмет түрі белгіленген. Соның аясында бүгінде Шымкентте 2 307 креативті кәсіпкер ресми тіркелген. Оның 1 828-і – жеке кәсіпкер, 479-ы – заңды тұлға. Бұл – қаланың шығармашылық кәсіпке деген қызығушылығы жылдан-жылға артып келе жатқанын айқын көрсетеді.

Жергілікті кәсіпкерлердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, ортақ бастамаларды жүзеге асыруы үшін Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан «Креативті индустрия ассоциациясы» құрылды. Қазір оның құрамында 150-ден астам жас дизайнер, фотограф, IT-маман, медиа-контент жасаушы бар. Ассоциация – идеясы бар, бірақ іске асыруға мүмкіндік іздеген жасқа таптырмас алаң.

2025 жылдың 17 мамырында ашылған «Shymkent Creative HUB» – қала үшін үлкен жаңалық болды. Қысқа мерзімде бұл орталық жас таланттардың басын қосып, шығармашылықтың нағыз ордасына айналды. Мұнда шеберлік сағаттары, семинарлар, түрлі көрмелер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бар болғаны бірнеше айдың ішінде 30-ға жуық шеберлік сабағы өтіп, жүздеген жас жаңа білім мен тәжірибе жинақтады.

Туризм мен креативті индустрияны қатар дамыту бағытында да нақты қадамдар жасалуда. Мысалы, маусым айында «Creative HUB»-та контент-мейкерлерге арналған үш күндік мастер-класс өтті. Белгілі видеограф әрі тревел-блогер Әділет Рахметолла жас қатысушыларға сапалы бейнематериал түсірудің қыр-сырын үйретті. 30-дан астам жас маман Шымкенттің туристік көрікті жерлерін насихаттауға арналған бейнероликтер әзірлеп, кәсіби кеңес алды.

19 маусымда қала күні мерекесі аясында «Креативті индустрияны дамыту: адамдар, идеялар және кеңістік» атты республикалық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Бұл жиынға Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас кәсіпкерлер мен сарапшылар қатысып, тәжірибе алмасты. Кездесу барысында креативті экономиканы аймақтарда қалай дамытуға болатыны, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдары талқыланды.

Сәрсен Абайұлының айтуынша, 2025 жылдың басынан бері қалада шығармашылық жәрмеңкелердің өзі 19 рет өткен. Сол арқылы 3 миллион 652 мың теңгенің тауар айналымы жасалып, 1 700-ден аса бұйым сатылған. Бұл  жергілікті шағын бизнеске демеу болып, қала тұрғындары мен қонақтарына отандық брендтерді ұсынуға мүмкіндік берген нақты нәтиже.

Шымкенттің креативті саладағы қарқыны жас таланттардың қанатын кеңге жаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және мегаполистің мәдени-экономикалық беделінің өсуіне жол ашуда. Бүгінде үшінші мегаполис өзінің бай тарихы мен табиғи сұлулығымен қатар, заманауи шығармашылық жобаларымен де ерекшеленіп келеді. Жастар үшін жаңа идеяларын жүзеге асыратын алаң да, тәжірибесін шыңдайтын орта да осында бар.

Әлеуметтік санаттағы азаматтарға 335 грант берілді
Шымкентте туристерге қандай қолайлы қызметтер ұсынылады?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу