Әлеуметтік санаттағы азаматтарға 335 грант берілді
Шымкент қаласының тұрғындарына арналған кезекті жақсы жаңалықпен қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы брифингте бөлісті.
Оның айтуынша, биыл әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында 335 адамға қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Әрбір гранттың көлемі 400 айлық есептік көрсеткішке дейін, яғни 1 миллион 572 мың 800 теңге.
Бұл қаржы азаматтардың өз кәсібін бастауына немесе бұрыннан бар ісін кеңейтуіне үлкен мүмкіндік бермек. Сәрсен Абайұлы атап өткендей, гранттарды бөлу процесі әділ әрі ашық түрде ұйымдастырылған. Өтініштер Enbek.business.kz порталы арқылы қабылданып, әрбір үміткер өз бизнес-жобасын онлайн жүктеген. Кейін олар арнайы құрылған комиссия алдында жобаларын офлайн түрде қорғап шықты.
Қайтарымсыз грантты беру жұмыстары екі кезеңмен жүзеге асқан. Бірінші кезеңде 134 азамат, екінші кезеңде 201 азамат жеңімпаз атанған. Екінші кезеңнің комиссия отырыстары 25 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында өтіп, онда да талапкерлердің әр жобасы мұқият қаралған.
Әлеуметтік осал топтар үшін бұл бастама өз кәсібін ашуға үлкен қолдау. Грантқа ие болғандардың қатарында: көпбалалы отбасылар – 193 адам, еңбекке жарамды, мүгедектігі бар азаматтар – 52 адам, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасылар – 59 адам, асыраушысынан айырылғандар – 22 адам, атаулы әлеуметтік көмек алушылар – 9 адам бар. Бұл сандардың өзі-ақ жобаның нақты мұқтаж жандарға бағытталғанын көрсетеді.
Грант иегерлері ұсынған жобалар да сан алуан. Олардың ішінде қызмет көрсету саласы – 151 жоба, өндіріс саласы – 110 жоба. Өндіріс бағытында ет және сүт өнімдерін өңдеу, тігін цехтары, жиһаз жасау, сусын өндіру, фаст-фуд сияқты жұмыстар қамтылған. Сондай-ақ кондитерлік және нан өнімдері – 38 жоба, жартылай дайын өнімдер – 24 жоба, мал және құс шаруашылығы – 12 жоба бар. Бұл бағыттар қала экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына зор үлес қосатыны сөзсіз.
Сәрсен Абайұлы брифинг барысында мемлекет тарапынан бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына ерекше назар аударылатынын да атап өтті. Қайтарымсыз болғанымен, бұл қаржының әр тиыны есепке алынады. Еңбек мобильділігі орталығында арнайы мониторинг тобы жұмыс істейді. Олар жобалардың орындалу барысын қадағалап, егер қаражат басқа мақсатқа жұмсалса, мемлекетке қайтаруды талап етеді.
Қала әкімінің орынбасарының айтуынша, бұл грант тек жеке табыс табу үшін ғана емес, жалпы қаладағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді. Шымкент қаласында әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау бағытындағы бұл жоба халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған нақты қадам. Грантқа ие болған жүздеген тұрғын өз армандарын іске асырып, шағын бизнесін дамыта алады. Бұл тек жаңа кәсіптің бастамасы ғана емес, сонымен бірге қала экономикасының өркендеуіне қосылған үлес.