Ұрпақ тәрбиесі - ұлттық дәстүрге бастайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында еліміздің дамуына, халқымыздың болашағына тікелей әсер ететін маңызды мәселелерге тоқталып, екі бағытты ерекше атап өтті.
Оның бірі – заң мен әділеттің үстемдігі, екіншісі – мәдениетімізді көтеріп, өркениетті, озық ойлы ұлтқа айналу. Бұл – жүрекке жақын, көңілге қонымды сөздер ғана емес, елдің ертеңін айқындайтын тарихи бағдар.
Мәдениеттілігімізді көтеретін, елдің бірлігі мен ынтымағын арттыратын, жастардың бойында патриоттық сезім ұялатын іс-шара «Отбасы күніне» орай Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» өтті. Тәлім-тәрбиесі зор, жастарға үлгі боларлық шара аясында Шымкенттегі өнегелі әулет мүшелері марапатталды.
Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаеваның айтуынша, қаладағы үлгілі отбасыларды насихаттау, марапаттау жастардың отаншылдық сезімін, жанұялық мейрімін оятады.
– Отбасы – мемлекет пен қоғамның ең басты тірегі. Әр шаңырақта ұлттық дәстүр сақталып, бауырмалдық пен сыйластық орнықса, еліміздегі бірлік пен ынтымақ та нығаяды. Әрбір әулеттің тарихы – ел тарихының бөлшегі. Біз өнегелі отбасыларды дәріптеу арқылы жастарға бағыт-бағдар беруді көздейміз. Ұрпақ тәрбиесі – аналардың ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Бүгінгі марапаттар – соның айғағы, – дейді Гүлжан Сүгірбаева.
Іс-шара аясында алдын ала іріктелген отбасылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мерекелік кеште үздік әулеттердің өмірлік тәжірибесін баяндайтын бейнематериалдар көрсетіліп, өнерпаздар концерттік бағдарламамен қуаныш сыйлады.
«Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясын – қоғамға адал қызмет етіп жүрген, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген Курбанходжаевтар әулеті иеленді. Отбасында қазақтың туын желбіретіп жүрген таеквондошы Дастан Нәжімханов бар. «Күміс кереге» номинациясымен – 25 жыл отасып, ұлттық құндылықтарды дәріптеп келе жатқан Бүркіттер отбасы мен Андар отбасы марапатталды. «Алтын шаңырақ» номинациясының иегері – 50 жылдық ғұмырын бірге өткізген, өнегелі әулет Үсенбековтер отбасы болды.
Әр отбасы өз перзенттерін елге адал қызмет ететін, қоғамға пайдасын тигізетін азамат етіп тәрбиелеп өсірген өнегелі әулет. Олардың өмірлік ұстанымы – әділдік, ізгілік пен еңбекқорлыққа баулу, ұлттық салт-дәстүрді жас ұрпаққа аманаттау. Қоғамдық істерге белсене араласып, берекелі шаңырақтың мәнін паш ету.
Үсембек Өмірбек пен жұбайы Роза Әлімбекқызы жарты ғасырдан астам уақыт бойы ұрпағын ұлттық дәстүрге баулып, ынтымақ пен татулықты сақтап келеді.
– Біз үшін ең үлкен марапат – балаларымыздың адал, еңбекқор болып өсуі. Осындай құрметке ие болғанымыз – сол тәрбиенің жемісі. Құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізу – әр ата-ананың борышы, – деді Өмірбек Үсембек.