Отанды қорғау – әр жастың азаматтық парызы

Oinet.kz 23-09-2025 31

Қазақ та «Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген жақсы сөз бар. Бір әулеттің ғана емес, халықтың ұлы болу – кез келген ер азаматтың арманы. Отан алдындағы борышын өтеп, әскер қатарына қосылу – нағыз азаматтықтың белгісі. 

Screenshot_17.jpg

Қайсарлықтың көрінісі емес пе? Мұны жүрегі қазақ деп соққан әрбір жастың түсінері анық. 

Жақында Шымкент қаласындағы №50120 әскери бөлімінде маңызды іс-шара өтті. Шаһардағы оқу алаңында әскери міндеттілердің қатысуымен салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі және арнайы оқу-жаттығу жиындары басталды. Мұндай жиындар жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рухты дарытып, елге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды іс-шара.  

Бүгінгі күні Шымкент аумақтық қорғаныс бригадасының базасында он күндік арнайы тактикалық оқу-жаттығулар өтіп жатыр. Жиынның басты мақсаты әскери міндеттілердің жауынгерлік қабілетін арттырып, тактикалық машықтарын жетілдіру, Отан қорғауға деген жауапкершілікті күшейту болып отыр. Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі Бақытжан Әшімовтің айтуынша, бұл оқу-жаттығу жиындары 17 қыркүйектен бастап 26 қыркүйекке дейін Ақтас оқу полигонында ұйымдастырылып отыр.  Қазір әскери ант қабылдамаған 56 әскери міндетті антқа қабылдауға келген. Бұл рәсімге олардың ата-аналары, қала және аудан әкімдіктерінің өкілдері қатысып, сарбаздарды құттықтап жатыр. «Әскери міндеттілер оқу полигонында орналасқандықтан, оларға жауынгерлік даярлық сабақтары өтіп жатыр. Атап айтқанда, тактикалық сабақтар, атыс даярлығы және саптық дайындық жүреді. Бұл іс-шара сарбаздардың жауынгерлік қабілетін шыңдауға, Отан қорғау ісіне дайындығын күшейтуге бағытталған. Айта кету керек, бригада құрамына тек Шымкент қаласының тұрғындары тартылып отыр. Өйткені бұл бөлім тікелей қалаға бекітілген, – деп атап өтті ол. 

Жиында бұған дейін әскери ант қабылдамаған 56 әскери міндетті сарбаз Отанға адалдық сертін беріп, ант қабылдады. Бұл тарихи сәтке олардың ата-аналары, сондай-ақ аудан әкімдері мен орынбасарлары арнайы шақырылып, қатысушыларға жүрекжарды тілектерін арнады.

– Биылғы әскери жиындарға қатысушы ретінде өзімнің алған әсерім ерекше. Бұл жиындарға шақырылу мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Жиындар толықтай әскери тәртіпке сай ұйымдастырылған. Барлығы нақты кестемен өтеді. Таңертеңгілік тұру, жаттығулар, саптық дайындық, атыс жаттығулары, бәрі әскердегідей қатаң тәртіппен жүргізіледі. Сабақтарды офицерлік құрам өткізіп жатыр. Бізге қару қолдануды, саптық жүрісті, сондай-ақ ұрыс тактикасын үйретеді. Жалпы алғанда, жиын өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған деп айта аламын. Мұнда келгеніме шын жүректен қуаныштымын әрі мемлекетімізге осындай мүмкіндік бергені үшін зор алғыс айтамын, – дейді жас сарбаз Алексей Булгаков. 

Сондай-ақ ол бүгін өзі үшін айрықша күн болғалы тұрғанын жеткізді. Себебі әскери ант қабылдап, сол сәттен бастап өзі де толыққанды әскери міндетті жауынгер қатарына қосылмақ. Ал бұл – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік екенін өзі де жақсы түсінеді. 

Айдархан Серікбай да Шымкент қаласы бойынша аумақтық әскер қатарына шақырылған жас сарбаз ретінде бұл он күндік жиынның берері мол екеніне көз жеткізгенін айтады. Мұнда теориялық та, практикалық та сабақтар қатар өтіп, әскери қызметтің қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік берген. 

– Әскери дайындық барысында жаңа қабілеттерімізді ашып, жауынгерлік машығымызды жетілдіріп жатырмыз. Ең бастысы, біз Отан алдындағы борышымызды өтеуге дайын екенімізді дәлелдеп отырмыз. Бүгінгі әскери ант қабылдау халқымызға, мемлекетімізге адал қызмет етуге берілген серт екенін жақсы түсінемін. Бұл әр азамат үшін үлкен мектеп әрі елге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды қадам, – деді жас сарбаз.

Ескі қалашық шаһардың негізгі археологиялық орындарының бірі
Ұрпақ тәрбиесі - ұлттық дәстүрге бастайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу