Кітапхана ішіндегі үйірме ұлттық өнердің қозғаушы күші
Ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттауда Шымкент қаласындағы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының қосып отырған үлесі мол.
Мұнда жастарға қазақтың бар болмысын насихаттайтын үйірмелер де жұмыс істейді. Оның бірі «Бәрін білгім келеді» үйірмесі. Бұл үйірмеге қатысып, кітапхана төрінен табылатын отаншыл жастар көп-ақ.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Абусайылқызының айтуынша, бүгінде кітапхана қорында 400 мыңнан астам кітап пен 6546 дана электронды қоры бар. Ал, оқырмандар саны 18600-ды құраса, келушілер саны 128000, кітап берілімі 216000. Мұнда 96 қызметкер еңбек етеді. Рухани шаңырақта оқырмандардың қызығушылығын арттыру мақсатында бірнеше үйірме жұмыс істейді. Сол үйірмелердің аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Мәселен, «Шебер қолдар» үйірмесінде оқырман жастарға «Тоқыма тоқу» тақырыбына арналған шеберлік сағаты ұйымдастырылды.
Кезекті үйірмеде қыздар осы тоқыма тоқу өнерінің қыр-сырмен жақынырақ анысты. Жалпы тоқыма миды ынталандыратын, демалуға және стрессті азайтуға көмектесетін әрекет. Тоқу біздің көңіл-күйімізді көтеріп, қуаныш сыйлай алады.Тоқыма тоқуды көпшілік қарт әжелер мен үй шаруасындағы әйелдердің сүйікті ісі деп біледі. Алайда, тоқыма тоқу барлығына ортақ, кәделі әрі пайдалы іс екенін көпшілік біле бермейді. Күнделікті күйбең тірлік салдарынан адам бойын әлсіздік, көңілсіздік, күйзеліс билейді. Салдарынан түрлі жүйке жүйесі, жүрек қан тамырлары және гипетоникалық аурулар туындауы мүмкін. Бұл дерттердің алдын алу мақсатында дәрігерлер анда-санда тоқыма тоқуға кеңес береді. Тоқыма тоқу жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартады. Артық ойлардан арылтып, көңіл көтереді. Тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс. Ал адам баласы шығармашылық жұмыспен айналысқан кезде, ол бар назарын ісіне аударып, көңілі жай тауып, жаны тынышталады.
Шеберлік сағатын ұйымдастырушылардың айтуынша, қолөнер халық өмірімен, тұрмысымен бірге жетіліп, біте қайнасып келе жатыр. Сан алуан түрлі қолөнер бұйымдар әсемдігі, өрнегі тұрмысқа мән берумен адамдарға рухани ләззат әкелген. Көз салып байыптап қараған адамға бұйымдардағы түрлі-түсті ою-өрнек, оның орналасуы адамзат дүниесінің табиғатпен біте қайнасқан сонау заманнан келе жатқан қарым-қатынасын, көңіл-күйін, жан дүниесіндегі тылсым күштердің бірлігін аңғаруға болады. Қолөнерін шеберлері табиғат сұлулығын өнер туындыларын арқау еткен. Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан қолөнер саласының бірі. Бұл тамаша өнер қазіргі заманда жалғасын тауып, көрші халықтардың өнер шығармашылықтарымен толысып, дамып, әсемдігімен, көркемдігімен көз тартып, эстетикалық талғамда өркендей бермек.
«Тоқу өнері – қазақ халқының ежелден келе жатқан, ең алғаш киімі мен үй жабдығының негізі болған қадірменді өнер. Бұл тамаша өнер қазіргі талап тілектер тұрғысынан жалғастырып, тұрмыспен бірге ұласа дамып, одан сайын жетіліп, адамдарды сұлулыққа, әсемділікке жетелеуде. Адамдардың тұрмыс хәлдері үнемі өрлеуіне сай олардың мәдени тұрмыстық тілектері өсе түсуде. Сондықтан да әр адам киген киімінің қазіргі сән үлгісіне сәйкес бола отырып, қайталанбас әсем ерекшелігін, даралығын таныта білуге тырысады. Міне, осыған орай бізге көмекке келген өнердің бірі – тоқыма. Тоқымамен айналысқанда адам жеке басына аса қажет нәрсені жасау үшін тоқымайды: осы тоқу үстіндегі түрлі түсті бояулар әлемінің үйлесімділігін, алуан түрлі сән үлгілерін таңдап, түрлі тоқу әдістерін меңгеруі адамның талғамын, шеберлігін, ой-өрісін жетілдіріп, көркемдікті сезіну қабілетін дамытады. Соған орай, тоқу өнері басқа да істер сияқты үйренуді, ізденуді қажет етеді. Қазақ қолөнершілері тоқу ісіне көбінесе жүннен иірілген жіптерді пайдаланған» дейді мамандар.
Қорыта айтқанда «Шебердің қолы ортақ» деген мақал ел ішінде бекер айтылмаса керек. Нағыз шеберлікке жету үшін табандылық, іскерлік, талғампаздық, білім қажет. Шығармашылық ізденіс үстіндегі халық шеберлері тұрмысқа қажетті қолөнердің алуан түрлерін ойлап тапты. Тоқыма өнері негізгі ұстанымдарды заман талабына сәйкестендіруді, оның көкейтестігін анықтайды. Оқушы білімін жетілдіріп ақыл-ой санасын дамытуға игі әсер етеді, рухани мәдениетті меңгеруге, адамгершілік және көркемдік тәрбиенің тиімді жолын ашуға жағдай туғызады.