Тарихымыздың сыры құжатталған Архивте
«Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» мекемесінде «Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында танымдық іс-шара өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы аясында архивтің қоғамдағы ролі, адамзат үшін архивтің және архивист маманының маңыздылығы, жас ұрпаққа Шымкент өңірінің тарихын кеңінен таныстырып, оларды патриоттық сезімге баулу мақсатында архивтік құжаттар негізінде көрме ұйымдастырылды.
«Шымкент қалалық мемлекеттік архиві» мекемесі басшысының орынбасары Алтын Кеңесқызының айтуынша, еліміздегі ең алғашқы мұрағаттар 18 ғасырда Бөкей ордасында пайда бола бастаған көрінеді. Ал заманға сай архив жүйесінің бастауында А.Байтұрсынұлы, С.Сейфуллин, М.Жолдыбаев сынды Алаш арыстары тұрды. Бүгінде еліміздегі ұлттық архиві сол тұлғалардың салып кеткен сара жолын жалғастырып, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа дәуіріндегі маңызды құжаттарды тарих толқындары арқылы келешек ұрпаққа аманат ететін қасиетті мекенге айналған. Оның өңірлердегі филиалдары да ел тариқының қорының артуына өз үлестерін қосуда. Соның бірі – Шымкент қаласындағы «Шымкент қалалық мемлекеттік архиві».
«Архив және болашақ ұрпақ» жобасы аясында ұйымдастырылған танымдық іс-шараға колледж және жоғары оқу орнының студенттері қатысып, архивтік құнды құжаттар бойынша жасалынған «Тарихыңды тани біл» атты көрмені тамашалады. Шымкент қалалық мемлекеттік архивінің тыныс-тіршілігіне шолу, архивтік қоймаларға экскурсия өткізілді. Сонымен қоса, цифрландыру жұмыстарының қалай жүзеге асып жатқаны көрсетілді.
Мекеме басшысының орынбасары Алтын Кеңесқызының айтуынша, жыл сайын қыркүйек айында ашық есік күні ұйымдастырылады. Шетелдің мемлекеттік архивтерінен әкелінген Шымкент туралы тарихи құнды құжаттар көпшілік назарына ұсынылады.
– Архив – тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мемлекеттік мекеме. Ол тек шежіре қоймасы ғана емес, әр ұлттың қазынасы іспетті. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Бабаларымыздың өмірі мен олардың ғажап өркениеті жөніндегі көптеген деректі құжаттар әлі де болса ғылыми айналымға түскен жоқ. Олар әлемнің бүкіл архивтерінде өз іздеушісі мен зерттеушісін күтіп жатыр» деп, «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын қолға алған болатын. Расында, аты аталған жоба ұлт тарихын санаға сіңіруде барша қазақстандықтардың бойында ортақ сезім қалыптасуына ықпал етті. Қоғамның бай тарихи шежіресінен сыр шертетін архивтегі әр құжат құнды. Мұндағы әр іс-қағаз өскелең ұрпаққа шашауы шықпаған күйде жеткізіледі. Кез келген адам ата-баба тарихына үңіліп, ол туралы дерекке қанық болады.
Қазақстанда архив қорының жинақталуы 1921 жылы басталған. Демек еліміз туралы теріліп, тігілген мәлімет қанша екенін бажайлай беріңіз, – дейді Алтын Кеңесқызы.
Сондай-ақ, архивке сәулет өнерінің үздігі Асқар Әзімбаев шақырылып, оның өмірбаяны, туындылары, жобалары, еңбек жолы жас ұрпаққа кеңінен насихатталды. Асқар Кебешұлы жас ұрпаққа өнегелі өмір жолынан сыр шертіп, жастарды адал еңбек етуге шақырды.