Ұлттық болмысымызды сахнада жеткізген туынды

Oinet.kz 21-09-2025 29

Шымкент жастар театры құрылғанына көп уақыт болмаса да өз көрерменін жаңа, әсерлі қойылымдарымен баурап алып, жастар рухын көтеруде. 

Screenshot_13.jpg

«Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры» мекемесінен бөлініп шыққан «Шымкент жастар театры» театр өнерін дамытудың креативті идеяларын іздеу арқылы өздерінің шығармашылық әлеуетін көтеріп келеді. 

Жаңадан құрылған ұжым 2025 жылдың қаңтар айынан бастап жұмысын бастаған болатын. Алғашқы кезеңде театрдың арнайы ғимараты болмағанымен, бекітілген жоспарға сәйкес көшпелі қойылымдар ұйымдастырылып, О.Қожамбердиевтің «Ажырық» драмасы, Б. Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» комедиясы және А. Шаяхметтің «Ахмет» реквиемі қала аумағында сахналанды. Бұл қойылымдар 2500-ден астам көрерменнің ықыласына ие болды. Жақында Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония ғимараты театр ұжымының меншігіне беріліп, өнер ордасы драматург Болат Ұзақовтың «Жан дауа» қойылымымен өз шымылдығын ашты. Одан кейін де тамаша туындыларды сахыналады. Ал жуырда Шымкент жастар театры ұлы драматург Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясының премьерасын ұсынды. Бұл театр ұжымы үшін жаңа шығармашылық белес, жас өнер иелері үшін үлкен сын. Бұл жолы да жастар өздеріне берілген образды барынша ашып, сахна құдіретін өз биігінде сезіндіре алды. 

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының талантты түлектерінен құралған жас ұжым бұған дейін «Ах, Диляфруз, Диляфруз», «Бұл – махаббат», «Король Лир», «Жан дауа» сынды төрт бірдей премьераны сахналап, көрермен ықыласына бөленген болатын. Әр қойылымы аншлагпен өтіп келе жатқан театрдың бұл жолғы спектаклі де жиналған жұрттың жүрегін тербеп, Еңлік пен Кебектің қасіретті тағдырын көз жасымен қабылдатты.

Қазақ драматургиясының алтын қазығы саналатын «Еңлік-Кебек» –  халқымыздың рухани тарихы мен ұлттық болмысынан сыр шертетін мәңгілік туынды. Мұхтар Әуезов бар-жоғы жиырма жасында жазған бұл пьесада ел ішіндегі қатал салт-дәстүр, рулық тартыс пен әділетсіздіктің құрбаны болған қос ғашықтың тағдыры суреттеледі. Шынайы махаббат пен ар-намыс үшін күрескен екі жастың оқиғасы тек өткеннің емес, бүгінгі күннің де өзекті мәселесін қозғайды. Қоғамдық тәртіп пен жеке бақыт арасындағы қайшылықты бейнелеген шығармада адам жүрегінің қалауын тұншықтырған көненің қатал заңы айқын көрініс табады. 

Премьерадан кейін Кебек рөлін сомдаған жас әртіс өз әсерімен бөлісті. «Биыл ғана оқуымды тәмамдап, осы театрға келдім. Соған қарамастан бірнеше қойылымда басты рөлді сомдау бақыты бұйырды. Солардың ішінде «Король Лирде» патшаның бейнесін, «Қозы Көрпеш – Баян сұлуда» Қозының рөлін, ал енді «Еңлік-Кебекте» Кебектің образын алып шықтым. Әрбір рөл мен үшін ерекше сезім сыйлады. Әр кейіпкердің жан дүниесін көрерменге жеткізе алдым ба деген ой мені әрдайым толғандырады. Өйткені сахнадағы әр қадам, әрбір сөз актердің жүрегінен шыққан шынайы сезім болуға тиіс», – дейді ол.

Шымкент жастар театрының сахнасындағы жаңа режиссерлік шешімдер мен тың сахналық бейнелер көрерменге айрықша әсер сыйлады. Жас актерлердің шығармашылық ізденісі мен кәсіби шеберлігі тоғысып, ұлттық өнердің жаңа тынысын танытты. Бұл қойылым тек классикалық шығарманы қайта сахналау ғана емес, бүгінгі жастардың өз дәуіріне, өз қоғамына айтар сөзі ретінде көрсетілді. Себебі трагедия арқылы біз ұлттық болмысымызға үңіліп қана қоймай, махаббат пен ар-ождан, әділет пен заман қайшылығы сияқты мәңгілік құндылықтарды қайта ой елегінен өткіземіз. 

Театр – рухани мәдени орда
Тарихымыздың сыры құжатталған Архивте
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу