Театр – рухани мәдени орда

Oinet.kz 21-09-2025 37

Театр – руханият ордасы, тәрбие бесігі. Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры қала тұрғындарына үнемі рухани, мәдени азық сыйлап келеді. 

Screenshot_12.jpg

Жалпы театр репертуары жыл сайын жаңа қойылымдармен жаңғыруда. Көзі қарақты көрермен театрдың әрбір қойылымын ерекше ілтипатпен күтеді.

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры 2008 жылы 4 сәуірде құрылып, содан бергі кезеңде қала тұрғындарының рухани мәдениетін көтеріп келеді. Кешегі күні театрдың XVIII маусымын салтанатты түрде ашылып, театрсүйер қауым көптен күткен мәдени кешке жиналып, өнер ордасының жаңа кезеңіне куә болды. Ашылу рәсімі мерекелік көңіл күймен басталды. Ұжым әртістері көпшілікті ән-жырмен театр босағасынан күтіп алды. Салтанатты ашылудан кейін Джордж Оруэллдің әйгілі «Мал қора» повесі желісімен қойылған «Джонстың фермасы» трагифарсының премьерасы өтті.

Қойылымда мистер Джонстың иелігіндегі фермадағы жануарлардың теңдік пен әділет үшін көтерілісі бейнеленеді. Олар азат қоғам құруды мақсат етеді, алайда уақыт өте келе өздері де билікке ұмтылып, ескі қателіктерді қайталай бастайды. Осы арқылы спектакль адамзат қоғамындағы қайшылықтарды, биліктің табиғатын және оның бұзылу жолын әшкерелейді.

Бұл кеште театр сахнасында Ұмсынай Базарбаева, Нұржан Құлшынбаев сынды танымал әртістердің өнері көрерменнің ықыласына бөленді. Олар кейіпкерлердің мінезін шынайы жеткізіп, көрерменді бірде күлдіріп, бірде ойға қалдырды. Қойылымды сахналаған – театрдың қоюшы режиссері Саламат Мырзатаев. Ол классикалық туындыны қазақы сахнаға лайықтап, заманауи қырынан көрсетуге ерекше мән берген. Әзіл мен мысқылды қатар өрбіткен трагифарс көрерменді терең ойға жетеледі.

– Театр-рухани байлықтың қайнар көзі. Қазақ тарихында «театр» ұғымы болмаса, қазақ өнерінің белгілі бір деңгейде даму жолы қиынға түсер еді. Ерекше сағынышпен, асқан махаббаттарымен театрдың әр қойылымын асыға күтетін қадірлі көрермендерді көргенде көзіміз тоятыны рас. Осындай өнер сүйер қауым үшін театр ұжымы да барын салады. Ал киелі сахнада қазақтың туындыларын қою жеңіл болса, шетелдік шығармалардың рухы мен астарлы ойын жеткізу оңай іс емес. Біріншіден, оларда талқыланатын тақырыптар басқа, себебі олардың өмір сүру салты мен мәдениеті бізден бөлек. Сондықтан мен қойылымды өз менталитетімізге барынша жақындатуға тырысамыз. Қойылымда басты рөлдерде ойнаған әртістер өздері сомдаған кейіпкерлерді жақсы алып шықты, – дейді қоюшы режиссер Саламат Мырзатаев.

Жалпы театр ұжымының қойылымы көрермен көңілінен шықты. Сахнадағы шиеленіс бір сәтте-ақ шынайы күлкі мен қуанышқа ұласып, көрермен залы шаттыққа бөленді. Қойылым соңында зал ұзақ уақыт бойы қол соғып, шығармашылық ұжымға қошемет көрсетті. Бұл – театр өнерінің көрермен жүрегіне жол тапқанының айғағы. Қалай десек те, «Джонстың фермасы» – күлдіре отырып жылататын, ойландыра отырып тәрбиелейтін туынды. Жаңа маусымның алғашқы қадамы сәтті өтті. Алда театрды шығармашылық ізденістер мен көрерменін тамсандыратын қойылымдар машақаты күтіп тұр.

Таза қоғам – таза ортадан басталады
Ұлттық болмысымызды сахнада жеткізген туынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу