Таза қоғам – таза ортадан басталады
Шымкент қаласында «Дүниежүзілік тазалық күні» аясында кең ауқымды экологиялық акция өтті. Бұл бастама қоршаған ортаны қоқыстан тазарту, тұрғындардың экологиялық мәдениетін, рухани сауаттылығын қалыптастыру және табиғатты аялауға бағытталған.
Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік тазалық күніне орай «Шымкент – таза қала» атты кең ауқымды акция өтті. Іс-шара аясында Маятас елді мекенінде 200-ге жуық белсенді жас тазалық жұмыстарын жүргізіп, қоқыс жинауға атсалысты.
Жалпықалалық сенбілік барысында тек қоқыс жинаумен ғана шектелмей, ағаштарды санитарлық кесу, шөп шабу, көгалдандыру, бояу, аула мен көшелерді жуу, абаттандыру және жөндеу жұмыстары да атқарылды. Жалпы, қаланың барлық аудандарында өткізілген сенбілікке он мыңдаған адам қатысып, жүздеген тонна қоқыс шығарылды. Тазалықты сақтау – әрбір азаматтың міндеті екенін қала тұрғындары нақты іспен дәлелдеді.
Қала аумағында өткен жалпықалалық сенбілікке мыңдаған қала тұрғындары, жастар, еріктілер, мемлекеттік мекемелер, түрлі ұйымдар мен білім беру орындары атсалысты. Тазалық жұмыстары қала аумағының барлық бөлігінде ұйымдастырылып, таңертең ерте басталды. Атап айтқанда, Жангелдин көшесі №32-34, Конституция өткелі және Отырар шағын ауданындағы 58 және 58/1 үйлер аумағынан бастау алған сенбілікке аумақ тұрғындары мен мекеме ұжымдары белсенді қатысты.
Ал Әл-Фараби ауданында «Таза Қазақстан» акциясына 937 адам мен 14 арнайы техника жұмылдырылды. Аудан тұрғындарының күшімен 22,2 тонна күл-қоқыс шығарылды. Ағаш бұтақтары кесіліп, қураған шөптер оталды. Көшелер мен қоқыс алаңдары күл-қоқыстан тазартылды.
Сондай-ақ Еңбекші ауданында ұйымдастырылған сенбілікке де аудан тұрғындары белсене қатысты. Жалпы мұнда сенбілікке 11792 адам шығып, азаматтық танытты. Ауқымды тазалық жұмысына үлкен-кіші 66 техника қатыстырылды. Сөйтіп аудан аумағында 58 тонна тұрмыстық қалдық жиналып, арнайы полигонға шығарылды. Сенбілік аясында әлеуметтік нысандарды, өндірістік аймақтар мен барлық мекемелердің айналасы абаттандырылды.
Ал енді Қаратау ауданында ұйымдастырылған шараға 968 адам қатысып, 18 техника жұмылдырылды. Тұрғындардың күшімен жалпы 32,9 тонна күл-қоқыс шығарылды. Тұран ауданы бойынша айтар болсақ, мұндағы сенбілікке 13957 адам қатысты. Оның 1000-нан астамы студент. Олар 115 әлеуметтік нысан мен 212 кәсіпкерлік орталықтың маңайын абаттандырды. Жалпы сенбілікке 54 техника жұмылдырылып, 60 тонна күл-қоқыс тазартылды.
Шымкент қаласы әкімдігі экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыра бермек. Сонымен қатар, қала билігі барлық тұрғындарды, еріктілерді, кәсіпкерлер мен ұйымдарды туған қаланың тазалығы үшін бірлесе әрекет етуге шақырады.