Туған жерге деген құрмет, отанға деген сүйіспеншілік мектеп қабырғасынан қалыптасады

Oinet.kz 27-09-2025 55

Шымкент қаласындағы білім мекемелерінде «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында тағылымы мол сынып сағаты өтті. Мазмұны терең бұл сабақ жас ұрпақтың тек сыртқы тазалыққа емес, рухани тазалыққа да мән беруіне бағытталды. 

Screenshot_10.jpg

Бұл іс-шараның мақсаты – жасөспірімдер арасында экологиялық сауаттылықты арттыру және қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілікті қалыптастыру, туған жерге, отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту.

Шымкент қаласындағы №135 жалпы орта мектептің 4 «б» сынып оқушылары «Таза қала, таза аула, таза үй» тақырыбындағы ашық тәрбие сабағында белсенділік танытып, таным көкжиегін кеңейтті. Сынып жетекшісі Салтанат Салыбекқызы тәрбие сағаты барысында қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялаудың маңыздылығына тоқталды. Оқушылар да таза қала, таза аула және таза үй тақырыптары бойынша үш топқа бөлініп, мұғалімнің сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ, сабақ барысында гүл егу, қоқыстарды сұрыптау бойынша іс-тәжірибе және тазалықты сақтауда арнайы қойылым көрсетілді.

Жалпы, қалада эко сананы қалыптастыру бағытында тағылымды іс-шаралар өткізілуде. Мектептер мен жоғары оқу орындарында арнайы экологиялық семинар, тренингтер, ашық сабақтар және эко экскурсиялар тұрақты ұйымдастырылуда. Жалпықалалық сенбіліктерде де тұрғындар тазалыққа үлес қосып, өзінің тұрғылықты жерін таза ұстауға дағдыланып келеді. 

Сондай-ақ мұндай мұндай мазмұны терең сабақ Ө.А.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінде де өтті. Жақында ғана күрделі жөндеуден өткен мектеп маңы жасыл желекке оранып, көз тартар көрініске айналып келеді. Бұл – ұстаздар мен оқушылардың бірлескен еңбегінің жемісі.

– Балалардың бойына тазалықты сіңіру – ең алдымен тәрбие мен еңбекке негізделеді. Тазалық бар жерде тәртіп бар. Біз күнделікті бала бойына осы қасиетті сіңіруге үлес қосып келеміз. Бала бойына осы еңбегімізбен ізгілік қасиет еге алсақ, еңбегіміздің ақталғаны, – дейді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Насиба Дусметова.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы ел көлемінде қолға алынып жатқан маңызды бастама. Еліміздің болашағы саналатын жасөспірімдердің осы бастаманы қолдап, оны іс жүзінде жүзеге асырып отырғаны қуантарлық жайт. Өйткені, таза орта мен таза оймен ғана жарқын болашақтың іргесі қаланады.

Жас буынның бойына табиғатты қорғау, қоршаған ортаны аялау, күнделікті өмірде тазалықты сақтау дағдыларын қалыптастыру мақсатында Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында да ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды. Сабақ барысында бастауыш сынып оқушылары бірнеше топқа бөлініп, «Таза Қазақстан», «Таза аула», «Таза қала», «Таза үй» секілді тақырыптар бойынша жұмыс істеді. Әр топ өздеріне берілген тақырыпты шығармашылық тұрғыда ашып, қолөнер бұйымдары мен макеттер дайындады. Бұл жұмыстар арқылы олар табиғатты қорғау, тұрмыстағы қалдықтарды азайту, аула мен қала тазалығын сақтау бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында оқушылар арасында қоршаған ортаға қатысты нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді айту жарысы ұйымдастырылды. Әр бала өзі таңдаған немесе арнайы берілген мақалдың мәнін ашып, оны күнделікті өмірдегі жағдайлармен байланыстыра білді. Сондай-ақ, экологиялық мазмұндағы ситуациялық сұрақтарға жауап беру арқылы дұрыс шешім қабылдауды үйренді.

Сынып жетекшісі Альмира Медетқызының айтуынша, балалар мұндай шараларға ерекше қызығушылықпен қатысады. «Оқушылардың белсенділігі өте жоғары. Әрқайсысы өз ойларын еркін жеткізіп, экологияға қатысты ұсыныстарын айтты. Мұндай сабақтар жиі өткізіліп тұрса, олардың табиғатқа деген жауапкершілігі арта түседі», – дейді ол.

Қазіргі таңда Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында 3400-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы жас буынды тек білім беріп қана қоймай, экологиялық мәдениеті жоғары, туған жеріне жанашыр азамат етіп тәрбиелеуді мақсат етеді.

Қошқар ата тарихы тереңнен сыр шертеді
Таза қоғам – таза ортадан басталады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу