Туристерді қызықтырған Қараханидттер моншасы, Сайрам қақпасы мен Шахристан қорғаны

Oinet.kz 22-09-2025 37

Шымкент қаласының тарихи, архитектуралық, мәдени орындарына жыл сайын 100-ге жуық туристік компания саяхат ұйымдастырып келеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері мегаполистің таңғажайып орындарын көруге 243 мыңнан аса турист келген. 

Screenshot_15.jpg

Оның басым бөлігі – ішкі туристер болса, 18 мыңға жуық шетелдік азамат тамашалаған. Қаладағы орналастыру орындарының саны 159-ға жетіп, төсек-орын қоры 34 пайызға артқан. Қызмет көрсету көлемі өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға өсіп, 6,3 миллиард теңгеден асып отыр. 

Сондай-ақ Шымкент қаласында Туризмді дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Соңғы бір жылда 7 жаңа қонақ үй ашылып, тағы төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Жалпы 14,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, 240 тұрақты жұмыс орны құрылуда. Бұған қоса, халықаралық деңгейдегі «Hilton» қонақ үйінің құрылысы басталып, 2026 жылы ашылады деп жоспарлануда. Табиғи аймақтарды тиімді пайдалану мақсатында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы қолға алынды. Туристік инфрақұрылымды жақсарту үшін 17 бағыт бойынша маршруттар қызмет көрсетуде. 

Бір атап өтерлігі, туристердің қызыға тамашалайтын орындарының қатарында Қараханидттер базарындағы монша орны, ежелгі Сайрам қақпасы, аңыз желісі бойынша Арыстанбаптың Ахмед Ясауиге құрма берген орны мен Шахристан қорғаны қабырғалары бар. Археологтардың айтуынша, Қарахан дәуіріндегі моншаның орны Х ғасырда тұрғызылған. Ежелгі Сайрам қаласының тіршілігінен дерек беретін тарихи қабат 5 метр тереңдікте жатыр. 2013 жылы археологиялық қазба жұмысы жүргенімен әлі күнге жабық. Өйткені үстіне базар салынып кеткен. Тарихи жәдігерді шеттен келген саяхатшылар тұрмақ, жергілікті жұрттың өзі біле қоймайды. Бірақ ол орын шетелдіктерді қатты қызықтыруда.

Қазақстанның оңтүстік-шығыс және оңтүстік аудандарын мекендеген қарахандықтар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты. Мал шаруашылығында жылқы өсіру жетекші орын алды. Қарахан мемлекетінің құрамына енген түркі тайпалары отар-отар қой ұстады, сондай-ақ түйе, ешкі, ірі қара өсірді. Отырықшы, жартылай отырықшы түрік тайпаларының біразы егіншілікпен де айналысты. Олар тары және басқа да дәнді дақылдар өсірді, отырықшылар қала мәдениетімен араласып, қала халқын толықтырды. Қалаларда қолөнер кәсібі, әсіресе көзешілік кеңінен дамыды. Олар аңшылықпен де айналысқан. Сондай-ақ Сырдария, Іле мен Шу, Талас өзендерінен балық аулау айтарлықтай рөл атқарды.

Тарихшы археолог Азамат Ергешбековтың айтуынша, Қараханидттер базарындағы монша орнынан табылған су құбырлары, канализация және ыдыстар бұл жердің монша болғанының дәлелдейді. Мұндағы формасы бөлек ыдыстарға жуынуға арналған сұйықтар құйылған. Сондай-ақ табылған ыдыстардың көбі су құятын ыдыстар. Жалпы көне Сайрам қалашығы 9 ғасырдың ішінде 13 рет шабуылға ұшырап ойрандалған. Ең соңғысы жоңғар шапқыншылығында. Сол кезеңге дейін шаһарды жаудан қорғап келген шаһристан қорғанының біраз бөлігі әлі күнге дейін сақталып тұр. Биіктігі 8-10 метр болатын қоршау қабырғалардың үстімен атарба еркін жүріп тұрған. Жоңғарлар үш жыл қатарынан шабуылдап, соңғысында іштегі сатқынның көмегімен шаһарды әрең басып алған екен.

Жалпы Қарахан әулетінің негізін салушы Сатұқ Боғрахан (915–955 жж.) болып есептелінеді. Ол Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадыр ханның немересі. Сатұқ Тараз және Қашғар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Мемлекеттің күшеюіне қарлұқ, шігіл, ягма тайпалары үлкен үлес қосты. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшті, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Оның астанасы Қашғар болды. Сатұқтың екінші баласы Сүлеймен-ілек Баласағұнды иеленді. Кейін бұл өңірді оның ұлы Хасан Боғра-хан мұра етіп алды. Мұса өлген соң, Қарахан жеріндегі жоғарғы қаған атағы оның баласы Әли Арслан ханға көшті. 990 жылы Қарахан билеушілерінің бірі Хасан (Харун) Боғра хан Испиджабты бағындырды. Ал 992 жылы қарахандықтар шығыста Хотанды, батыста Бұхараны басып алды. 999 жылы Қарахан билеушісі Әли Арсланның баласы Насыр Орта Азиядағы Саманилер мемлекетіне соққы берді. Қарахан хандығы ұзақ соғыстардан кейін 1004–1005 жылдары Мәуеренахр жерін түгелдей өзіне қаратты. Осыдан кейін Қарахан мемлекеті XI-ғасырдың 30 жылдары Шығыс және Батыс қағанаты болып екіге бөлінді: Жетісу және Шығыс Түркістан жері Шығыс қағанатына қарап, оның орталығы әуелі Орда (Баласағұнға жақын), кейін Қашғар қаласы болды. Мәуеренахр жерлері — Батыс қағанатына қарап, оның орталығы Үзкент, кейінірек Самарқан болды.

Қарахан мемлекетінде жоғарғы өкімет билігі хаканның қолында болған. Ол мұрагерлікке қалып отырған. Қарахан феодалдық қоғамының үстем тап өкілдеріне хаканның ұрпақтары тегіндер, ілек хандар, бектер, нәменгерлер, нөкерлер жатқан. Ханға ең жақын адамдардың бірі уәзір болған. Уәзір жоғарғы билеушінің ең жақын көмекшісі және кеңесшісі болып саналды. Хан сарайы, оның басты ордасы мемлекеттік және әкімшілік басқару орталығы болып есептелді. Қарахан мемлекетіндегі аса маңызды әлеуметтік-саяси институт әскери-мұралық жүйе болған. Мемлекет бірнеше үлестерге бөлінді. Олардың бастылары: Тараз, Испиджаб, Баласағұн. Хан мемлекеттік немесе әскери қызметі үшін феодалдарға жер беріп, сол жердегі халықтан салық жинауға рұқсат еткен. Мұндай жерлер икта, ал оны иеленуші араб терминімен муқта немесе иқтадар (парсы термині) деп аталған. Қарахандардағы жер иеленудің тағы бір көп тараған түрі әскери – үлестік жерлер. Ол әскери қызмет үшін берілген. Қарахан феодалдық қоғамында шаруаларды қанаудың бір түрі – жаллға үлестік жер беру орын алған. Араб-парсы деректерінде үлестік жер алған шаруалар мұзарлар немесе барзұгар деп аталған. Үлескер жерден алынған өнімнің денін салық түрінде мемлекетке және жер иелеріне төлеп отырған. Шаруаларды қанаудың екінші бір түрі — коммендация жер иелігі. Оның мәні: әлсіз адам өзінің жер телімін күштінің қамқорлығына береді, ол күшті адам әлсіз адамды басқалардан қорғауға тиіс.

XI ғасырдың аяғына қарай Қарахан мемлекеті соғыстармен және феодалдық иеліктердің одан әрі бөлшектенуімен байланысты құлдырай түсті. XII ғасырдың 30-шы жылдары Шығыс Қарахан иелігін, Жетісуды және Қазақстанның оңтүстігін шығыстан келген кидандар жаулап алды.

Тарихшы Мірәлім Мірқалдаровтың айтуынша, көне қаланың әрбір қақпасының қасында күзет мұнаралары болған. Себебі қаланың орталығында бүкіл байлық, барлық мәліметтер, патшаның ордалары, негізгі мәліметтер сақталған. «Арыстанбап әулиенің пайғамбардан алған құрманы Ахмет Ясауиге беру үшін 400 жыл сақтағаны туралы аңыз ел арасына кеңінен тараған. Аманат тура осы хан көпірінің үстінде табысталған деседі. Қазір бұл жерде жалғыз тақтайшадан өзге белгі жоқ» дейді ол. 

Жалпы жыл санап Шымкент қаласының тарихынмен таысуға келетіндер үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастыру қалыпты жағдайға айналуда. Бұл да туристердің санының артуына өз септігін тигізуде. Көше тағамдары фестивальдері мен dronе-show секілді имидждік іс-шаралар Шымкентті туристер үшін тартымды ете түсуде. Бұған қоса, этноауылды жаңғырту, гастрономиялық аллея ашу және Бадам су қоймасы аумағын туристік дестинацияға айналдыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Тарихымыздың сыры құжатталған Архивте
Ескі қалашық шаһардың негізгі археологиялық орындарының бірі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу