Тоғызқұмалақ – тек спорт емес ұлттық ойын
Қазақ халқының ұлттық ойындары жетіп артылады. Олардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері де бар. Соның ішінде тоғыз құмалақтың орны ерекше.
Тоғызқұмалақ-қазақтың ұлттық ойыны. Бұл ойынды «Қойшылар алгебрасы» деп те атайды. Себебі тоғызқұмалақты алғашында өрісте қойларын жусатып жіберген қойшылар ойнайтын болған. Жерден ұяшұңқырлар қазылып, құмалақпен ойналған бұл ойын қазір он сегіз отаудан және екі қазаннан тұратын арнайы тақтада жүз алпыс екі таспен ойналады. Тоғызқұмалақ ойыны – тақ сандар мен жұп сандардың өзара тартысы. Бұл ойын Шымкент қаласында да жақсы дамып келеді. Оған жуырда Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қолдауымен ерекше жастарға арналған тоғызқұмалақтан өткен ауқымды мәдени-әлеуметтік іс-шара дәлел бола алады.
Екі күнге созылатын бұл жобаға мүмкіндігі шектеулі жас спортшылар, қолөнер шеберлері мен өнерпаздар қатысып, өздерінің өнері мен қабілетін көпшілікке паш етеді. Жастар шахмат және қазақтың ұлттық ойыны тоғызқұмалақтан бақ сынасты. Додаға 28 жас қатысты, олардың ішінде республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шеберлер де бар. Әсіресе, тоғызқұмалаққа түскен 18 ойыншының әр жүрісі терең ойды, табандылықты талап етті. Бұл сында спорт шебері Айтбаева Айсұлу, жас спортшы Ергешбай Қайсар секілді тәжірибелі ойыншылар да болды.
Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, оның пайда болу мерзімі төрт мың жыл шамасын қамтиды екен. Жас ұрпақтың дене шынықтыру тәрбиесімен қатар, ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген бабаларымыз тоғызқұмалақты ойлап тауып, оны зияткерлікті дамыту құралы ретінде қолданған. Бүгінгі күні ұлттық ойынның бұл түрі де жанданып келеді. Деректерге сүйенсек, республика бойынша бұл ойынмен шұғылданушылардың саны жүз мыңға жақындайды екен. Оған халықаралық деңгейде де қызығушылық артып келеді. Мәселен, бұл ойынға шет елдегі қазақтар ғана емес, Англия, Германия, Испания, Ресей, АҚШ сияқты мемлекеттер халқы да қызығушылық танытуда.
Шымкент қаласының №19 мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Қаламқас Алдажұманованың айтуынша, қазақ халқының көне мұрасы саналатын тоғызқұмалақ – жай ғана ойын емес, ақыл мен логиканың биік мектебі. Ғалымдардың айтуынша, бұл зияткерлік ойын адам миының жұмысын жетілдіріп, ойлау қабілетін шыңдайды. Әрбір жүрісті дұрыс есептеп, қарсыласын алдын ала ойлау – жас спортшыларды сабырлыққа, шешім қабылдаудағы жылдамдыққа баулиды.
Бүгінгі ерекше жандардың бұл ойынды меңгеруі, шеберлікпен ойнауы таң қалдырды. Жастар ұлттық құндылықты сақтап қана қоймай, оны халықаралық аренада танытуға да атсалысарлары анық.
– Тоғызқұмалақ – тек спорт емес. Бұл ойын жастарды есепке, сабырға, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Бүгінгі жарыста мүмкіндігі шектеулі жас спортшылардың қайсарлығын, ойлау қабілетін көріп қуанып отырмын. Олардың әрбір жүрісі – табандылықтың көрінісі. Осындай іс-шаралар арқылы жастарымыздың бойындағы талантты ашып, қоғамға бейімдеуге мүмкіндік туады. Бастысы – олар өзіне сеніп, алдағы үлкен жетістіктерге ұмтылуы тиіс, – дейді Қаламқас Алдажұманова.
Сонымен қатар, барлық қатысушылар кубоктармен, медальдармен, алғыс хаттармен және гүл шоқтарымен марапатталды. Бұл бастама – мүмкіндігі шектеулі жастардың әлеуетін ашып, қоғамға бейімделуіне бағытталған маңызды қадам. Олар спортта да, өнерде де биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді. Шара жүректерді жақындастырып, мейірім мен сенімге толы орта қалыптастыратыны анық.