Тіл – ұлттық ұлы қазынасы

Oinet.kz 26-09-2025 45

Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан баға жетпес асыл мұрасы. Сондықтан ана тіліміздің қасиеті туралы қанша айтсақ та артық болмайды.

Screenshot_7.jpg

Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» – деген. Демек, қай салада қызмет етсек те, қандай тілді үйренсек те біздің басты байлығымыз қазақ тілі болмақ. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында Шымкент қаласы, Абай ауданына қарасты Көкбұлақ ауылында «Тіл – ұлт ғұмыры» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Бұл айтулы іс-шара Көкбұлақ ауылдық мәдениет үйінде өтті. Бұрынғы ескі ғимараттың орнына еңселі, сәулеті келіскен, екі қабатты мәдениет шаңырағы көтеріліп, пайдалануға берілгеніне небәрі бір жыл болғанымен, қазірдің өзінде ол ауыл руханиятының жүрегіне айналып үлгерген. «Ашылғанына бір жыл толса да, ауыл тұрғындарының рухани ұлттық мәдениетін дамыту мақсатында халықпен бірге түрлі іс-шаралар ұйымдастырып келеміз» дейді мәдениет үйінің директоры, белгілі айтыскер ақын Карима Оралова. 

Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес. Ол – халықтың ойлау жүйесі, дүниетанымы, ата-баба рухының айнасы. Әрбір сөздің ар жағында ғасырлар ізі, елдің тарихы мен тағдыры жатыр. Сондықтан тілге деген құрмет – болашаққа деген құрмет екені даусыз. 

Кеш барысында тілдің тағдыры, оның мемлекет өміріндегі орны мен ұлт болашағындағы рөлі кеңінен сөз болды. Журналист Айгүл Мамыт, №118 «Көкбұлақ» жалпы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжанат Қожамұрат, Мәдениет үйінің басшысы Карима Оралова және Базаркүл Қалбыр өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Тіл туралы сөз қозғалғанда Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі ерекше еске алынуы тиіс. Бұрын тілдер күні 1998 жылғы 22 қыркүйекте аталып өтсе, араға 19 жыл салып, яғни, 2017 жылы  5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның негізгі себебі: бар өмірін қазақ халқының тағдыры мен тіліне арнаған, Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне байланысты өзгертілді.

Ол – қазақ әліпбиінің негізін жасап, «Тіл-құрал» атты оқулығын жазып, ана тіліміздегі ғылым тілін қалыптастырған тұлға. «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп, тіл мен ұлтты біртұтас қарастырған ойшылдың осы сөзі бүгін де өзекті. Байтұрсынұлының бар ғұмыры – қазақтың тілін сақтау мен өркендетуге арналды. Бүгінгі тілдер күні соның заңды жалғасы екені даусыз. 

Жас ұрпақтың өнері кештің көркін аша түсті. Қарақат Сапарбек, Қазына Сенхан, Бағым Райым сынды мектеп оқушылары ақындардың тіл жайлы жырларын жүрекпен оқып, тыңдарманды сүйсіндірді. Ал «Қазына» әжелер ансамблі мен жас өнерпаздар әсем әндерімен мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сөйтіп «Тіл – ұлт ғұмыры» атты басқосу мерекелік сипаттағы жиыннан гөрі, ұрпақ санасына тілді сүюдің, оны қорғаудың маңызын сіңірген рухани сабаққа айналды. 

Тоғызқұмалақ – тек спорт емес ұлттық ойын
Қазақтың қасиетті үш төбесінің бірі Шымкентте
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу