Қазақтың қасиетті үш төбесінің бірі Шымкентте

Oinet.kz 27-09-2025 55

Шымкент пен Сайрам қалалары тарихтың әр қилы кезеңдерінде бір-бірімен тығыз байланыста өмір сүрген қалалар. Сонымен бірге бұл екеуі алма-кезек өңірдегі жетекші қалаға айналып отырған. 

Screenshot_8.jpg

Мәселен, көне дәуірлерде Шымкент Сайрамсу, Бадам өзені аңғарларындағы ірі қала атанса, ортағасырларда Сайрам басты шаһарға айналған. Өз тарихында 2013 жылы қос қала алғаш рет бір мегаполистің аумағына біріктірілді. Бұл Шымкенттің туристік әлеуетіне үлкен серпін берді.

Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, Шымкент қаласы аумағында бүгінде 110 туристік нысан бар. Оның ішінде 7 тарихи нысан республикалық маңызы бар «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына енген. Осындай тарихи әрі туристік нысанның бірі – Мәртөбе кешені. Ерекше кешен Шымкент қаласындағы Сайрам тұрғын алабы мен Қарамұрт ауылының аралығында орналасқан. Жазба деректерге қарағанда, Мәртөбе өз заманында билеушілердің ордасы болған. Қалашықтың орны ҮІІ-ХІІ ғасырларға тән. Биіктігі 6-7 метрді құрайды. Мәртөбені көбіне «Дала Парламенті» деп те атайды.

Қазақ даласында ертеден «Дала Парламенті» құрылып, заң шығарушы орган ретінде қызмет атқарды. Оған дәлел қазақтың үш төбесі. Күнде жиын тарқамаған, келелі кеңес өткен – Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе. Бұлар – көшпелі қазақ қоғамының тұтастығына ант беріп, ауыз біріктірген, мемлекеттің күрделі мәселесіне шешім тауып, береке-бірлікке үндеу жариялаған, қазақ тарихындағы ұлы жиындар өткен мекендер. 

«Күлтөбенің басындағы жиын XVII-XVIII ғасырларда өткен. «Күнде жиын өткен Күлтөбе – Ангрен өзенінің сол жағалауындағы Ташкент қаласынан қырық шақырым жерде орналасқан», – дейді алаш қайраткері М. Тынышпаев өз зерттеулерінде. Күлтөбенің гүлденген дәуірі қазақ ханы Әз Тәукенің тұсы. Қазіргі Қарақорым жеріндегі Күлтөбе – сол уақытта елдіктің ерең қызметін атқарып, «Жеті Жарғы» заңнамалық құжаттың жасалуына түркі болған қасиетті төбе. 

Ал Ордабасы төбесі де Түркістан облысында орналасқан. Қазақ хандығы дәуiрiнде аса маңызды мемлекеттiк мәселелер халық өкiлдерiнiң жиындарында шешiлiп отырған. Олардың бiзге жеткен ең жарқын үлгiлерiнiң бiрi – 1726 жылғы Ордабасы биiгiндегi қазақтың үш жүзiнiң өкiлдерiнiң бас қосуы. Бұл аса жоғары дәрежедегi өкiлдi жиын болған-тын. Ордабасы атауының бүгінгі қазақ сөздігінде жиі ұшырасуы содан. 

Мәртөбе – қазіргі үшінші мегополис атанған Шымкент қаласының аумағына қосылған Сайрам ауданындағы ауылдың аты. Осы ауылдың іргесіндегі жота кезінде қазақ халқының тағдырына қатысты талай мәселеге шешім тапқан мекен болды. XVIII ғасырдың II жартысында елдің ішкі саяси өміріне қатысты мәселелерді шешу үшін Мәртөбе жотасына үш жүздің игі жақсылары жыл сайын мәслихатқа жиналып отырған. Онда ел тыныштығын сақтау, жаудан қорғану, көші-қон тәртібі, қоныстарды бөлу, реттеу, тайпа, ру араларындағы дауларды бітістіру мәселелері қаралып, талқыланған. 

 Мәртөбе көктемгі кезде бүкіл төңірек кілемдей құлпырып тұратын жазықтау жерге орналасқан. Бір қарағанда, қолдан жасалған ұзын төбе шығыстан батысқа қарай үйілген сияқты. Бірақ анықтап қарасаңыз олай емес, сәл оңтүстіктен батысқа, құбылаға қарай бұрылған. Мәртөбе кездесуі тек көшіп-қону мәселесімен ғана айналысты десек жаңсақтық болар еді. Өйткені мұнда ең басты мәселе қазақ халқының сыртқы жағдайы, көрші елдердің шапқыншылығынан қорғану, олармен бейбіт қатынас орнату басты мәселе болды. Өйткені қазақ халқының бүкіл тағдыры осыған байланысты еді. Бұл кездесулерде сондай-ақ үш жүз, тайпа, рулар арасындағы орын алған даулар да шешілді. Ішкі жағдайды жақсарту, дау-дамайларға жол бермеу күш біріктіру жайы айтылды. 

Шымкент қаласы үшін Мәртөбе кешені бүгінгі таңда танымал туристік бағыттардың бірі болып отыр. Бір жылда Сайрам тұрғын алабындағы тарихи нысандарды тамашалауға 70 мыңдай турист келеді. 

Жалпы қазақ жерінде ұлы жиындар өткен, маңызды шешімдер қабылданған жерлер, оның ішінде тарихи төбелер аз емес. Ұлы хандар жерленген – Ұлытау, орда тіккен – Кішітау, хан жайлаған – Қаратау, Хантау. Жәнібек пен Керей хандардың қазақ тайпаларының басын қосып, Қазақ хандығының туын тіккен әйгілі – Қозыбасы. Жоңғар басқыншыларына қарсы қазақ жасақтарының басын қосқан, бірліктің символы саналатын Ордабасы тауы. Тарихшылардың айтуынша қазақ жерінде төбелер көп, бірақ Мәртөбе – жалғыз. Дәл осы Мәртөбеде үш би – Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би – «Жеті Жарғыға» қол қойып, ал Тәуке хан оларды өз мөрімен бекітті деген аңыз бар. Осы Мәртөбедегі жиындарда көшпелі қазақ қоғамындағы шаруашылықтан бастап халықаралық қатынастарға дейінгі мәселелер талқыланған. Рулар мен тайпалардың ақсақалдары даулы ітерді қарап, төрелік айтқан. Мәртөбені 1978 жылы «Қазақстан тарихы мен мәдениеті ескерткіштері жинағы» авторларының бірі, белгілі қазақстандық ғалым-археолог Николай Подушкин бастаған Шымкент педагогикалық институтының археологиялық отряды зерттеді. 

Мұнда ХҮІІ ғасырда билік басына келген Есім ханнан бастап, ХҮІІІ ғасырдағы Тәуке хан тұсына дейін алты алаштың баласы бас қосып, билер кеңес құрған. «Есім ханның ескі жолы» да осы жерде талқыға түсіп, жарияланған. «Жеті жарғыны» қабылдар сәтте қазақтың атақты би-шешендерінен 12 би, олардың қатарында Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билерден өзге Жайма, Сасық, Көкім билер да қатысқан. Мәртөбенің Ұлы дала парламенті аталуы осыдан. Қайбір жылдары тарихи кешенде келешек ұрпаққа жолдау жазылған капсула қаланды. Келешек ұрпаққа өз жолдауын сот қызметкерлері қалдырды. Онда 14-15-ғасырлардан бастау алған қазақ елінің заңнама тарихы мен егеменді еліміздің бүгінгі заң үстемдігі баяндалған. Мәртөбе – елдігіміздің мәртебесін, бірлігіміздің берекесін айшықтаған жер. Бұл аумақта әйгілі Дала парламентінің келелі жиындары өтіп, «Жеті жарғыға» сүйене отырып тарихта ізі қалған маңызды шешімдер қабылданған. Ішкі бірлігімізді бекемдеген, елдігіміздің еңсесін көтерген мұндай қасиетті орындар ел жадында мәңгі сақталмақ. Мәртөбе кешеніне деген туристердің қызығушылығы жыл санап артып келеді.

Тіл – ұлттық ұлы қазынасы
Қошқар ата тарихы тереңнен сыр шертеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу