Жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті ояту
Қазақ халқының рухани әлемінде ерекше орын алатын ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлы. Ол – қазақ әдебиетінің темірқазығы, ұлттық ой-сана мен руханияттың шамшырағы, адамзаттық биік парасаттың иесі.
Шымкент қаласында «Түнгі кітапхана» жобасы аясында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Желсіз түнде жарық ай...» атты поэтикалық кеш ұйымдастырылды.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынованың айтуынша, бұл іс-шараны Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – саз бен сөз құдіреті арқылы Абай шығармашылығын жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті сіңіру.
– Абай – ұлттық идеологияның алтын қазығы. Абай өз заманында ғана емес, бүгінгі күнге де қажетті рухани бағыт-бағдар беретін дара тұлға. Оның адамгершілікке, әділдікке, еңбекқорлыққа, білімге шақырған ойлары – ұлттың жаңғыруының негізі. Ақынның мерейтойы аясында ұйымдастырылған жобаның негізі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарды кітап оқуға ынталандыру мақсатында түнгі кітапхана жұмысын жолға қою туралы бастамасымен қаланды. Алғаш рет Алматыда іске қосылған бұл формат бүгінде еліміздің түрлі өңірлерінде, соның ішінде Шымкентте де сәтті жүзеге асуда, – дейді Мөлдір Оңдасынова.
Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасы ұйымдастырған поэтикалық кешке зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар, шығармашыл жастар мен қала қонақтары қатысты. Іс-шараның модераторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Құрал Көмек. Кеш барысында абайтанушы ғалымдар ақынның рухани мұрасы жайлы тың ойларымен бөлісіп, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әртістері «Абай ауылы» атты театрландырылған музыкалық қойылым қойды. Абай шығармашылығын сүйіп оқитын жастар жүрекжарды өлеңдерін оқып, ән-күйден шашу шашты. Сондай-ақ кеш аясында «Абай әлемі» республикалық байқауы мен «Жеті қазына» фестивалінің жеңімпаздары өнер көрсетті. «Алтын орта» әдеби клубының мүшелері сахналық көрініс ұсынып, Абай әлемінен сыр шертті. Көрермен назарына арнайы кітап көрмесі мен әдеби инсталляциялар ұсынылды.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқарма басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова өз сөзінде аталған жобаның маңыздылығына тоқталып, бұл бастама жастарды әдебиетке, өнерге және ұлттық руханиятқа баулуға бағытталғанын атап өтті.
– «Түнгі кітапхана – жастарды әдебиетке, өнерге, руханиятқа жақындататын жаңа формат. Абай мұрасын дәріптеу арқылы біз ұрпақ санасына ұлттық құндылықтарды сіңіруді көздейміз», – деді ол.
Сонымен түнгі қала төрінде өткен бұл мәдени іс-шараға алпыстан астам көрермен қатысып, поэзия мен өнердің құдіретін сезініп, рухани әсерге бөленді.