Тарихы бай Шымкент қаласы болашақта туристік орталаққа айналады

Oinet.kz 24-09-2025 38

Шымкент қаласын туристер үшін танымал қалаға айналдыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылуда. Бұл салаға тәжірибесі мол шетелдік инвесторларының да қызығушылығы бар.

Screenshot_4.jpg

Миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент дайын инфрақұрылымы, бай табиғи және еңбек ресурстары бар Қазақстанның экономикалық дамыған қалаларының бірі. Бұл 2200 жылдық тарихы бар, Ұлы Жібек жолының жүрегінде орналасқан Қазақстанның ең көне қаласы. Бүгінгі күні қала арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансұлттық көлік дәлізі өтеді.  Жалпы, Шымкент қаласында 7 нысан республикалық, 8 нысан жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Шымкент қаласының сан ғасырлық тарихы жатқан «Ескі қалашыққа» соңғы кездері туристердің қызығушылығы артып келеді. Болшақта бұл жер туристердің орталығына айналады. Осы бағытта көптеген жобалар бар. «Ескі қалашық» «Туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген. 

Мамандардың айтуынша, Шымкенттің туристік әлеуеті зор. «Ескі қалашық» Тәуелсіздік саябағы, Ордабасы алаңы, Қошқар ата өзені секілді жақын орналасқан нысандармен бірлесе тартымды туристік дестинация ретінде қалыптасатын болады. 2021 жылы кешен аумағында үш деңгейлі ортағасырлық мұражай мен 500 орындық амфитеатрдың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, ежелгі мұражай мен галереялар бой көтерді.  Шымкент қалалық әкімдігімен жалпы кешен бойынша туристік маршрут әзірленді. «Цитадельдегі» мәдени қабаты 14 метрді құрайды. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қаланың тарихи орнында қазба жұмыстары жүргізіліп, археологтар ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын қызықты мәліметтер берді.

Сол арқылы қаланың қалыптасу уақыты біздің заманымызға дейінгі 2 ғасыр екендігі анықталды. Яғни, Шымкент 2200 жылдық тарихы бар қала. Қаланың тарихи орны – Цитадель» немесе «Ескі қалашық» Қазақстанда Бүкіләлемдік туристік нысандардың тізіміне енген төрт орынның бірі болып табылады.

– Мұндағы жұмыстар пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылуда. Келешекте нысан туристерге Шымкенттің көне тарихы туралы жан-жақты мәлімет бере алатын, туристердің қызығушылығын тудыратын орталыққа айналады деген сенім бар. Тарихи орында қазба жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Көптеген құнды жәдігерлер табылды. Осыдан екі мың жыл бұрынғы зорастризм дінінің кешені шықты. Шаһардың қираған қабырғалары қайта тұрғызылды. Жоспар бойынша мұнда әлі мұражай болады. Қазылған жерлердің бәрі қалпына келтіріледі. Консервация жұмыстары жүргізіледі. Бір-екі жылдың көлемінде біте салатын жұмыс емес. Бұл жерде талай жобаларды жүзеге асыруға болады, – деді осы жұмыстардың басы-қасында жүрген белгілі археолог Бауыржан Байтанаев.

Жалпы «Шымкент қаласының 2200 жылдық тарихы бар» деген батыл пікірді алғаш рет 2000-шы жылдардың басында айтқан да осы Бауыржан Байтанаев болатын. Бірақ ол кезде оның бұл пікірімен тарихшылар келісе қойған жоқ. Жалпы Шымкент қаласы туралы жазба деректерде 14 ғасырдан бастап кездеседі. Қаланың тарихы одан 1500-1600 жыл бұрын басталған деген байлам жасау үшін жеткілікті дәлел керек еді. Б. Байтанаевтың жетекшілігімен қала орнында жүргізген археологтар бұлтартпас жәдігерлерді тапты. Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте отандық, шетелдік археологтардың қатысуымен өткен ғылыми конференцияда қаланың бұдан кемінде 2200 жыл бұрын пайда болғаны ресми түрде жария етілді.

«Шымкент қаласындағы көне қамалдың тарихы өте тереңде жатыр. Ол осыдан мың жыл бұрын да болған. Қытайлық будда монахы, атақты саяхатшы Сюаньцзан оны жетінші ғасырда суреттеп жазған. Қаланы екі мың жылдан астам тарихы бар деген пікірмен кейбір азаматтардың келіспегені рас. Кешегі отаршылдық дәуірінен қалған «өзін өзгелерден төмен санау» психологиясы бізде әлі де бар. Кейінірек ЮНЕСКО-дан хат келіп еді, бәрі «сенің зерттеулерің дұрыс екен» деуге көшті», – деді ғалым. 

Шымкенттің Орталық Азияда мәдениеті дамыған Самарқан, Бұхара сияқты қалалармен бір заманда пайда болған. Жергілікті өлкетанушылар арасында «қаланың іргетасын соғдылар қалаған» деген пікір де бар. Алайда Б.Байтанаев мұның негізсіз екендігін айтып отыр. «Біздің тұжырымымыз бойынша 2200 жыл бұрын Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрген тайпалар осы жаққа қарай үдере көшкен. Оған Сырдария арнасының өзгереуі себеп болған. Ташкент, Отырар, Шымкент, Тараз сияқты қалалардың пайда болуы осы кезге сәйкес келеді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Ташкент қаласының екі мың жылдығы атап өтілді. Қазір өзбек ғалымдары қаланың тарихын тағы екі жүз жылға ұзартты. Олар өздерінің зерттеулерінде менің де еңбектеріме сүйенген. Дәл қазіргі уақытта Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екендігі дәлелденді. Яғни, үшінші мегаполисті ғылыми негізге сүйене отырып Қазақстандағы ең көне қала деп айтуға болады. Біз енді Түркістанды зерттеп жатырмыз. Түркістанның тарихы да кемінде 2200 жылдан басталауы мүмкін. Алдағы уақытта Тараз қаласы да зерттеледі.

Ал, соғдылар бертінде сауда-саттық үшін келді. Олар Отырарды – Фараб, Сайрамды – Исфиджаб, ал Шымкентті – Нуджикент деп атай бастады. Соғдылар жергілікті түркі тайпаларымен араласып, тілдерінен айырылды, ақыр аяғында құрып кетті. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Шымкенттің 9 ғасырға дейін мәдени, сауда-саттығы дамыған қала болғаны анықталып отыр. Саяхатшы Сюаньцзан да сол заманда айналасындағы кішігірім қалалардың Шымкентке бағынатынын жазған. Тоғызыншы ғасырдан кейін Исфиджаб алдыңғы орынға шықты. Қала мың жылға жуық уақыт Исфиджабтың көлеңкесінде қалып қойды. 18 ғасырдан бастап Сайрамның дамуы құлдырады, енді Шымкент жетекші қалаға айналды. Шымкент жазба деректерде Шарафаддин Иездидің Ақсақ темірдің жорықтары туралы жазған «Жеңіс кітабында» ұшырасады. Кітапта жалайыр тайпасынан шыққан қолбасшы Бахрамның Жетісуға кетіп қалғаны, ал қару-жарақтары мен арбаларының Шымкенттен табылғаны жазылған, – дейді археолог-ғалым. 

Шымкенттің тоғызыншы ғасырдан бастап тоқырауға ұшырауына не себеп? «Цитадельде» жүргізілген қазба жұмыстары қалада үлкен өрттің болғанын дәлелдеп отыр. «Жалпы осы уақытқа дейін Шымкентте үш үлкен өрттің ізі табылған. Тоғызыншы ғасырда Саманилер мемлекетінің билеушісі Исмайыл Самани Шымкент, Сайрам, Тараз қалаларында шабуыл жасады. Жергілікті халықтың арасында ислам дінін таратқан. Шымкент осы шапқыншылық кезінде көп зардап шеккен. Қаланың көлемі кішірейген, – дейді Б.Байтанаев.

Қорыта айтқанда, мыңдаған жылдар бойы бірге дамыған, Орталық Азиядағы өзіндік мәдениеті, өзіндік орны бар қос қала – Шымкент пен Сайрам қазір бір мегаполистің аумағында жатыр. «Сансыз баптардың мекені» атанған Сайрам да Шымкенттің туристік әлеуетін дамытуға зор серпін берерін анық.

«Қасірет» мемориалы – саяси құрбандардың рухына тағзым етер орын
Жас ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті ояту
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу