«Қасірет» мемориалы – саяси құрбандардың рухына тағзым етер орын
Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалдық ескерткіші 1997 жылы салынған. Ол мемориаль Албастысайдың төменгі жағында жатқан үлкен тас жолдың бойында орналасқан.
«Қасірет» мемориалында абақтыны аңғартатын төрт бұрышты темір мен тор ату жазасына кесілген күйеуінің артында сәбиін құшақтап қала берген әйелді бейнеленген. Бұл суық манумент бір қарағаннан-ақ елді терең ойға жетелейтіні түсінікті.
Бүгінгі күні жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған іс-шаралар осы жерде өткізіледі. Көнекөз қариялар 1937 жылы атылғандардың сүйектері осы «Қасіретте» жатыр деп ойлайды. Алайда қайтпастық қариялардың естеліктеріне қарағанда, жазықсыз атылған арыстардың сүйектері Албастысайда, одан 1-2 шақырым жоғарырақта жатыр деседі.
Жергілікті жұрт бұл ескерткіш орналасқан жерді «Албасты сай» атап кеткен. Атынан адам шошитын осы бір сөздің астарында талай құпияның жатқаны анық. Негізінен Шымкент қаласының іргесіндегі Албастысайдың ескі атауы Тереңсай болған. Бұл жерде өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында Шымыр ауылы болған екен. Кейінірек ауыл халқы қазіргі Қайтпас елді мекеніне қоныс аударып, Тереңсай иесіз қалған.
Қамыс басқан, батпақты алқапта Қоқан хандығы кезінде қарсылық көрсеткен қазақтарды осы «Албасты сайда» өлтіру жүзеге асқан екен. Кейіннен НКВД-ның бастығы Н.И.Ежовтың әйгілі №00447 «оперативті» бұйрығы негізінде жазаланғандардың да қаны осы сайда төгілген. Деректерге қарағанда, Сталиннің 1932 жылғы шілдедегі бұйрығы бойынша, НКВД антикеңестік азаматтардың көзін төрт айдың ішінде толық жойып бітуі керек болған. Осы бұйрықтың негізінде оңтүстікте І-кезеңде – 1711 адам, ІІ-кезеңде 1311 адам атылған. 12 мыңға таяуы сегіз жылдан 12 жылға дейін сотталды. Ату жазасына кесілгендердің барлығы да бұрынғы «Албасты сай», қазіргі «Қасіретте» жатыр.
Саяси қуғын-сүргін 1928 жылдың ортасынан, Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталғаны мәлім. Оларға «буржуазияшыл», «ұлтшыл» деген айып тағылды. Әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, жер аударылды. Ал 1937 жылы «халық жау¬лары» жазаланды.
«Албасты сайдағы» жантүршігерлік оқиғаларды естіп өскен алдыңғы буын аталардың қатары сиреген. Маңынан өткен сайын аят оқып, бет сипайтын аға буын да сайдың сырын кейінгі ұрпағына айтып отыратыны анық. Сол алдыңғы буынның әңгімелері мен тарихи деректерге қарағанда, «Албасты сайда» 1937-1938 жылдары репрессияның қанды шеңгеліне ілінген боздақтарды атып, бір шұңқырға көмген. Арасында көмусіз қалып, ит-құсқа жем болғаны да аз емес. Жендеттің оғынан ауыр жараланып, шалажансар күйінде өмір мен өлімнің арасында қалғандардың дауыстарын естігендердің шарасыздықтың күйін кешкені мәлім.
Иесіз жұртқа жын-шайтан үйір болады дейді. Бәлкім сол рас шығар, әйтеуір кешкісін Тереңсайға тезек теруге барған қыз- келіншектердің көздеріне бірдеңе елестеп, ауылға «ойбай, албасты көрдім» деп қашып келеді екен. Тереңсайдың Албастысай атануының қысқаша тарихы осындай. Албастысай туралы «Жас алашта» газетінде де мақалалалар жарияланған.
Сол мақалада Қайтпас елді мекенінде Өлмесхан Жәнібеков деген қария тұратыны жазылған. Ұзақ жылдары ауылдағы мектепте тарих пәнінен сабақ берген, мектепте өлкетану мұражайын құрған. Албастысайға қатысты естеліктерді жинап, баспасөзде жариялап тұратындығы айтылған. Сол дерек көзіне сүйенер болсақ, Өлмесхан ақсақалдың айтуынша, Кеңес өкіметі Албастысайда адам атуды жиырмасыншы жылдардың соңында бастап, қырқыншы жылдарға дейін жалғастырған. Жиырмасыншы жылдардың аяғында қайтпастықтар қызыл жауынгерлердің Албастысайға қарай әбден арып-ашыған адамдарды айдап бара жатқанын көреді екен. Бұл шамасы сол кездері колхоздастыруға қарсылар, байлар, кеңес өкіметіне қарсы көтерілістерге қатысқандар болса керек. 1937 жылғы «Үлкен террорда» Албастысайды НКВД-ның қызметкерлері күзеткен. Жендеттер осы жерге ату жазасына кесілген азаматтардың өліктерін құпия түрде жерлеген. Жерледі деген жай ғана сөз, шын мәнінде солдаттар атылған адамның сүйектерін бір замандарда Шымыр ауылы тұрғындарының жем-шөп сақтау үшін сайдың ернеуінен қазған үңгірлеріне апарып, жасырған. «Халық жаулары» денелері құдықтарға тасталған, сайдың табанына көмілген. Албастысай ит-құстың, қарға-құзғынның мекеніне айналған. Тіпті иттердің атылған адамдардың сүйектерін ауылға сүйреп әкелген кездері де болыпты. Бұл жерге қанша мәйіттің жасырылғанын кім білсін, бірақ мұрағаттан алынған мәліметтерге қарағанда, отызыншы жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында «халық жауы» ретінде атылды деген азаматтардың саны 2 мыңнан асады. Олардың арасында сол кездегі облыстың бірінші басшылары да болған.
Көптеген деректерінде Оңтүстік Қазақстан облысында «халық жауларын» атудың дәл осы Албастысайда орындалғаны жазылған.
«Менің әкем Жәнібектің айтқан естеліктеріне қарағанда, Албастысайда қызылдар байларды бүкіл отбасымен атқан. Бала-шаға, кемпір-шалына дейін қарамаған көрінеді. Түн ішінде сайдан мылтық даусы мен адамдардың шыңғырған дауыстары естіліпті. Ертеңіне солдаттар ауылға келіп, «көрген-білгендеріңді ешкімге айтушы болмаңдар» деп, қатаң ескертіп отырған көрінеді. Үңгірлер бертінге дейін жақсы сақталды. Адамға сұмдық үрей туғызатын. Сай ішінен адам сүйектері кейінгі кезге дейін шығып отырды», – дейді Өлмесхан ақсақал.
Албастысай орыс тілді деректерде «Лисья балка» деген атаумен кездеседі. Уикипедияда осы туралы арнайы бөлім бар. Онда аталған сайда зобалаң жылдары 16 мың адамның атылғаны жазылған. Бұл қайдан шыққан мәлімет? Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Шымкентке ішкі Ресейден көптеген православ шіркеуінің қызметкерлері жер аударылған. 1937 жылы 60-тан астам шіркеу өкілі Албастысайда атылған. Ғаламторда атылған священиктердің, монахтардың аты-жөндері, өмірлері туралы мәліметтерді табуға болады. «Қасіретте» оларға арнап арнайы ескерткіш те қойылған. Ал Албастысайдан топырақ бұйырған мыңдаған «халық жаулары» туралы мәліметтер көп емес. Мәселен сол жылдары қылышынан қан тамған ОГПУ, НКВД Оңтүстік Қазақстан облысында ишан, молдаларға қарсы бірнеше операция ұйымдастырған. Кеңес өкіметіне қарсы ұйым құрды деген жалған айыптармен жүздеген дін өкілдері атылған. Албастысайда атылғандар туралы, олардың көмілген жерін анықтауға қатысты кешенді зерттеу жұмыстарының жүргізілгені туралы дерек жоқ.
Қалай десек те, жазықсыз жала болғандардың туыстары жыл сайын «Қасірет» мемориалында жиналады. Азаттықтың ақ таңы атқалы бұл жер «Қасірет» мемориалы аталып, марқұмдардың рухына тағзым етер орынға айналды.