Шымкент түрлі шапқыншылықтарды бастан өткерген қала

Oinet.kz 24-09-2025 37

Еліміздегі кейбір қалалар мен өзен-су атауларының шығу тегі және сол атаулардың этимологиясын нақтылау жайында зерттеушілер осы күнге дейін бір тұжырымға келе алмауда. 

Screenshot_2.jpg

Бұл мәселе – Шымкент қаласының атауына да қатысты. Мысалы, Бартольд, Радлов, Савин, Розов сынды атақты орыс ғалымдары – оның атауын көне соғды тіліндегі «шим», «шимин» «шемен», яғни «көк жайлау», «жасыл алқап» дегенді ұқтыратын сөзіне – парсының қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғану арқылы пайда болған деп тұжырымдайды. Егер осы тұжырымға сенер болсақ, Шымкент атауы – жасыл алқапта пайда болған қала дегенді білдіреді екен. Кейінгі зерттеушілердің барлығы да осы тұжырымды қуаттайды. 

Сонымен Шымкент атауы – «шым» деген сөзге байланысты шыққанына ешкім шүбә келтірмейді. Өйткені «шым» – өз ата-бабамыздың төл сөзі. Анықтап айтқанда, «шым» – кәдімгі өзен жағасындағы саздан ойылып бетінде көгалы немесе майда өскін шөбі бар ылғалды лай басқан топырақ кесіндісі. Ертеректе осы жердің тұрғындары Қошқарата жағасындағы ылғалды саздан шым ойып алып, үй тұрғызған. Уақыт өте келе, үйлер көбейіп, бұл жер үлкен қонысқа айналған. «Шым» атауына қала ұғымын білдіретін «кент» сөзі жалғанып, «Шымкент» атанған. Ал «кент» сөзі ешқандай да парсының сөзі емес. Ол да бүгінде архаизмге айналған, көне түркі сөзі. Мұны көне түркі тілінің мамандары да мойындайды. 

Ал Шымкенттің тұрғындары кім болған деген сұраққа келер болсақ, жазушы әрі тарихшы Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, Шымкент маңын ертеден-ақ қазақ жұртының арғы аталары – сақтар, үйсіндер, қаңлылар жайлаған. Одан кейін ақ ғұндардың бір сілемі – эфталиттердің, сондай-ақ 552 жылы құрылған Түркі қағанатына қараған тайпалардың мекені болған. Бұдан соң Түргеш, Қарлұқ, Қараған қағанаттарының басыбайлы ордасы болды. Ең маңыздысы, Ислам діні де қазақ жеріне осы Шымкент пен Сайрам жері арқылы тарады. 

Шымкент ХI-ХII ғасырларда Батыс Лиау патшалығы мен Хорезм билеушілерінің қоластына өтті. ХIII ғасырдың басында басталған Шыңғысханның, одан кейінгі Ақсақ Темірдің жорықтары да осы қаланың маңында өтті. 

«Біз Шымкент дегенде, қашанда Оңтүстік атауын қоса ауызға аламыз. Бұл екі атау Қазақстан жағрапиясында егіз ұғым секілді болып кеткен. Ал енді осы Оңтүстік жері Қазақ хандығы құрылған тұста күллі Алаш жұрты үшін қандай маңызды рөл атқарды деңіз. Бір талассыз ақиқат – Қазақ хандығы орнаған уақыттан бастап, ұлысымыздың ордасының іргеленуі мен кеңеюі және түбі мен тегі тамырлас алаштық тайпалардың бір тудың астына бірігіп, жеке ел болу жолындағы тұңғыш күрестері, елдік мүдде тұрғысында жасаған алғашқы қадамдары, жиып айтқанда, бабаларымыздың Қазақ елі болып ұйымдасу мұратындағы барлық әрекеттері – осы Оңтүстіктен, нақтысы, Шымкент өңірінен бастау алған. Өйткені қазақ хандығы шартты түрде Оңтүстікке жататын әрі Шымкенттен қашық емес, Шу бойында құрылды. Қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектен бастап, кейінгі Бұрындық, Тоғым, Бұйдаш, Қасым, Тәуекел, Хақназар, Есім хандардың барлығы – тегі қазақ тайпаларды бір ордаға ұйыстыру жолындағы күрестерінің дерлігін Оңтүстік жерінде өткізген. Себебі Қазақ хандығы құрылған кезде бізге ең көп дұшпандық жасаған Моғолстан мен Бұқар хандықтары болды. Жоғарыда аталған қазақ хандары аталмыш хандықтармен неше жыл бойы арпалысып өтті. Міне, осы арпалыстардың бәрінен Шымкент пен оның жұрты шет қалған жоқ» дейді тарихшы. 

Шымкент қаласының өзіндік ерекше тарихы бар. Алайда, өткен ғасырларда қазақ тарихында Оңтүстіктің өткені тым аз зерттелген. Ал Шымкенттің тарихы мүлде жазылмады десе де болады. Мәселен, жалпы Оңтүстіктің және Шымкенттің ХVIII ғасырдан бергі-ақ тарихын алайықшы. Кезінде қазақтың өткен тарихына қатысты барлық әдебиеттерінде ең көп оқытылған тақырып – қазақ-қалмақ соғысы болды. Осы себепті біздің халықтың санасына бұрынғы ғасырларда қазаққа қалмақтан басқа жау болмаған секілді ұғым сіңді. Ал енді, осы қалмақтың кезінде көбірек басып алған һәм көп шоғырланып отырған жері де Оңтүстік өлкесі еді. 

Тарихшының айтуынша, қалмақтар Шымкентті 1724 жылы жаулап, 1745 жылға дейін отырған. Әлі күнге дейін толыққанды зерттелмеген арғы ғасырлардың оқиғалары тұрмақ, қазақ әдебиетінде ең көп жазылған осы қалмақ шапқыншылығы кезінде Шымкенттің қандай саяси ахуалды бастан кешіргені туралы бірде-бір ғалым зерттеу жүргізбепті. Одан кейін қалмақ соғысы бітпей тұрып, 1740 жылдары Ташкент төңірегінде басталып, 1750 жылдардан кейін Оңтүстік жерінде қатты белең алған және бірнеше ондаған жылдарға созылған қазақ-қырғыз қақтығысы туралы бүгінгі көпшілік мүлде бейхабар. Қазақ-қырғыз кикілжіңі бітпей жатып, түстіктегі қазіргі Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарының түгел аумағын және Алматының батыс тарапын басып алып, 55 жыл билік жүргізген Қоқан хандығының басқыншылығы да тарихи зерттеуден тыс жатыр. 

ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы орыс отаршылдығы, сол замандағы облыстар мен уездердің, болыстықтардың құрылу тарихы, олардың аумағы, сондағы жергілікті қазақтардың жай-күйі, саяси жағдайы, тұрғылықты ауылдарының аттары, адам, мал сандарының қандай болғаны – енді бір керемет тарих. 

Тағы бір қызық тарихи оқиға – 1917 жылы кеңес үкіметі Оңтүстікте қандай жолмен билікке келді? Кеңес үкіметінің орнауымен қатар келген «Жылантақыр» жұтының Оңтүстікке әкелген қасіреті, сол уақыттағы һәм одан соңғы кездердегі қалалар мен ауылдардың ахуалдары, кеңестік шаруашылықтардың құрылуы, 1924 жылы Шымкент Түркістан республикасынан қандай жолмен Қазақ АКСР берілгені, 1928 жылғы байларды тәркілеу науқаны мен 1931-33 жылдардағы ашаршылық қалалар мен өлкелерде қалай жүргізілгені һәм зардаптары, 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін зардаптарының қалай іске асқаны – одан өткен зор тарих. 1931-32 жылдар аралығында Т. Рысқұловтың бастамасымен жүргізілген, алапат аштықтан жүз мың қазақты аман алып қалған Шымкент-Ташкент төте темір жолының құрылысы да – ауыр тарих.

Шымкент қаласындағы «Ескі қалашық» шаһарды Бұқар хандығы жаулап кезде, яғни ХVI ғасырда салынған. Ол ғасырда Шымкент бірде Қазақ хандығының, бірде Бұқар әмірлігінің қол астына өтіп тұрған. Қамал ішінде қала билеушісінің резиденциясы, бай-шонжарлардың үйлері, бірнеше керуен сарай, кішігірім сауда, қолөнер орындары болған.      

1808 жылы күзде Шымкентті Қоқан жаулаған кезде қамал ішіне сол хандықтың даруғалары мен әскері орналасады. 1864 жылы Шымкентті Черняев жаулаған кезде орыс әскері қамалды зеңбірекпен атқылап, шығыс жақ бетін опырып тастайды. Бірақ қамалдың басқа тұстарының қабырғалары ХХ ғасырдың басына дейін сақталған.

Жасанды төбелер Шымкент қаласының өте көне қоныс екенін дәлелдей түседі
«Қасірет» мемориалы – саяси құрбандардың рухына тағзым етер орын
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу