Жасанды төбелер Шымкент қаласының өте көне қоныс екенін дәлелдей түседі
Шымкент қаласының тархы тереңде жатыр. Тарихшылардың болжамы бойынша Шымкент 2200 жыл тарихы бар қала. Тарихи әдебиетте Шымкент атауы Шарафаддин Йаздидің Ақсақ Темірдің жорықтары жайында жазған «Зафар-наме» атты еңбегінде кездеседі.
Оның жазуынша, 1365-66 жылдары Ақсақ Темір Моғолстанға бара жатқан жорығында Шымкентте біраз күн аялдайды. Міне, осы жазба орта ғасырдағы Шымкент туралы жазылған алғашқы мәлімет болып есептеледі. Дегенмен, әлдебір қаланың қалыптасу уақытын тек тарихи жазбалармен ғана шектеп қоюға болмайтыны белгілі. Ғылым кез келген қала мен қоныстың пайда болуын археологиялық қазбалар арқылы анықтайды.
Тарихшылардың айтуынша, Шымкент қаласында алғашқы археологиялық жұмысты 1888 жылы орыс ғалымы Н. Остроумов жүргізген. Ол қазба жұмыстары аясында қала орнынан VIII-Х ғасырларға жататын бұйымдарды тапқан. Сөйтіп, Шымкенттің Шарафиддин Йазди жазған уақыттан көп жыл бұрын пайда болғаны анықталған. Бұдан кейін өткен ғасырдың басында қаладағы ескі қамалдың түбін қазу барысында археологтар зороастралық дәстүрмен жерленген әйел мен еркектің мәйітін тапқан. Зерттеу олардың 1500 жыл бұрын өмір сүргенін анықталған. Ал 2003 жылы Шымкентте жүргізілген ауқымды қазба жұмыстары кезінде табылған көне жәдігерлер бұл қаланың өте ескі шаһар екенін айқындай түскен еді. Ол қазба жұмыстары аясында біздің заманымыздан бұрынғы II ғасыр мен заманымыздың II-III ғасырларына тиесілі аса құнды жәдігерлер табылды. Мұндай жәдігерлердің соғды мәдениетіне тән екені белгілі болды. Зерттеушілер табылған көне заттарға қарап, көне Шымкенттің тұрғындары сол уақыттағы Самарқан жұртымен тығыз байланыста болған деп нақты байлам жасады. Осынау қорытындылардың негізінде, археологтар Шымкент қаласының жасы 2200 жылға тең және осыншама жыл бұрын осы жерде қалашық болған деген тұжырымға келді.
Жазушы әрі тарихшы Момбек Әбдәкімұлының айтуынша, Шымкент қаласының айналасында зерттелмеген жасанды төбелер әлі де көп. Тарихшы ғалымдар әлі күнге дейін ол төбелерге жіті көңіл бөлмей жүр деген ұстанымда. Оның айтуынша, қазақ даласындағы мұндай жасанды төбелер екі топқа бөлінеді. Бірі тобы – жазық жерлерде белгілі бір тәртіппен тұрғызылған қарауыл төбелер, екіншілері – тау-жота етектері мен өзен-су жағасында салынған төрткүл немесе төбесі үшкіл дөңгелек төбелер. Алыстан келе жатқан жауды қарап отыру үшін салынған қарауыл төбелердің қай заманда, қандай хандық пен мемлекеттің тұсында салынғаны көбіне белгісіз, ал екінші топқа жататын төбелер біздің заманымыздан бұрын әлденеше ғасыр бұрын өмір сүрген сақ, үйсін, қаңлы дәуірінде тұрғызылған. Мәселен, мұндай төбелерді шығыста «Сақ обалары» немесе «Сақ қорғандары» дейді. Жетісуда «Сақ-Үйсін төбе» дейді. Оңтүстік пен Ташкент төңірегінде «Қаңлы-Үйсін обалары» делінеді.
«Мұндай төбелерді өлкемізде осыдан бірнеше мың жыл бұрын жайлаған Сақ, Үйсін тайпалары тұрғызған. Әр тайпаның көсемі мен ықпалды адамдары өздері отырған аумақтағы жанға жайлы, желден ық немесе ыстықта салқын болып келетін өзен-су жағаларына биік төбелер тұрғызып, сонда отбасымен тұрған, керек кезде жиын өткізіп ел мәселесін шешкен. Былайша айтқанда, ондай төбелер ру-тайпа билеушілерінің резиденциясы қызметін атқарған» дейді тарихшы.
Бүгінгі күні Шымкент қаласының орнында мұндай төбелер өте көп. Мысалы, Дулати көшесінің басында, Қапал батыр көшесінің бойында, ескі Фосфор зауытының жолында олар әлі сақталып тұр. Ал Қарасу өзенінің қазіргі Жанкелдин көшесін кесіп өтетін тұсындағы биік төбе 1960 жылдары тегістеліп, орнына тұрғын үйлер салынып кетті. Сондай-ақ бұрынғы пресс автоматтары зауытының маңында да үлкен төбе болған. Ол төбе 1941 жылы Воронежден көшірілген зауытты салған сәтте тегістеліп кеткен. Көнекөз қариялардың айтуынша, ол төбені тегістеп жатқан бульдозерші алтын тауып алыпты. Бұл алтын осында пәлен мың жыл бұрын жерленген тайпа көсеміне тиесілі болса керек... Міне, аралары өте жақын орналасқан осынау сақ-үйсін төбелерінің нақ Шымкент жерінде болғаны да – бұл қаланың өте көне қоныс екенін дәлелдей түсетіндей.
Қазақ жерінде орта ғасырларға дейін жүздеген қала болса, оның көпшілігі түрлі шапқыншылықтар салдарынан өмір сүруін тоқтатты. Тарихшы ғалымдардың айтуынша, орта ғасыр кезеңінде бір ғана Оңтүстік өлкесінде 25 өркениетті қала болыпты. Солардың қазіргі күндері қоныстары мен аттары сақталып, заманға орайғы қалаға айналып отырғандары онша көп емес. Оған керісінше, қазақ жеріндегі ортағасырлық атақты шаһарлардың басым бөлігінің бүгінде тек қалдықтары ғана жатыр. Археология ғылымы да көбіне жер бетінде сақталып қалмаған қалаларды зерттеуге ден қояды. Өйткені бүгінде көне аттары сақталып, заманға орайғы жаңарған шаһарларға айналған қалалардан гөрі жер бетінен жойылып кеткен кейбір қалалардың тарих үшін маңызы артығырақ.
Әлбетте, Шымкент көне заманда Отырар, Сайрам, Сауран секілді даңқы асып тұрған қала болмағаны анық. Десек те, бір кездері шығыс пен батысты жалғаған Ұлы Жібек жолының керуендері аялдайтын қоныс болған. Солай десек те, оның замандар безбенінде қандай қала болғанын нақты анықтау үшін қазір кең көлемде архологиялық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік жоқ. Себебі, ескі қаланың орнына қазір жаңа құрылыстар түсіп кеткен. Сол құрылыстардың астында қаншама тарихи сырлар жатыр, бірақ қазуға мүмкіндік жоқ.