Әбділ Әзіз баб кесенесі әлі де зеріттеуді қажет етеді
Шымкент қаласы аумағында сәулет өнерінің таңғаларлық ескерткіші Әбділ Әзиз-баб кесенесі орналасқан. Бүгінгі күні онда келіп жатқан туристердің қатары көбейген.
Әбділ Әзіз баб – Қарахан дәуірінің (IX ғ.) сәулет ескерткіші. Ғимарат үш жартылай сферикалық күмбезбен жабылған: біреуі ортада және енді шетінде. Портал шеті аркамен жабылған. Портал бұрыштарында доғал келген бағаналар бар. Порталдың жоғарғы жағы карнизбен аяқталған. Қабырғалары күйдірілген кірпіштен салынған. Порталдың бүйір тұсынан солтүстік фасадында 0,820 белгідегі баспалдаққа шығар жол бар.Орталық кіреберіс қақпаға қарама қарсы михраб орналасқан.
Кесене 1982 жылдан бастап мемлекет қорғауына алынған. Мінәжат ету мен діни туризм нысаны. Сайрамның солтүстік бөлігінде, ортағасырлық Сайрам (Испиджаб) қаласының бас көшелерінің бірінде, сырты қоршалған зират ішінде орналасқан. Негізгі фасады Жүсіп Сайрами көшесіне қараған. Сайрам тарихы бойынша жазбаша деректерде бұл орынды қаланың төңірегіне жатқызады. Қазіргі уақытта бұл Сайрамның орталығына айналған.
Бұл нысан 9 ғасырда салынған, Қожа Ахмет Иасауидің «Рисала» атты бізге қолжазба күйінде жеткен кітабында Әбд ул-Әзиз баб Мұхаммед пайғамбар бастаған ислам жолына түскен алғашқы кісілердің бірі екендігі айтылады. Оны есімінің соңына қосылған «баб» сөзі де байқатады. Әбд ул-Әзиз Сайрамдағы Ибрахим атамен (Қожа Ахмет Иасауидің әкесі) және Отырардағы Арыстан бабпен аталас. Күмбез 16 ғасырда қалпына келтірілген. Оны қайта салдырған қазақ ханы Наурызахмет (Барақ) деген мәліметтер бар. Бұл күмбез Сайрамдағы ең үлкен кешен саналады, ол орта ғасырлық сәулет дәстүрінде салынған. Төрт бұрышты күйдірілген кірпіштерден қаланған күмбезді кешен үш бөлмеден тұрады. Кірер аузы текшеленіп, аркамен тізілген, екі жақ босағасына бағаналар орнатылған. Кешенді жөндеуден өткізген құрылысшылар күмбездің бастапқы жобасын сақтауға тырысқан.
Сонымен, тарихшылардың дерегіне сүйенер болсақ, Әбділ Әзіз баб кесенесі XIV ғасырдың аяғы – XIX ғасырдың екінші жартысына жатқызылады. Кесене – республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші санатына алынған. Кесене Оңтүстік Қазақстан аумағында мұсылмандықты алғашқы уағызшыларының бірі Әбділ Әзіз бабтың (Абд ал-Азиз) қабірі үстінде тұрғызылған. Халқымыз сондай-ақ күмбезді бәле әкелуден, жала жабудан сақтайтын қасиеті үшін оны «Бәлегардан» – «Бәлені аластатушы» деп те атайды. Әбділ Әзіздің өмірбаяны Сайрамның өзіндік тарихи кезеңі болып табылатын XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басында жазылған «Мадинат әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттар» шығармасында келтіріледі. Деректер бойынша Әбділ Әзіз Мұхаммед Пайғамбардың үзеңгілес буындарынан кейінгі екінші, ең жақсы ұрпақтар және олардан діни білімді мұраланғандарға жататын тақуа мұсылмандар – таби’индар (таби’ундар) қатарына жатқызылады. Ол қасиетті исламды орнықтыру кезінде кәпірлерге қарсы қасиетті соғыста азапты өлім құшады. Әбділ Әзіз ауызша аңыздарда Қожа Ахмет Яссауиге дейін шамамен 300 жыл бұрын өмір сүрген сияқты, ал кейбір кітапқұмарлар Қожа Ахмедтің шежіресін тіпті Әбділ Әзізден бастайды. Ауызша қайталамаға қарағанда, «Мадинат әл-Байда мен Испиджаб әулиелерi хақындағы трактаттарда» Әбділ Әзіз бабтың бейнесін айқын және толық көрсетеді.
Ортағасырлық агиографиялардағы бір типтес эпитеттер (лайықты, мінсіз, адал, ұлы, білімді, сенімді және т.б.) оның тарихи шындыққа қатынасы алыстау бірнеше келбетін көрсетеді. Ол Мұхаммед пайғамбардың алғашқы ізбасарларының бірі араб қолбасшысы Ысқақ бабтың ту ұстаушысы (аламдар) болған. Шығармада: «Сонымен қатар, оны Ташкент қаласында Аламдар-Баба деп атайды және [ол] атақты», – деп айтылады. Мұнда автор сайрамдық Әбділ Әзіз бабты Ташкенттен шыққан «ту ұстаушысымен» теңестіргенде қателеседі (бірнеше рет көшіріп жазу нәтижесінде?), ал ташкенттік Аламандар басқа қолбасшының ту ұстаушысы – исламдағы алғашқы имамдардың бірі Әбубәкір Мұхаммед Қафал Шаши (976/977 ж. өмірден қайтқан) болған.
1920 жылдардың бірінші жартысында орыс ғалым тарихшылары П.П. Иванов және М.Е. Массонның Сайрамға жасаған экспедициялық сапарлары ескерткіштің тарихнамалық дәстүрінің бастауы болды. Оны 1947 жылы Қазақ КСР-і Ғылым академиясының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясының архитекторлары зерттейді (В.В. Константинова, Г.Г. Герасимов). 1963 жылы Шымкент облыстық музейінің тапсырмасы бойынша егжей-тегжейлі өлшемдері алынады (Т. Поднебесная). 1983 жылы кесенені қалпына келтіруге қатысты жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау кезінде бұл өлшемдер нақтыланып, толықтырылады (Қазақ КСР-і Мәдениет министрлігінің «Қазақ жобалауқалпына келтіру» институты). Ал 1980 жылдардың екінші жартысы – 2000 жылдары басылымдарда ескерткішті тарихи-сәулеттік талдау жұмыстары көрініс табады (Б.Ә. Байтанаев, Ю.А. Ёлгин, Н.Н. Мұхамедиева).
Әбділ Әзіз баб кесенесі ұзақ және күрделі даму сатысынан өтіп, геометриялық құрылымдарға бағынған әртүрлі уақыттың бөлік композициясын бойына айқын біріктірген. Құрылыстың қай кезеңге жататыны әлі де болжамдық сипатта. Әбділ Әзіз бабтың қабірінің үстіндегі алғашқы мемориалдық құрылыс туралы мәліметтер жоқ. Мүмкін, бастапқыда ашық аспан астында жерленген. Бәлкім, мазар XII ғасырға дейін пайда болған, себебі ескерткіш қарахандар кезеңінің мәдени қабатында орналасқан. Құрылыстың құрылымы осы дәуірде қалыптасқан сопылық салт жоралғылармен байланысты. П.П. Иванов Сайрам тарихы («Рисалия») бойынша деректерге сілтеме жасай отырып, XIV ғасыр Әбділ Әзіз қабірі үстіндегі кесене қираған кезінде Әмір Темірдің қолбасшысы Наурыз Барақ хан кірер есігі оңтүстікке қараған, белгілі жаңа ғимаратты салдырады деп жазады. Уақыт өте келе ол бұзылады, 1860 жылдардың аяғында бүгінгі күнге дейін сақталған ғимарат салынады. Дегенмен, ескерткіш эволюциясында бірыңғай көрініс жоқ. М.Е.Массон Барақ хан салдырған кесененің құрылыс іздерін қарастырмағандықтан, біршама ерте құрылыс туралы ештеңе айтпайды, дегенмен, ескерткіштен XV–XVI ғасырларға жататын түрлі-түсті керамикалық бұйымдар сынықтарының табылуы, үшінші құрылыс кезеңі болды деп шамалауға мүмкіндік береді.
Әбділ Әзіз баб кесенесі – порталды-күмбезді құрылыс. Ол қатар бойымен созылған үш бөлмеден тұрады, оның ортасында тұрғаны монументалды порталмен (пештакпен) және биік цилиндрлі барабан үстіндегі сфероконустық күмбезбен ерекшеленеді. Орталық залдың батыс қабырғасында михраб нишасының орналасуына қарағанда кейінгі кезеңде зияратхана ретінде қызмет етуі мүмкін. Екі жағындағы бөлмелер (көрхана) залмен аркалы саңылаулар арқылы өзара байланысқан. Әбділ Әзіз баб күмбезінің оңтүстігіне, қарама-қарсы Әулие атаның әкесі Сейид Қожа хан атаның жерлеу орны орналасқан. Орталық және оның бүйіріне жалғасқан бөлмелердің негізгі өсі өзара перпендикуляр. Барлық көлемі бірігіп үлкен көлденең өсті құрайды.
Төртбұрышты залдардың жоспарынан күмбездерінің негізіне өту үшін ежелгі аркалық желкенше (тромп) түрі қолданылған. Орталық көлемнің күмбезі сегіз қырлы бөлігіне тірелген биік цилиндрлі барабан үстіне тұрғызылған. Кесененің бүйір бөліктерінде сегіз қырлы өтпе жоқ, олардың күмбездері тікелей қабырғаға жалғасқан. Орталық күмбездің өзіндік құрылымы, сипаты бойынша құралған қисық қалау тәсілі Ташкенттегі Намазгах алқалы мешітінің күмбезіне (1845–1867 жылдар) ұқсас.
Ғимарат (көлемі 14×6,9 метр, биіктігі 11 метр) күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Қабырға қаландысына бұзылып кеткен XIV–XVII ғасырларға жататын ғимараттың төртбұрышты кірпіштері қолданылған.
Кесененің көлемдік-кеңістіктік композициясы жинақы әрі мәнерлі. Бүйірлерінің көлемі күмбездерімен бірге тым төмен, олардың тегіс қабырғалары орталық бөліктің монументалдық маңыздылығын арттырып, олармен бірге әдемі келбетін құрап тұр. Оң жақ бүйір бөлменің қапталындағы қабырғаның сыртына салт жораларға мойынсұнумен байланысты культтік маңыздылығы бар ағаш торлы (панжара) тесік орналасқан айқышты қабырғаға сүйірлі ниша жасалынған.
Интерьері сыланған және еденіне кірпіш төселген. Сыртқы қабырғалары қаланды күйінде қалдырылып, безендірілмеген, тек порталының бұрыштарындағы дөңгеленген бағаналары жекелеген гипстік сәндік бөлшектер құмыра тәрізді вазада және портал аркасының архивольты ширатылып есілген түрінде өрнектелген.