«Шымқала» тарихи мәдени кешенінен табылған әр жәдігердің өзіндік сыры бар

Oinet.kz 06-09-2025 35

Шымкенттің көне орны «Шымқала» тарихи мәдени кешенгі аумағынан  2007-2008 жылдары жүргізілген қазба кезінде моңғол шапқыншылығы кезеңінен кейінгі Шағатай кезіндегі артефактілер табылған болатын. 

Screenshot_8.jpg

Соның бірі – тандыр пеш. Тандыр – күйдірілген қызыл саз балшықтан жасалған. Қабырғасының қалыңдығы 1,5 сантиметр, тандырдың биіктігі 70 см және ішкі беті тік және ирек сызықтардың кезектесуі арқылы өрнектелген. Тандырдың түбінен үш жақтаулы темір жебе ұшы табылған, сонымен қатар керамикалық бұйымдар табылған.

Сонымен қатар қалашықтан Ұлы жібек жолына тиесілі материалдар да табылды Қытайға, Арабтарға тиесілі нумизматикалық материалдар, сондай-ақ Риштан-Ферғанада, Самарқандта жасалған керамикалық бұйымдар табылды. 

Кешен аумағында хауыз – жасанды су тоғаны бар. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелері бойынша бекіністе хауз болғандығы белгілі болды. Алынған мәліметтерге сәйкес, оның формасы сегізбұрышқа жақын болды. Хауыз цитадельдің жанындағы бекіністің негізгі алаңында орналасқан. Хауыз құрылысы импровизацияланған материалдардан жасалған болуы мүмкін: ескі кірпіш немесе қара тастарды төсеу арқылы жасалған. Бұл гидротехникалық құрылым әртүрлі мақсаттарда пайдаланылды: ауыз су қоры ретінде, өрт сөндіру жағдайында, сондай-ақ шахристан тұрғындарының серуендейтін орны болған. Барлық бекіністерде, қоршау болған жағдайда су жинауға арналған су қоймалары болған. Хауызды сумен қамту Қошқар ата өзенінен қалашықтың шығыс  жағынан құбырлармен жасанды арық салу арқылы  жүзеге асырылған.  

Сауда қала дамуының маңызды факторларының бірі болды. Қалада үш негізгі бағыт біріктірілді: елдер арасындағы тауар айналымы, қолөнер және ауыл шаруашылығы, қала мен көшпелі дала арасындағы алыс-беріс. Ұлы Жібек жолы Қазақстанның оңтүстігінен Жетісу арқылы өткен. Ол Суяб, Тараз және Испиджаб қалалары арқылы өткендігі белгілі. Көшпелілермен алмасу саудасы үлкен және шекаралас қалаларда – Испиджаб, Отырар, Дех-Нужикесте өткен жәрмеңкелерде жүзеге асырылды. 

Шымкенттің көне орны «Шымқала» тарихи-мәдени кешені аумағынан археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде батыс шахристан аумағынан ХҮІ-ХҮІІ ғасыр, қазақ хандығы дәуіріне жататын ұстахананың орны анықталды. Аршылған құрылыс нысаны орнынан ұстахана және ұста баспанасы бой көтерді.  

«Шымқала» тарихи-мәдени кешені мекемесінің таратқан мәліметіне қарағанда, осыдан мыңдаған жылдар бұрын өмір сүрген ата-бабаларымыз түрлі шикізатты пайдалана отырып, тұрмысқа қажетті тұтыну бұйымдарын, сан-алуан әсемдік әшекейлерді, қару-жарақтарды жасаған. Бұл кәсіп атадан балаға мұра боп қалып, бізге дейін үзілмей жалғасып келді. Ұсталық, зергерлік кәсіп орта ғасырға қарай қазақтар арасында айрықша қарқын алған. Ұсталық кәсіпті түркі тектес халықтар «киелі өнер» деп санаған. Шеберлердің атын атамай «Ұста» деп атаса, ұстаның жұмыс орны «ұстахана» деп аталған. Ұстахананы «қасиетті орын» – деген түсінік қалыптасты.

Ұстаның негізгі құралдары: көрік, төс, балға, көсеу, бұрғы, қашау, егеу, шеге тағы басқа. Ұста қалыпта құю, соғу, шегендеу, зер жүргізу сияқты тәсілдерді қолданған. Ұсталық көрік – көмір отынына арналған кірпіштен қаланған ошақ. Көрікке тоқталар болсақ – Ұсталар мен зергерлер түрлі металарды балқытып қыздырып өңдеу үшін көрік пайдаланған. Оның негізгі қызметі отыққа жел береді. Көрік негізгі түрлері: аспалы көрік, кіші көрік, үлкен көрік, мес көрік. 

Осы ұстаханаға жапсарлас салынған баспана қарапайым құрылыс материалынан – Қошқарата өзені жағасынан алынған саз балшық шымнан тұрғызылған. Жазда салқын, қыста жылы болып келеді. Қонақ бөлме, жатын және ұстаның демалатын бөлмелерінен тұрады. Демалатын бөлмеде сыпа салынған, суық кездері астына от жағылып, жылынған еден үстінде отыруға немесе жатуға ыңғайлы болды. 

Жалпы қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті оның материалдық мәдениетінен көрініс табады. Мұндағы ағаштан жасалған жиһаз, ыдыс-аяқтар көшіп-қонуға ыңғайлы етіп жасалып, түрлі-түске боялған сырмақ, текемет, алаша, құрақ көрпелер көздің жауын алардай. Бұл халқымыздың ертеден қалыптасқан қоршаған орта, аспан әлеміне қатысты мифологиялық таным-түсінігінің туындысы деуге болады. Қазақ халқының қонақжайлылығы ортада тұрған дөңгелек үстелден көрініс тапқан. 

Тарихы терең Шымкент
Шым қала тарихы тереңінен қозғалады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу