Шым қала тарихы тереңінен қозғалады
Жыл санап Шымкент қаласындағы «Ескі қалашықты» көруге келетін туристердің қатары арттып келеді. Шымкент қаласы мәдениет тілдерді дамыту және архивтер басқармасының берген мәліметінше, былтырдың өзінде «Шымқала» тарихи-мәдени кешенін көруге 32 мыңға жуық адам келген.
Оның 30 мыңнан астамы ел азаматтары болса, қалған шетелдік туристер.
Бір атап өтерлігі, «Шымкент ескі қалашығы» – жергілікті маңызы бар, тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген Қазақстан Республикасының археологиялық нысаны. Жалпы екі мың жылан астам тарихы бар Шымкент қаласында табылған жәдігерлер көп. Дегенмен ескі қалашық қорғанына қарап, өткен ғасырларда, яғни, ХІХ ғасырда қала қилы кезеңдерді бастан кешіргенін осында жүргізілген архиологиялық қазба жұмыстары барысында анықтала түсті. Ол кезеңде қаланың тарихи орны «Ескі қалашық» немесе «Цитадель» талай оқиғалардың куәсі болды.
ХІХ ғасырда қоқандықтар Шымкент бекінісін алғаннан кейін төбе аумағы цитадельге айналады. 1864 жылы патша генералы Черняевтің әскері цитаделді басып алып, қыраттың айналасына қорған тұрғыза бастады. «Шымқала» тарихи-мәдени кешені мекемесінің мәліметінше, Патшалық Ресейдің отаршылдары Қазақстанның Оңтүстік облыстарын басып алып, сол жерде орныға бастайды. Верныйдан шыққан подполковник Михаил Черняевтің әскері 4 маусымда Әулиеатаны басып алады. Ал Ақмешіттен шыққан полковник Н. Веревкиннің әскері 12 маусымда Түркістанды, 22 қыркүйекте Шымкентті бағындырады. 1865 жылы 17 маусымда үш күндік шайқастан кейін орыс әскерлері Ташкентті басып алды. Осылайша бұл төңіректе Орынбор генерал-губернаторлығына бағынысты Түркістан облысы құрылады. Түркістан облысының орталығы алғашқыда Шымкент қаласы болады. Облыстың алғашқы бастығы болып оңтүстікті тұңғыш жаулаушы Михаил Григорьевич Черняев, коменданты болып Веревкин тағайындалады. 1866 жылы көктемде орыс әскерлері Бұхар әмірлігінің территориясын бағындырды. Ал, 1867 жылы оның көптеген аумақтары Түркістан генерал-губернаторлығының құрамына енгізіледі.
2004-2005 жылғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде Цитаделдің батыс бөлігінде 54 метрге созылған қыштан тұрғызылған қорған құрылыстары бар қамал дуалдары аршылған, қорғаныс дуалдарының екі шетінде мұнарасы бар. Екі мұнараның арақашықтығы шамамен 38 метр. Қорғаныс дуалдарының ішкі жағында азық-түлік, қару-жарақ сақтауға, сарбаздардың тынығуына арналған казиматтар аршылды. Қамал дуалына жапсырыла салынған тоғыз жайдың орны анықталды, олардың көлемі 4-4,2 метр, сондай-ақ қамал дуалының үстінгі оқ ататын алаңына апаратын пандус болғаны анықталған. Сондай-ақ әскерлердің тынығу бөлмелердің барлығында ошақ болған. Қорғаныс дуалдары қам кірпіштен, ал мұнара мен қарауыл жайы пахсадан қаланған. Дуалдың төменгі жағының ені 5-5,25, ал үстіңгі жағының ені 3,3 метр. Дуалдың сақталған биіктігі 1,3-1,8 метр.
Сонымен қатар қорғаныс дуалының оңтүстік беткейінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде, зерттеу аймағы 3 метр тереңдікке дейін қазылып, нәтижесінде қоқан заманындағы қамал дуалының орны ашылып, екі метр шамасындағы тереңдіктен ХІХ ғасырдың бірінші жартысына тиесілі көзеші пеші және керамика жиынтығы табылды.
Сонымен қатар зерттеу жұмыстарының нәтижесінде қамал он төрт метр тереңдікке дейін қазылып, бірнеше мәдени қабаттар ашылған. Археологиялық зерттеу кезінде көптеген мәдени қабаттардың ашылуы сан қырлы тарихи кезеңдердің бай мұрасынан хабар береді. Атап айтсақ, Қарахан дәуірі, Тимуридтер кезеңі, Қоқан, Ресей мемлекеттері эрасындағы Шым қала тарихы тереңінен қозғалады.