Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты
Сайрам қаласы – түрік халықтарының материалды және рухани қазынасы. Қалада архиологиялық қазба жұмыстарын жүргізген көптеген ғалымдар Сайрам қаласының орнын ертедегі Исфиджаб қаласымен байланыстырады.
Исфиджаб қаласы Қазақстанның орта ғасырдағы ірі қалаларының бірі. ІІІ мың жылдық тарихы бар Сайрам шаһары – түркі халықтарының материалды және рухани қазынасы.
Өткен тарихқа көз жіберсек, Исфиджаб қаласы сауда-қолөнер орталығы және маңайдағы далалық аудандарға исламды таратудың тірегі болды. Исфиджаб атауы соғды тілінен аударғанда «Ақсу» деген мағынаны білдіретіндігін орыс ғалымы В.К. Шуховцов ұсынған. Дегенмен де, Сайрам атауының шығу төркіні жайлы жорамалдар өте көп. Енді кейбір ғалымдардың жорамалдарына сүйенсек, Сайрам атауы «сайрим» атты тайпаның атауынан шыққан дейді. Бұл тайпа атауы алғашқы рет «Авестада» кездеседі.
Авеста – біздің жыл санауға дейінгі VІ-VІІ ғасырларда жазылған Заратуштра дінінің кітабы. Мұнда Ария-тур, Дана, Сайна, Даха тайпаларымен бірге Сайрим тайпалары айтылады. Сайрам жөнінде ең алғашқы рет 629 жылы жазылған қытай саяхатшысы Сюань-Цзянның қолжазбаларында кездеседі, мұнда Сайрам – «Ақ өзен бойындағы қала» деп көрсетілген. Кейін Махмұд Қашқарий еңбегінде: «Сайрам – бұл Ақ қала (Аль маданият ал Байзо). Ол қаланы Исфиджаб және де Сайрам деп те атайды» деп жазған. Тарихи деректерде Сайрам қаласының онға жуық Сайрим, Исфиджаб, Нучингень, Сайлан, Бейшуйху, Альмаданият аль Байзо, Сайрам секілді атауларын кездестіруге болады.
Орта ғасырдың дәуірлеген тұсында, X-XIII ғасырдың басында Исфиджаб аса ірі қалаға айналды. Исфиджаб жөнінде Әл-Якуби IX ғасыр, Ибн Хаукаль X ғасыр, Әл-Мақдиси X ғасыр, Рашид Ад-дин XIII ғасырда өз еңбектерінде жазған. Исфиджабты Нух ибн Асад (Әл-Белазури) жаулап алған. Испиджабтың Саманидтерге бағынуы исламның әдеуір тез таралуына себепші болды. X ғасырдан бастап Исфиджаб Сайрам ретінде аталған. Ол туралы Махмұд Қашғари «Диуани луғат-ат-түрк» деген еңбегінде атап өтеді. 1214 жылы қаланы Хорезм шаһы Мұхаммед (Якут әл-Хамауи) қиратқан. Оны тағы 1219-20 жылдары моңғолдар қиратады. 1221 жылы Сайрам Қытай монахы Чань-Чунның сапарына байланысты шежіре баяндалады. 1582 жылы Абдаллах хан қаланы басып алып, тонайды, 1684 және 1723 жылдары Сайрамды жоңғарлар тонайды.
Демек, Сайрам – Исфиджабтың кейінгі аты. Исфиджаб қалашығы туралы зерттеу жұмыстарын 1923 жылдары П.П. Иванов, 1925 жылдары М.Е. Массон, 1947 жылдары Н. Бернштам басқарған. Олардың археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінен қаланың бірнеше қақпа дуалынан тұрғанын байқаймыз. Исфиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, құлдыққа әкетіліп жатты. Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі «Бұхара қақпасы» арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған «Нуджикет қақпасы» Бадам өзені аңғарында орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек.
Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салған.