Ұлттық киім кию – ұлттық рухты көтеру
Ұлттық киімнің трендке айналуы – бұл ұлттық мәдениетке деген жаңа көзқарас және оны заманауи өмірге енгізу талпынысы. Бұл үрдіс мәдениетіміздің жаңғыруына, ұлттық болмысымызды сақтауға, оны болашақ ұрпаққа жеткізуге оң әсерін тигізетіні анық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Басқа жұрт қазақты киімінен танитын болуы керек. Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл – өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн», – деп атап өткен болатын. Президент айтқандай, қазақ ұлттық киімі тек сәндік элемент емес, ол қазақ халқының дүниетанымын, өмір салтын, эстетикалық талғамын білдіретін, тарихы терең мәдени құндылық. Бүгінде ұлттық киімдер той-мерекелерде киіліп, қазақ халқының тарихи болмысын танытуда маңызды рөл атқарады.
Президент тапсырмасына сәйкес Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан ұлттық киімді насихаттау мақсатында түрлі іс-шаралары мен фестивальдер жиі ұйымдастырылып отырады. Мәселен, аталған мекемелердің ұйымдастыруындағы «Ұлттық киім – ұрпаққа мұра» атты іс-шара көптің көңілінен шыққанын қала тұрғындары әлі ұмыта қойған жоқ.
Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айкерім Жұмағұлованың айтуынша, бүгінгі күні жастар арасында ұлттық нақыштағы киімдерді кию – трендке айналған. Бұл кәсіби дизайнерлердің заманауи киімдерді этно стильмен ұштастыра алауында деп білеміз. Ұлттық киімдер сән индустриясында трендке айналып, заманауи киім үлгілеріне ерекше реңк беруде. Бұл үрдіс қазақ мәдениетінің қайта жаңғыруына, оның құндылықтарын жастар арасында насихаттауға үлкен үлес қосып отыр. Дәл осы бағытты ұстанып ұлттық киім тігумен және ұлттық нақышта зергерлік бұйымдар жасаумен айналысатын шеберлер көп. Сала мамандары «мұндай киім үлгілері тек елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде сұранысқа ие. Ендігі мақсат жастар арасында кеңінен насихаттау» дейді.
Ұлттық киім дизайнері Марат Ерімбетов ұлттық киімдерді әлемдік деңгейде танытуды көздеп отырған жастың бірі. «Сән әлемі үнемі жаңарып отырады. Тек денені жабу үшін ғана емес, қазақта сырт киім арқылы астарлы, ойлы сөздерді жеткізетін болған. Қазір менің екі киім үлгім бар. Бірі ұлттық киімдерді этностильде жаңғырту болса, келесі заманауи стильді қамтыды», -дейді ол.
Марат Ерімбетов Ұлттық киімнің трендке айналуының себептерін былайша түсіндіреді. Мәдениетке қызығушылықтың артуы: Жастар арасында өз мәдениетін құрметтеу, ұлттық құндылықтарды тану және оны қазіргі заманғы өмірмен үйлестіру үлкен танымалдылыққа ие болып жатыр. Ұлттық киімдерді кию арқылы жастар өздерінің төл мәдениетін көрсетуді мақтаныш санайды. Дизайнерлердің жаңа көзқарасы: Қазақстандық дизайнерлер ұлттық киімдерді жаңаша көзқараспен қарастырып, оларды заманауи стильге бейімдеп жасауда. Шапан, камзол, әшекейлер қазіргі сән үлгілерімен үйлесіп, күнделікті киюге де ыңғайлы бола бастады. Танымал тұлғалардың ықпалы: Әншілер, актерлер, блогерлер ұлттық нақыштағы киімдерді көпшілік алдында жиі киіп, ұлттық киімге деген сұранысты арттырып келеді. Бұл тренд жастар арасында тез таралып, оған деген қызығушылықты арттырды. Киімнің бірегейлігі: Ұлттық киімдер өзіндік ою-өрнектерімен, ерекше әшекейлерімен кез келген киімнен ерекшеленіп тұрады. Әсіресе, халықаралық сахналарда ұлттық киім кию өз ерекшелігін көрсетуге мүмкіндік береді. Ұлттық рухты көтеру: Ұлттық киімдерді кию адамдарды біріктіріп, ұлттық рухты арттыруда үлкен рөл атқарады. Бұл үрдіс әсіресе мерекелер мен салтанатты шараларда, сонымен қатар халықаралық іс-шараларда кеңінен қолданылып жүр. Ұлттық киімдер адамның әлеуметтік статусын, жасын білдіреді. Мысалы, ерлердің бас киімі – бөрік, тымақ; әйелдердің бас киімі – сәукеле, кимешек жасына қарай әртүрлі әшекейленеді. Сәукеле – тұрмысқа шығатын қыздардың бас киімі болса, кимешек – егде жастағы әйелдерге арналған. Заманауи элементтерді қосу арқылы дәстүрлі киімдер қазіргі заманғы киіммен үйлесетіндей етіп өңделіп, күнделікті өмірде киюге ыңғайлы бола бастады. Шапан, камзол сияқты киімдер джинсы, көйлек, пиджак сияқты қазіргі киімдермен үйлесіп, әмбебап үлгіге айналды. Сонымен қатар, экологиялық таза материалдар сәнге кіріп, киімдер табиғи материалдардан жасалып, заманауи трендтерге сәйкес экологиялық таза өнімге айналып отыр.