Бесікке салу қазақтың көнеден келе жатқан ата дәстүрі
Қазақ халқының ежелгі замандардан бері қолданып, пайдаланып келген тұрмыстық бұйымының бірі – бесік. Ол әлі күнге қолданыстан шыққан жоқ. Ұлтпен бірге жалғасып, халықпен бірге жасасып келеді.
Бесік – өмірге келген шақалақтың қарақұлақтанып, айналаны танып-білуіне шейінгі ұйықтап демалатын төсегі. Өмірге келген баланы бірнеше күннен кейін бесікке салады.
Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының қызметкері А.Орынбекованың айтуынша, қазақ халқында «баланы бесікке салу» – қуанышты да жауапты рәсім болып саналады. Өмірге келген бала бірнеше күн анасының баурында ұйықтап, жөргекке құндақталып ұйықтатылып, қоректендіріледі. Бұл кезеңде баланың үлкен-кіші дәреті жөргекті үнемі былғайтындықтан, сәбидің денесі үшін де, оны құрғатып, бағып-күтіп, тамақтандыратын анасы үшін де оңай болмайды. Сол себепті де баланың мазасы кетіп жыламауын, тоңбауын, ыстықтамауын, тағы басқа да жағдайларын ескере отырып, бесіктің гигиеналық, уақытты үнемдеу, қауіпсіздік және тағы басқа тұрғысында пайдалы екендігін білетін ата-анасы шақалақ нәрестені бесікке салу рәсіміне дайындалатын болған.
Кейбір өңірлерде қызы тұңғышын босанғанда төркін жұрты артынан бесік жасаулап апаратын дәстүр бар. Қазіргі күні осы дәстүр Қазақстанның көп өңірлеріне тарап келе жатқандығы байқалады. Қазақтың ежелгі «бесік тойы» да заман ағымына қарай түрленіп, жаңа сипатқа еніп келеді. Бұл бесіктің түркі халықтарының, оның ішінде қазақ үшін ешқашан өз маңызын жоймайтындығын көрсетсе керек.
Бала өмірге келгеннен соң бірер аптадан соң өтетін бұл жауапты рәсімге тек әйелдер мен оларға еріп келіп «тышты ма» жеуге жиналатын ұсақ бала-шаға ғана қатысатын болған.
– Бесік ағашты дайындау әкенің міндеті болса, матадан тігілетін жабдықтарын дайындау – әженің немесе анасының мойнындағы міндетті шаруа болған. Бесіктің жабдығын дайындау – қазақ әлемінің әр түкпірінде әрқилы ерекшелікке ие. Кейбір өңірлерде бесікті баланың нағашы жұрты әзірлеп әкеледі. Баланы бесікке салардан бір күн бұрын көрші-қолаң, алыс-жуықтағы тиісті адамдарды арнайы адам жіберіп шақыратын, осы бір қуанышты күн үшін арнайы дастарқан дайындалатын дәстүр бар. Баланы бесікке салу рәсіміне келуге тиіс адамдарға арнайы шақыртып алған соң ғана негізгі бөлігі басталады. Бесікке салуға келген адамдар да өздерінің шашуларын, көрімдіктерін ала келуге тиіс. Орталықтың ұйымдастыруымен Шымкент қаласындағы Абдурахман Махсуми қажы мешітінде «Бесікке салу» іс-шарасын өткіздік. Оған негізінен жастар қатысты. Сөйтіп біздің тарапымыздан ұйымдастырылған іс-шарада нәрестені ардагер ұстаз Наргиза Құрбанова бесікке салып, дәстүрімізді жастарға насихаттады, – дейді орталық маманы.
Қазақ ырымында баланы бесікке салатын әйел заты негізінен көп балалы, жасы егделеген ақ самайлы әжелер болып келеді. Бұл жағдайдың мәнісі: «Бесікке салынған жас сәби осы кісі сияқты өсіп-өніп, ұрпағы мол болсын, ұзақ жасасын», – деген ниеттен туындаған. Немесе, елге белгілі өнер адамдары, қолында билігі бар тұлғалар да баланы бесікке салуы мүмкін. Бесікке салу жолы көбінесе ауылдағы ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, өнегелі әжелерге, әйелдерге тапсырылады. Бір-екі келіншек бесікті түбек, шүмек, құс төсек, жастық, жөргек, қолбау, тізебау, тізе жастық, екі тартпасы сияқты бесікке тән керек-жарақтармен жақсылап жабдықтайды. Киізден жасалатын түбектің түбіне күл салып қоятын болған. Күл салудың оның бір себебі бесікті тербеткенде нәрестенің зәрі шайқатылмау үшін, ал екіншісі оның күлге төгіліп, жылы бу шығарып тұруы үшін жасалған тапқырлық. Шүмекті қойдың асықты жілігінен жасаған, ол айрықша аппақ болу үшін сүтке қайнатылған.