Тарихы терең Шымкент
Шымкент қаласы жыл санап дамып, гүлденіп, жаңаша кейіпке еніп, ұлттық салт-дәстүрді байыта түскен шаһар. Миллион тұрғыны бар қаланың қазіргі аумағы 117 мың гектарды құрайды.
Қаланың әр гектарында өткен күннен қалған белгі, тамырын тереңнен тартқан тарих бар. Соның бірі – жергілікті маңызы бар, тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген «Шымкент ескі қалашығы».
Көне Шымкент қалашығының көлемі 4,5 гектар аумақты алып жатыр. Қазіргі мегаполистің оңтүстік бөлігінде қаланың жалпы деңгейінен биік орналасқан көне қаланың пайда болуымен дамуын зерттеу үшін, мұнда үздіксіз археологиялық қазба жұмыстар жүргізіліп келеді. 1958-59 жылдары қалашықта Шымкент пединститутының археологиялық отряды белгілі ғалым, археолог Николай Подушкиннің басшылығымен қазба жұмыстары жүргізілді. Ал 1986-87 жылдары рестовратор, археолог А. Итенованың басшылығымен Қазжобалау институтының археологиялық отряды қазба жұмыстарын жүргізді. Қазба жұмыстарының нәтижесінде барлық үйлер тікбұрышты, магистральды және тұйық көшелерге шығатыны белгілі болды.
Ал 2003-2020 жылдар аралығындағы археологиялық қазба жұмыстардың нәтижесінде Ескі қалашықты ашық аспан астындағы музейлендіру жұмыстары жүргізілді. 2021 жылы 1мамырда «Шым қала» тарихи –мәдени кешені» деп аталып, келушілерге есігін ашты.
Осы кезеңге тереңірек тоқталар болсақ, көне қалашықта 2003-2004 жылдары әкімшіліктің қолдауымен, 2004-2008 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген болатын. Археолог, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі Бауыржан Байтанаев сол зерттеулерінің негізінде 2012 жылы «История Шымкента» атты көлемді ғылыми еңбек жазып шығарды. Ол басқарған экспедиция 2003-2004 жылдардағы қазба нәтижесінде қаланың 2200 жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеген. 2200 жылдық тарихы 2019 жылдың 12-27 қараша айында ЮНЕСКО көлемінде мойындалып, 2020 жылы өтетін Халықаралық іс-шаралардың тізіміне кіруі мегаполис үшін өте маңызды оқиға болды.
Сонымен Шымкент қаласының тарихи орны – «Шымкент ескі қалашығында» үш стратиграфиялық қазба жасалған. Бірінші, үшінші қазба 2003 жылы толықтай зерттелген. 2003-2004 жылы зерттелген екінші қазбаның тереңдігі 12 метрден асып, нәтижесінде б.д.д І ғасырдан бастап кейінгі ортағасырға дейін жататын материалдар табылды. Бұл табылған керамикалық материалдар Шымкент қалашығының даму кезеңін айқындап берді.
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің ғылыми қызметкері Н.Төлееваның айтуынша, Шымкент қалажұрты Бадам мен Қошқарата өзендерінің ортасында орналасқан. Қытайдың әйгілі ғалымы Монах СюаньЦзянь 629 жылы Үндістанға жасаған саяхаты туралы жазбаларында Тараз, Ақсу, Кунгу, Ташкент арасындағы аймақты сипаттай отырып мұны Нуджикет мемлекеті деп суреттеген. Ол былай деп жазады: «Жері құнарлы, егіншілікке қолайлы, от-шөп, орман-тоғай, гүл-бәйшешек пен жеміс-жидекке аса бай, сондай-ақ, тым құнды бағаланатын жүзім де көп өндіріледі. Бұл елде жүзге тарта елді мекен бар, олардың әрқайсысының өз билеушісі бар. Әр қаланың өз билігі өзінде, бір-біріне өзара тәуелді емес. Әр қаланың өз алдына жеке шекарасы болғанымен, алайда, олар біртұтас Нуджикент мемлекеті деп аталады».
Парсы тарихшысы Шарафад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-наме» шығармасында Шымкентті Сайрам маңындағы елдімекен деп көрсеткен. «...Бахрам Жалаир Темір мен Кейхосровтың рұқсатынсыз Джета әскерімен Ташкенттен Сайрамға кеткен». Ал Темір мен Кейхосровтың арбалы керуені Бахрамда болғандықтан, олар соның артынан ере жөнелген. Екеуі Сайрамға жеткен уақытта өздерінің арбалы керуендерін Чимикент деген қоныстан тапқан» деп жазылған «Зафар-намеде». Бұл 1365-1366 жылдары болған оқиға.
Сонымен қатар жазба деректеріне сүйенсек Түркістан өлкесінің зерттеушісі А.Добросмыслов 1912 жылғы өзінің «Сырдария облыстары» атты кітабында сауалнамалық мәліметтер мен этнографиялық зерттеулерге сүйене отырып, Шымкент қаласы ХІІ ғасырда өмір сүрген деген тұжырым жасайды. Қазіргі ғалымдардың зерттеуі мен археологиялық ашылулар нәтижесінде қала Х ғасырда Нуджикент деп танылған. Бұл жөнінде араб тарихшысы Ибн Хаукаль шығармасында 977 жылы Испиджаб-Сайрам қақпалары жайында айтқанда «Нуджакент қақпасы» деп те атап өтеді.
Ғалымдар Шымкент сөзінің шығу тарихын түрлі тарихи деректерде әрқалай айтады: бау-бақшалы қала», «жасыл қала», «Шыммен қоршалған қала».
Көне Шымкент үш бөліктен тұрған Цитадель, шахристан, рабат болған, осы құрылым 1500 жылдай уақыт сақталған. Шахристан – Иран сөзінен «шахр» – «қала», «стан» – «орын» деген сөзді білдіреді. Орта Азиядағы ерте феодалдық қаланың аумағы. Қаланың негізгі өзегі, билеуші мен дворяндардың резиденциясы. Ал цитадель – қаланың ең бекіністі орталық бөлігі, өзін-өзі қорғауға бейімделген, шабуыл кезінде қорғаушылардың соңғы панасы. Рабад – шахристаннан тыс жерде орналасқан қала маңындағы қолөнер елді мекендері. Онда қарапайым тұрғындар, қолөнершілер тұрған. Қаланың сыртында мал бағуға, егін егуге жәйлі жайлар болған. Қазіргі таңда қалашықтың Цитадель мен шахристан бөлігі ғана сақталған, ал рабат толығымен жойылған (Қазіргі таңда Рабадта заманауи құрылыстар тығыз орналасқан).
Айта кетсек, мұнда өткен ғасырдың 50-жылдарынан бастап қазба жұмыстары жүргізілген. Ал екі мыңыншы жылдардың басында бұл жерге археологтардың қызығушылығы артып, қазба жұмыстарының ауқымы өсті. Қазба жұмыстары археологтарға Шымкенттің кем дегенде 2200 жылдық тарихы бар деп айтуға негіз берді. Алаңдағы мәдени қабаттардың қалыңдығы жалпы 14 метрді құрады, ал ең төменгі қабатта археологтар біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырдың соңы мен II ғасырдың басына жататын қыш сынықтарын тапты. Бұл Қаңлы дәуірі – сақтардың ұрпақтары. Қаңлы мемлекетінің орталығы Орталық Сырдарияда болған. Сонымен, археологтар қаланың қалыптасу уақытын б.з.д II ғасыр деп анықтады және сәйкесінше Шымкенттің жасы 2200 жылды құрайды.