Ұлттық құндылықтар – ұрпақтар сабақтастығы
Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесі мен «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалы өскелең ұрпақтың бойына атадан балаға мирас болып келе жатқан тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері дейтін асыл қасиеттерді сіңіруде көп жұмыс атқарып келеді.
«Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігі Шымкент қалалық филиалының басшысы Ә.Көздібаеваның айтуынша, мемлекеттік тілді ұрпақ бойына сіңіру – бұл ұлттық болмысты сақтап қалудың бірден-бір жолы. Тілді ұрпаққа сіңіру көп күш пен ықыласты талап етеді. Бұл – ұлттық сананың сақталуына, болашақта қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге жол ашады. Тілді күнделікті өмірде қолдану, сонымен қатар оның білім беру жүйесіндегі рөлін арттыру ұрпақ бойына тілді сіңіруде шешуші факторлар болып табылады.
– Мемлекеттік тілді ұрпақ бойына сіңіру мақсатында біз қалалық Ардагерлер және Шымкент қалалық білім басқармасымен бірлесе жұмыс істеп келеміз. Былтыр біз №66 «Қазығұрт» жалпы білім беретін орта мектебінде «Заманауи тәрбие әлемі. Ұлттық құндылықтар. Ұрпақтар сабақтастығы» тақырыбында әдістемелік-тәжірибелік семинар өткізген болатынбыз. Семинар барысында ұмыт бола бастаған әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер жастарға жан-жақты насихатталды. Мәселен, мектеп ауласындағы киіз үйдің ішінде мектеп мұғалімдері қойған «Ұрын бару» атты ұмыт болған ұлттық дәстүрді жаңғыртқан қойылымдары көрермендердің көңілінен шықты. Міне, биыл да осы бағыттағы жұмыстар біздің тарапымыздан өз жалғасын тауып отыр, – дейді ол.
Ал Шымкент қалалық білім басқармасы қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы А.Сүлейменова балалардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде Ардагерлер кеңесі жанындағы «Ардагер ұстаздар», «Әкелер мектебі», «Аналар алқасы» топтарының және республикалық «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігінің еңбегі зор екенін айтты.
Қоғамдық бірлестіктің бүгінгі күні алдыға қойып отырған мақсаты белсенді, озық ойлы, ақыл-парасаты мол, қоғам дамуына белсенді үлес қосатын көшбасшы жастарды тәрбиелеу. Осы ретте Шымкент қалалық Ардагерлер кеңесі мен «Ұлттық құндылықтар Академиясы» қоғамдық бірлестігі бұдан әрі де жаңа оқу жылынан бастап өңірдегі білім мекемелерімен бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін жеткізді.
– Ұлттық құндылықтар Академиясы қоғамдық бірлестігінің басшысы Ә.Дүйсебек зерттеулерінен қарастыратын болсақ, ұлттық құндылықтар 8 бағытта жүйеленген. Олар «Адам», «Отбасы», «Отан», «Мемлекеттік тіл», «Руханият», «Құнды білім», «Еңбек», «Табиғат». Оның еңбегінде әрбір құндылық дараландырылып, ішкі жүйе құраушылары аталып, олардың мәні ашылып көрсетілген. Осылайша Ұлттық құндылықтар Академиясы қоғамдық бірлестігі ұсынған жүйе Президентіміздің «Әділетті Қазақстан. Адал азамат» идеясын жүзеге асырудың барлық салаларын кешенді және өзара сабақтастықта қамтиды деп дәйектеуге әбден болады, – дейді Ә.Көздібаева.