Түрлі ғасырлар мен дәуірлерге жататын нысандар біздің тарихи мұраларымыз
Шымкент қаласындағы тарихи ескерткіштер мен тарихи-мәдени нысандар мемлекет қорғауына алынған. Олардың барлығының аумағы абаттандырылып, қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылып келеді.
Оның қатарында бірқатар тарихи кешендер де бар. Мәселен, соның бірі – металлургтар сарайы.
Бұл тарихи кешен өткен ғасырдың 1950 жылдары салынған. Ол Шымкент қаласындағы ең әдемі және монументалды ғимараттардың бірі болып саналған. Кезінде Қорғасын зауытының аумағында бой көтерген мәдениет үйіне қарап, 40-шы жылдардағы қаланың айқын бейнесін көруге болады. Металлургтер мәдениет сарайы кәсіпорын қызметкерлерінің мәдени демалысы үшін салынған және жанында саябақ құрылысы бірге жүрген. Әсіресе 80жылдарда мәдениет сарайында шығармашылық зиялы қауым өкілдері көптеп жиналып, мәдени іс-шаралар жиі ұйымдастарылған. Бұл ғимарат қаланың 1 Мамыр көшесіндегі №10 үй мекенжайында орналасқан.
Содан кейін жиырмасыншы ғасыр басында салынған Анаров көшесіндегі 22 үй. Бұл қаладағы ең көне ғимараттың бірі. Бұл Темір жол бекеті аумағында бой көтерген тұрғын үй. Бір қабатты ғимараттың көлемі – 14х6 метр. Сырты ағашпен әрленген.
Осы кезеңге, яғни, жиырмасыншы ғасырдың басына жататын қалада тағы бір тарихи кешен бар. Ол – Никольский шіркеуі. Шіркеу қала орталығындағы Кең-баба этносаябағының ішінде орналасқан. Бұл ғимарат 1914 жылы салынған, ол қызыл кірпіштен жасалған және қаладағы орыс сәулетінің ең жақсы үлгілерінің бірі болып табылады. 1920 жылы шіркеу жабылды. Әр уақытта мұнда облыстық кітапхана, ауылшаруашылық техникумы және пионерлер сарайы орналасқан. Жүз жылдан астам тарихта ғимарат бірнеше рет қайта құрудан өтті: 1952 жылы оған үшінші қабат қосылды, 1960 жылы ол өрттен кейін қалпына келтірілді, ал тәуелсіздік жылдарында билік оны бірнеше рет ішінен қалпына келтірді. 2011 жылдан бастап ғимарат қуыршақ театрына берілді.
Саябақ демекші, Шымкенттегі Орталық саябақ та тарихи-мәдени нысандар қатарына жатады. Оның тарихы 1886 жылдан бастау алады. Саябақ қала орталығындағы Қазыбек би және Тәуке хан көшелерінің қиылысында орналасқан.1886 жылы қала бекінісінің оңтүстік-шығысында, Қошқар Ата өзенінің жанында орналасқан «Русская слободка» ауданының тұрғындары қоғамдық бау-бақша егіп, оны «Черняевский» деп атаған. Ал Кеңес кезінде бау-бақша көркейіп, оған «Орталық демалыс және мәдениет саябағы» деген атау беріледі. Ұқыпты егілген гүл бақтар және күтілген аллеялар арқасында саябақ кешкі серуендеуді ұнататын қала тұрғындарының сүйкіті орнына айналған. Бірнеше ұрпақтың сүйікті демалыс орнына айналған саябақ ғасырлардың куәсі. Бүгінде ондағы ағаштар, гүлдер мен су бұрқағы демалыс аймағының көркін ашқан. Саябақта қала ардагерлері мен қариялары шахмат ойнауды дәстүрге айналдырған.
Бір айта кетерлігі, саябақта өткен ғасырдың басында отырғызылған ағаштар да сақталған. Тәліпбек Ұланбайұлы Орталық саябақта 2013 жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, саябақтағы ағаштардың көбісі 1940-50 жылдары отырғызылған, қазір олар алып ағашқа айналып, сая беріп тұр. Бірнеше ұрпақтың сүйікті тарихи-мәдени демалыс орнына айналған саябаққа қалалықтардың қамқорлығы ерек. Шымкенттіктер демалыс орнына тұрақты түрде сенбілік өткізіп, тазалық шараларын да жүргізіп тұрады.
Енді қала аумағындағы көне тарихи-мәдени ескерткіштер тарихына тоқталар болсақ. Олар қала аумағындағы обалар. Оба (патшалық) – І-ІҮ ғасырларға жататын ескерткіші. Қаланың солтүстік бөлігінде Д. Қонаев және Т.Рысқұлов көшелерінің қиылысында орналасқан оба қорғауға алынған. «Алаңқайлы төбе» тәрізді тарихи орын батыстан шығысқа қарай аздап созылған, көлемі – 70х45 метр, биіктігі – 1,5-2 метр. Алаңның ортасындағы төбенің көлемі – 15х13 метр, биіктігі – 5 метр. Айналасына және жоғары жағына қазіргі заманғы құрылыс жұмыстары түскен.
Оба қорымы – біздің заманымызға дейінгі І мың жылдықтан айғақтайтын орын Бадам өзенінің сол жағасы, Шымкент қаласынан Ташкентке шығар жолда орналасқан. Топырақтан үйілген обалар жоспарда дөңгелекше-жайпақтау болып келген. Арасындағы үлкен обаның диаметрі – 18-22 метр. Қалған үш обаның көлемі әлдеқайда кішірек. Қазба жұмыстары жүргізілген. Келесісі Жеке оба – біздің заманымызға дейінгі І мың жылдықтағы тарихи мекен дейді археологтар. Бадам өзенінің сол жағасы, май комбинатына қарсы бетте орналасқан оба дөңгелекше болып, солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған. Солтүстік жағы тік болып келген. Топырақтан үйілген обаның биіктігі – 12 метр. Археологтар бұл мекенді қарауылтөбе болуы мүмкін деген жорамал айтады.
Қорыта айтқанда, Шымкент қаласының аумағында ежелгі киелі ескерткіштер және сәулет нысандарының қатары аз емес. Түрлі ғасырлар мен дәуірлерге жататын нысандар біздің тарихи мұраларымыз. Олардың басым көпшілігі мемлекет қорғауындағы ескерткіштер.