Қаладағы әр төбенің өз тарихы, өзіндік мәні бар

Oinet.kz 01-09-2025 38

Шымкент – тарихы терең көне қала. Ғалымдар тарапынан қаланың көне тарихын дәлелдейтін қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер ЮНЕСКО-ға ұсынылып, шаһардың 2200 жылдығы бекітіліп, ең көне қалалар тізіміне енді. 

Screenshot_43.jpg

Қала тарихын зерттеп жүрген ғалым-тарихшы Момбек Әбдіәкімұлының айтуынша, көне тарихтан сыр шертетін шаһарда жәдігерлер өте көп. Шымкент қаласында көненің көзіндей болып, қала ортасы, шеті немесе өзен-су жағаларында, сай ылдиларында төбе-ескерткіштер көп кездеседі. Мұндай жасанды төбелердің өзінің атқарған маңызды рөлі болған.

Тарихшының айтуынша, көне тайпалардан қалған ескерткіш қаланың бірнеше нүктесінде әлі күнге дейін сақталған. Мәселен, Дулати көшесінің басындағы, нақтылап айтқанда Дулати мен Рысқұлов және Қонаев көшелерінің қиылысындағы үшбұрышты аумақта тұрған төбе. Қазір ол жерде темірмен тұрғызылған белгі бар. Төбенің жанынан ашылған мейрамхананың астында суы мол бұлақ аққан, кейін арнасы жабылып қалған. 

ХІХ ғасырдың аяғындағы орыс жиһангездерінің жазуынша, осындай төбе кезінде Жангелдин көшесі бойындағы қазіргі «Лакомка» кафесінің жанынан ағып өтетін Қарасу арнасының сол жағалауында болыпты. Алайда 1960 жылдары сол жерге жаңа құрылыстар жүргізілгенде төбе тегістеліп кеткен. Сондай-ақ ескерткіш-төбе №2 аурухана мен Пресс-автомат өндіріс орнының құрылысы жүргенде астында қалған. Темірлан тас жолы бойындағы Тұрлан шағынауданы мен Темірші әулие қорымының маңында да тұрған. Қазір Темірші әулиенің қасындағы төбе шөгіп, сұлбасы ғана сақталған. Хамза шағынауданы маңында, да төбенің орны болған. 

Тарихшылардың айтуынша, қала аумағындағы жасанды төбелерді осы өлкеде осыдан үш немесе екі мың жылдай бұрын мекендеген сақ-үйсін тайпалары тұрғызған. Әр тайпаның көсемі өзі отырған жердегі жанға жайлы, желден ық немесе ыстықта салқын болып келетін өзен-су жағаларына биік төбелер тұрғызып, сонда отбасымен отырған, керек кезде ел мәселесін шешкен деседі. Былайша айтқанда, мұндай төбелер ру-тайпалардың билеушілерінің резиденциясы қызметін атқарған. 

«Шымқаланың көне аумағында көне заманғы төбелер шоғыры неліктен көп болған? Болжам бойынша Шымқала маңы ежелден суларында ерекше қасиет бар бұлақтар шығып жатқан нәрлі жер. Екіншіден, Шымқаланың жері құнарлы, шөбі шүйгін, табиғаты мен климаты адам тіршілігіне жайлы мекен. Үшіншіден мал жайылымына қолайлы, өзен-сай жағаларында өздігінен өнген табиғи жеміс-жидектер, қамысы мен түрлі дарақты нуының арасында аңның мың түрі өрген көрікті алап. Осының барлығы ата-бабаларымызға Шымқала аумағын жиірек қоныстануға ықпал етсе керек. Қай заманда болса да, адамдар еңбірінші сулы алапты іздеген һәм сонда көбіне орныққан. Бұл сұраныс та Шымқала аймағы барлық талаптарға сай келген. Бәлкім көне замандағы бабалардың тіршілігінен хабар беретін әлгіндей төбелердің осында көп болғандығы һәм мұнда жиірек қоныстануының себебі осындай жағдайлардың арқасында іске асқан шығар. Қайткенде де, біз айтқан осынау үйілген төбелер Шымқаланың көне жұрттар мекені болғанын бір тараптан айғақтап тұр», - дейді тарихшы Момбек Әбдіәкімұлы.

Елдік пен ерлікке бастаған ескерткіш
Түрлі ғасырлар мен дәуірлерге жататын нысандар біздің тарихи мұраларымыз
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу