Ата Заң – ұлттық дәстүрдің заңды жалғасы
Ата Заң – тәуелсіздігіміздің тұғыры, мемлекетіміздің берік діңгегі. Ұлы дала тарихына зер салсақ, ата-бабамыз әділдікке, заңдылыққа әрқашан ерекше мән берген.
Елдің тұрмыс-тіршілігін реттеп, дау-жанжалды шешкен билер соты – соның айқын айғағы. Ал Әз-Тәуке хан тұсындағы «Жеті жарғы» құқықтық мәдениетіміздің асыл қазынасы болды. Бүгінгі Ата Заңымыз сол дәстүрдің заңды жалғасы екені сөзсіз.
Шымкент қаласындағы «Қызғалдақ» сарайында «Ата Заңым – айбыным» атты Конституция күніне арналған салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Биыл еліміздің басты құжаты Конституцияның қабылданғанына 30 жыл толып отыр. Осы тарихи белесті айшықтаған мерекелік кештің негізгі мақсаты да сол, ел азаматтарының құқықтық мәдениетін арттыру, Ата Заңның қоғамдағы маңызын насихаттау және ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталды.
Бұл кешке Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Мерекелік іс-шара Мемлекеттік Ту мен Конституцияны сахнаға алып шығу рәсімімен басталып, Мемлекеттік әнұран шырқалды. Бұдан кейін көпшілік назарына арнайы дайындалған бейнеролик ұсынылды.
Келелі жиында сөз алған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Конституцияның ел дамуындағы орнына тоқталып, барша шымкенттіктерді мерекемен құттықтады. Одан кейін салтанатты жиында ел дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың арасында «№2 Қалалық аурухана» МКК хирургия бөлімінің меңгерушісі Серік Жолдасов, «Космодемьянская атындағы №23» мектеп-лицейінің мұғалімі Шекербек Шахабаев, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев, AMANAT партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев бар. Бұл азаматтар мерекелік медаль иегерлері атанды. Сондай-ақ Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бөлім прокуроры, 2-сыныпты заңгер Қуаныш Аманбаев, Қарулы Күштер Штаб бастығы 10216 әскери бөлімінің аға маманы Айсұлу Қалдыбекова, Шымкент қаласы әкімі аппаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің басшысы Гүлмира Пернебаева, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының заңгері Руслан Шазадаев шаһар басшысының қолынан Алғыс хат алды.
Іс-шара соңы патриоттық әндерден құралған концерттік бағдарламаға ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтары патриоттық рухтағы «Ата заң», «Атамекен», «Қазақ елі», «Жаңа Қазақстан» сынды әндерді тыңдап, «Дала даналығы», «Қазына», «Яссы» би ансамбльдерінің өнерін тамашалады. Сондай-ақ, «Көшпенділер», «Қыран бүркіт», «Алаш ұраны» сияқты ұлттық шығармалар көпшілік көңілінен шықты. Осылайша, Конституциясының 30 жылдығына арналған концерттік бағдарлама қатысушыларға ұлттық рух сыйлап, маңызды құжаттың мән-мағынасын тағы бір ашып берді.