Шымкенттіктер тұрақты экологиялық даму бағытын айқындады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» ауқымды республикалық экологиялық акциясы өтуде.
Бұл бастаманың мақсаты – еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту ғана емес, сонымен қатар азаматтардың экологиялық жауапкершілікті ойлауын қалыптастыру, сана мен ой тазалығын сақтау, отансүйгіштік, табиғатты аялау мәдениетін дамыту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қоғамның қатысуын арттыру.
Шымкент қаласында жүріп жатқан экологиялық акция барған сайын қоғам өмірінің саналы бөлігіне айналып келеді. Шаһар тұрғындары өздері тұратын аулаларын, көшелерін, саябақтарын таза ұстап, ағаш отырғызуға, сенбіліктерге және қоршаған орта мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған басқа да іс-шараларға белсене қатысуда. Атап айтсақ, 27 тамыз күні Шымкент қаласының Абай, Қаратау, Тұран аудандары аумағында санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және көгалдандыру бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыстар қаланың көркеюіне және тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыруға бағытталған.
Ол іс-шараларға жалпы саны 100-ден астам адам және 21 бірлік арнайы техника жұмылдырылды. Асар, Шымсити, Қайнарбұлақ, Бозарық, шағын аудандары мен Бәйдібек би даңғылы, А2 айналма жолы, Түркістан, Темірлан тас жолы, Бақбаев, Әл-Фараби, Өтегенов, Төлеметов, Арғынбеков, Жиделібайсын, Жаңа талап, Гагарин, Бөлешев, Сырым батыр, Бәйтереков, Ерімбетов, Алматы көшелерінің бойы мен арық-атыздарды тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 4450 метр ирригациялық жүйелер тазаланды. Жалпы 149 тонна қоқыс шығарылды.
Аумақтардағы тазалықты қамтамасыз ету үшін қоқыс жинау жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында қосымша жұмысшылар тартылып, мобильді топтар түнгі ауысымда да тазалық жұмыстарын жалғастыруда. Бұл – тазалықты тәулік бойы қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралардың бірі.
Сонымен қатар, көгалдандыру бағытында 78 маманның қатысуымен Тұран шағын ауданы және Жаңа терминал, Сквер-1, Асар ауруханасы аймағында да шөп шабу және газон қырқу жұмыстары жүргізілді. Бұл – қаланың жасыл қорын сақтауға, оны ұлғайтуға және экологиялық жағдайын жақсартуға ықпал ететін маңызды шаралар.
Тазалық жұмыстары аясында Сыпырған ата, Арғынбекова, Сейхун, Жантөре ата, Алматы көшелері және Бәйдібек би даңғылында орналасқан 90 аялдама және А.Байтұрсынов, Ғ.Мұратбаев, Д.Қонаев, Б.Момышұлы ескерткіштері жуылып, тазартылды. Бұл жұмыстар тұрғындар мен қоғамдық көлік пайдаланушылары үшін қолайлы әрі гигиеналық қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылды.