Тарихи мәні зор, ерекше мереке
Патриоттық тәрбиенің мақсаты – жас ұрпақтың жақсы қасиеттерін қоғам мен мемлекеттің мүддесі үшін жұмсауға қалыптастыру болып табылады.
Осыған орай Шымкент қаласында қалалық прокуратураның ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған құқық қорғау органдарының өкілдері, мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің басқарма өкілдері, жоғары оқу орындарының студенттері, қала тұрғындары қатысты. Аталған жиында мәдениет саласы қызметкерлері патриоттық әндер шырқады.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған басты құқықтық құжат – Конституциямызға 30 жыл толып отыр. 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған Ата Заңымыз еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығының, бейбіт өмірі мен өркендеуінің берік негізіне айналды. Бұл – еліміздің демократиялық дамуы мен құқықтық мемлекет құру жолындағы толағай табыстары мен сындарлы тәжірибесінің көрсеткіші.
Жиын барысында Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов Конституцияның 30 жылдығы мерекесімен құттықтап, заң мен тәртіп саласындағы үйлесімді жұмыстың тиімділігі бірнеше есе артып келе жатқанын атап өтті. «Конституция – біздің негізгі Заңымыз – елдегі тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің кепілі, мемлекетіміздің демократиялық дамуының мызғымас іргетасы. Конституция – біздің бірлігіміздің, тұрақтылығымыздың, әділеттіліктің және заң үстемдігінің айқын көрінісі. Өткен отыз жылда еліміз Конституция негізінде зор жетістіктерге жетіп, дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата Заңымызда бекітілген азаматтардың құқықтары мен бостандықтары – мемлекетіміздің ең басты құндылықтары», - деп атап өткен қала прокуроры еліміздің дамуында еселі еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек те құттықтау тілегін жеткізді.
– Конституция – әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктеріміз бен қоғамдық саладағы ауқымды реформалардың берік іргетасы. Әр азаматтың міндеті – осы құндылықтарды құрметтеп, сақтай білу. Еліміздің өркенді әрі серпінді дамуына шымкенттіктер де лайықты үлестерін қосуда. Ата заңды қастерлеу – әрбіріміздің қасиетті парызымыз. Ендеше Мәңгілік Елдің тұғырын нығайтып, шаңырағын биіктете түсуге әрбіріміз атсалысып, мемлекеттігімізді мығым ете берейік! – деді қала әкімінің орынбасары.
Еліміздің Ата Заңының қабылданғанына биыл 30 жыл толды. Кез келген өркениетті елдің Конституциясы – сол елдің егемендігі мен тұтастығының басты тірегі. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда Конституцияның, яғни, негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ. Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына жол ашып, дамудың қозғаушы күшіне айналды.