Тәуелсіз елдің патриоты болу әрбір азаматтың басты парызы

Oinet.kz 29-08-2025 32

Қазақстан тарихында патриотизм ұғымы ерекше мәнге ие болып келеді. Ерте замандардан бері қазақ халқының бойына сіңген, елін-жерін сүю, қорғау, қызмет ету, ынтымақтастықты ту етіп ұстау, дәстүрге құрмет көрсету мәдениеті бүгінгі күні ел Конституциясы – Ата Заңымызды құрметтеуде де көрініс тауып отыр.

Screenshot_38.jpg

Оған Шымкент қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен «Айбары мықты – Ата Заң» атты дөңгелек үстел дәлел бола алады. 

Конституциямыздың 30 жылдығына арналған басқосуды мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев ашып, жүргізді. Іс-шараға Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы, қалалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, этносаралық қатынастар саласында беделді тұлғалар, қоғамдық құрылымдардың өкілдері, журналистер мен блогерлер клубының мүшелері қатысты.

Дөңгелек үстелде Конституцияның құқықтық және саяси мәні, мемлекеттік басқару жүйесіндегі орны және қоғам өміріндегі рөлі кеңінен сөз болды. Ата Заңның тәуелсіз Қазақстанды демократиялық әрі құқықтық мемлекет ретінде қалыптастырудағы тарихи үлесі айрықша аталды. Атап айтар болсақ, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің «Саясаттану» кафедрасының меңгерушісі, қалалық ассамблея жанындағы ғылыми-сарапшылық топтың мүшесі Сәкен Мәжінбеков Конституцияның мемлекет дамуына қосқан үлесіне тоқталды. «Конституция – әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғаушы басты кепіл. Ол заң үстемдігін орнатып, қоғамда әділеттілікті орнықтырады. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің тұрақты дамуын қамтамасыз еткен басты құжат. Ол тәуелсіздігіміздің беріктігі мен мемлекетіміздің болашағына бағдар береді», – деді өз сөзінде. 

Ал заң ғылымдарының кандидаты, доцент, Ж.Тәшенев университетінің құқық және бизнес кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Бижан Ата Заңның құқықтық мемлекет құрудағы орнына жан-жақты талдау жасады. Мәжіліс барысында қатысушылар Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтудағы, қазақстандағы патриотизмді қалыптастырудағы ерекше рөліне тоқталды. Ассамблея этносаралық келісімнің қазақстандық моделін қалыптастырып қана қоймай, заң шығару процесіне де белсене қатысып келеді.

– Бүгінгі таңда Қазақстан Парламентінде этнос өкілдерінен сайланған депутаттардың заң шығару ісіне ресми түрде қатысуы бекітілген әлемдегі жалғыз мемлекетпіз. Бұл – Ассамблеяның ерекше институттық мәртебесін көрсетеді, – деді Орынбай Рахманбердиев.

Жиын соңында қатысушылар Конституцияның негізгі құндылықтарын сақтау, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайту, жастарды отаншылдыққа, елді, жерді сүйюге тәрбиелеу, тәуелсіз елдің патриоты болу әрбір қазақстандық азаматтың басты парызы екенін атап өтті.

Шымкент қаласының әлеуеті артып, әлеуметі нығайып келеді
Тарихи мәні зор, ерекше мереке
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу