Шымкент қаласының әлеуеті артып, әлеуметі нығайып келеді

Oinet.kz 28-08-2025 42

Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы күн қалды. Шымкент қаласы жаңа оқу жылына дайын екенін қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек баян етті. 

Screenshot_37.jpg

Сәрсен Абайұлының айтуынша, биыл жаңа оқу жылы қарсаңында 16 жаңа мектепке лицензия берілсе, оның 11-і «Келешек мектеп» жобасы аясында бой көтерген, қалған 5-і жекеменшік мектептер. Бұдан бөлек, жоғары білімге қолжетімділікті арттыру мақсатында қала әкімдігі 285 білім грантын бөлген. «Алғашқы конкурс нәтижесінде 207 талапкер жеңімпаз атанды, алайда 78 орын бос қалды. Бұл гранттарға енді тек шымкенттік түлектер ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінен келген жастар да үміткер бола алады. Басты шарт оқуын аяқтаған соң кемінде үш жыл Шымкент қаласында еңбек ету керек», деді ол. 

Сондай-ақ ол аймақта атқарылып жатқан басқа да жұмыстарға тоқталды. Атап айтсақ, қоғамдық көлік тасымалын ұйымдастыру, жер қатынастары саласында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар жайына тоқталып өтті. Бұдан кейін Сәрсен Құранбек құқық қорғау органдарының жұмыс нәтижелеріне, студент жастарға жасалып жатқан қолдауға және қысқы маусымға дайындық барысынан хабардар етті. Айтуынша, өткен аптада қалада 181 қылмыстық іс тіркеліп, соның 11-і сотқа жолданған. Ең көп таралған қылмыс әдеттегідей алаяқтық, ұрлық, есірткінің заңсыз айналымы, тонау және жол-көлік оқиғаларына қатысты болған. 

Студенттік жатақхана мәселесі де басты назарда. Осылай деген ресми өкіл қаладағы 9 жоғары оқу орнында 78,5 мыңнан астам студент білім алатынын жеткізді. 2025–2026 оқу жылының басында 2149 студенттен өтініш түсіп, бүгінде 1734-і жатақханаларға орналастырылған. Қалған өтініштер қаралып жатыр. Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметінше, қазір қаладағы 28 колледждің 9-да – мемлекеттік, 19-да – жекеменшік жатақхана бар. Олардың жалпы сыйымдылығы 5806 орынды құрайды. Қазір 2654 студент жатақханада тұрса, олардың 82 пайызы – өзге өңірден келген жастар. Сонымен бірге, «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» жанынан 300 орындық жаңа жатақхана құрылысы басталыпты.

Сәрсен Құранбектің айтуынша, қаладағы жылу маусымына дайындық барысында «Қуатжылуорталық-3» АҚ-ның қысқы маусымға әзірлігіне 743 миллион теңгеден астам қаржы бөлінсе, соның 87 пайызы игерілген. 27 қазандықтың 23-і, 17 сорғы стансасының 13-і дайын. Қаладағы 838 шақырымдық жылу желісінің 37 пайызы тозған. Биыл гидравликалық сынақ кезінде 98 ақау анықталып, 90-ы жөнделіпті. Қалғаны қыркүйектің басына дейін толық реттелмек. Ал қаладағы көпқабатты үйлердің 69 пайызы, ал әлеуметтік мекемелердің 97 пайызы қысқа сақадай сай. Әсіресе білім беру және мәдениет нысандары 100 пайыз әзір. Жиын соңында Сәрсен Абайұлының журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.


Орыс ғалымдарының Шымкент тарихына қатысты жазғандары
Тәуелсіз елдің патриоты болу әрбір азаматтың басты парызы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу