Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру – ұлттық құндылықтарды құрметтеуден басталады

Oinet.kz 26-08-2025 35

Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басым бағыты. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда тағы бір мәрте айшықтап берді. 

Screenshot_31.jpg

Президентіміз қазақ тілінің тұғырын нығайтуда құр сөзбен емес, нақты әрекетке көшу қажет екенін баса айтты. Осыған орай, Шымкент қаласында «Мемлекеттік тілдің мәртебесі және қоғамдық орындардағы міндеттілік» атты семинар өтті. 

Аталған семинар қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында ұйымдастырды. А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында өткен семинарға тіл саласының мамандары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, кәсіпкерлер, жарнама агенттіктері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, семинардың мақсаты – кәсіпкерлер мен бизнес өкілдеріне «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» заң талаптарын түсіндіру, фискалдық чектерді мемлекеттік тілде шығару ісін қамтамасыз ету, сондай-ақ көрнекі ақпарат құралдарын, жарнама, маңдайша, баға көрсеткішін талапқа сай рәсімдеуді үйрету болды.

Семинар барысында заң талаптарын сақтамаудан туындайтын мәселелер талқыланып, жарнама агенттіктері мен кәсіпкерлер арасында ынтымақтастық орнату жайы сөз болды. Сонымен қатар, жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, республикалық маңызы бар қалаларда маңдайша мәтіндерін тіркеу және рұқсат беру рәсімдері қарастырылатыны айтылды. Сондай-ақ мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетуге ынталы тіл жанашырлары жиында қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарына көңіл бөлді. 

Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының қазақ тілі мұғалімі Айткүл Жұмабаева мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнына тоқталды. Өз сөзінде ол қазақ тілін меңгеру – әр азаматтың болашағына жасалған инвестиция екенін атап өтті. Ал қостілділік мәдениеті, дұрыс аударма мен мазмұн сәйкестігі мәселелеріне көптің көңілін аудара отырып, калька аудармалардың тіліміздің табиғи болмысына нұқсан келтіріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруді ең алдымен жарнама мен маңдайшадан бастау қажет деген пікір де айтылды.

Семинар соңында қатысушыларға әдістемелік көмек ретінде электронды түрде «Тағам атауларының сөздігі» кітабы таратылды. Іс-шара нәтижесінде заң талаптарын түсіндіру жұмыстары күшейіп, кәсіпкерлер мен жарнама агенттіктері арасындағы өзара ынтымақтастық нығая түсті.

Саябақтағы рухани-мәдени кештер шымкенттіктерді шаттыққа бөледі
Шымкент – Орта Азиядағы тарихы терең қала
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу