Саябақтағы рухани-мәдени кештер шымкенттіктерді шаттыққа бөледі
Шымкент қаласының ең көрікті орындары бір мезетте думанға толып, ерекше рухани-мәдени мерекеге айналды. Қала тұрғындары мен қонақтары «Шым қала» кештерінің аясында патриоттық әндерден топтастырылған әндерді тыңдап, өнердің сиқырлы әлеміне еніп қайтты.
Қаладағы саябақтар мен аллеяларда әр ұжым өз өнерін ортаға салып, жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. «Шым сити» саябағында Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының әртістері күлкі мен қуанышқа толы қойылымдар ұсынып, жиналғандардың жүрегін жадыратты. Ал «Шәмші әлемі» аллеясында «Шымкент концерт» ұйымының әуезді әндері қалықтап, тыңдарманды әсем әуеннің құшағына бөледі.
Осылайша қала орталығы мен шағынаудандардағы алаңдар бір сәтте үлкен сахнаға айналды. «Арбат» алаңында қуыршақ театрының қызықты қойылымдары кішкентай көрермендерді мәз қылса, «Металлургтер» саябағында қалалық орыс драма театры көркем шығармаларымен ерекшеленді. «Қазақстан-Түркия достығы» саябағында опера және балет театрының әуезді ариялары шырқалып, би қойылымдары көрсетілді.
Сондай-ақ, «Нұрсәт-1» аллеясында өзбек драма театрының өнерпаздары ұлттық нақыштағы қойылымдарын паш етсе, Абай саябағында Ж. Шанин атындағы қазақ драма театры классикалық шығармаларды сахналап, көпшілікті терең ойға жетеледі.
Көрермендер үшін бұл кеш – өнер мерекесі ғана емес, қаланың мәдени тынысын айқындайтын үлкен іс-шара болды. Ән мен жырдан шашу шашқан өнерпаздар Шымкенттің мәдени келбетін тағы бір қырынан танытып, қала тұрғындарының жүрегіне шаттық сыйлады.
Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Бауыржан Орынтаевтың айтуынша, «Шым қала» кештері шырайлы шаһардың рухани байлығын дәріптеп, өнерсүйер қауымды бір арнаға тоғыстырған ерекше мәдени оқиғаға айналғаны қала қонақтары мен тұрғындарын да қуантып келеді.
«Бүгінгі күні біздің алдымызға қойып отырған мақсат – халқымыздың музыкасы, ән-би өнері арқылы рухани-мəдени мұралар сабақтастығын сақтай отырып жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтарға, тəрбиелеу. Бұл талап күн өткен сайын маңызы артып келеді. Осы мақсатта, өздеріңіз көргендей қаладағы аллеялар мен саябақтарда түрлі кештер апта сайын ұйымдастырылуда. Мәселен, «Шым сити» саябағында Шымкент жастар театрының әсерлі қойылымы көрерменді баурап алса, Орталық саябақта Ж. Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрының өнерпаздары өнер көрсетті. Ал «Нұрсәт-3» аллеясында Шымкент-цирк ұжымы қызықты бағдарламасымен көпшілікті тәнті етті. Сонымен қатар, 15 және 17-шағын аудандардағы аллеяларда, сондай-ақ «Спутник» скверінде «Шымкент концерт» концерттік ұйымының әншілері әуезді әндер орындап, қала жұртшылығына қуаныш сыйлады. Көрермендер өнер ұжымдарының әрбір нөмірін ыстық ықыласпен қабылдап, алғыс білдірді. Қала тұрғындары үшін шығармашылық ұжымдардың дәл осындай ашық алаңдағы өнер көрсетулері айрықша әсер сыйлап, демалыс күнін қызықты ете түсті, - дейді басқарма басшысы.