Ата Заң – асыл мұраттар бастауы
Қазіргі жаңа тарихи кезеңде халқымыздың алдында жаңа тарихи міндет тұр. Ол ата-бабалар мен болашақ ұрпақ алдында ең бағалы құндылығымыз тəуелсіздігімізді, рәміздеріміз бен Ата Заңымызды сақтау.
Бұл біздің еліміздің басты құндылықтары. Егемендігіміздің мәңгілік болуына аянбай үлес қосу. Бұл мақсатқа тұлғаның бойында патриоттық құндылықтарды дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыру арқылы жетеміз.
Осы ретте Шымкент қаласы А.Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасында Қазақстан Республикасының Конституция күніне арналған «Ата Заң – асыл мұраттар бастауы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің негізгі мақсаты – Конституцияның қоғамдағы рөлін насихаттау, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және жастарға елдің негізгі заңы жайында тереңірек мағлұмат беру.
Көрмеге Қазақстан Республикасының Конституциясы туралы ресми басылымдар, ел тәуелсіздігі мен құқықтық мемлекеттің дамуына арналған кітаптар мен мақалалар топтастырылды. Сондай-ақ, көрмеде еліміздің саяси-құқықтық тарихын айқындайтын деректер, фотосуреттер қойылды.
Көрмеге арнайы келіп қатысқан шмкенттік жас Аяулым Қуат көрмеден тамаша әсер алғанын жеткізді. «Мен осы кітапхананың тұрақты оқырманымын. Маған көрме қатты ұнады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, қазіргі таңда Қазақстан Республикасының мемлекеттік идеологиясының негізгі ұстанымы – Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру. Ұлттық идея мен мемлекеттік идеология тұрғысынан қазақстандық патриотизмді қалыптастырудың негізгі өзегі ұлттық патриотизм болып табылады. Мен де өзімді елімнің патриоты деп санаймын. Ал «Ата заңның өзі қайдан шықты?» дейтін болсақ, адамзат қоғамы пайда болғалы, қай қоғам болмасын, қай дінде де өзіндік ережелер мен заңнамалар болған. Өзіміз тарихтан білетіндей – сақ пен ғұнның да бала тәрбиесі, қоғамдық тәртіп секілді ережелері болды ғой. Ендеше, заң мен тәртіп адам пайда болғалы бірге дамып, жетілдіріліп келе жатыр деген сөз. Бабаларымыз хандық құрған замандарда да үш жүздің билері бас қосып, хандары жарлық шығарды. «Қасым ханның қасқа жолы, «Есім ханның ескі жолы», «Тәуке ханның жеті жарғысы» сөзімізге дәлел. Заман өзгерген сайын сол ата-бабаларымыздан қалған Ата заңымыз да түрлі өзгеріске ұшырап, күні бүгінге дейін жалғасын тауып келді. Ата Заң – әрбір азаматтың құқығын қорғаушы, тәртіп пен әдептің жиынтығы, бабалар аманаты. Оны құрметтеу – әрқайсымыздың мұқалмас міндетіміз. Ендеше, бабалар аманаты – Ата Заңды қадірлеу – әрбіріміздің айнымас борышымыз, - дейді ол.
Жалпы кітап көрмесі оқырмандарға құқықтық мемлекет пен демократиялық құндылықтардың маңызын түсіндіріп, Ата Заңға деген құрмет пен жауапкершілікті арттыруға ықпал етпек.
«Ата Заң – асыл мұраттар бастауы» көрмесі көпшілік назарына бірнеше күн бойы ұсынылып, барлық келушілерге ашық болады.