Жастар «Таза Қазақстан» акциясында белсенділік танытты
Шымкент қаласында «Таза Қазақстан» ұранымен өткен сенбілікке қала жастары қатысып, өздерінің патриоттық сезімдерін іспен көрсетті. Жастар ресурстық орталығы өкілдерінің айтуынша, шаһарға қарасты Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау және Тұран ауданында жастардың үлес салмағы басым болды.
Жалпы бұл экологиялық сенбілікке 3755 адам қатысып, 136 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде қала аумағынан 172 тонна қоқыс шығарылды.
Сенбілік барысында қатысушылар көшелер мен аулаларды қоқыстан тазалап, қураған ағаштар мен бұталарды кесті, шөп шауып, ағаштарды әктеді, сондай-ақ абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. Қала жастарының бұл акцияға қатысуы қала тазалығына қосқан үлес қана емес, сонымен бірге бірлікті сезінудің мүмкіндігі болғанын айтты. «Біз отбасымызбен келдік, балаларымызға тазалық әрқайсымыздан басталатынын көрсеткіміз келді», – деді Қаратау ауданынан қатысқан жас отбасы. Келесі қатысушы, «Студенттермен, дәрігерлермен, мұғалімдермен және көршілерімізбен қатар жұмыс істегенде, бұл ортақ істің бізді біріктіретінін түсінесің», – деп қосты.
«Таза Қазақстан» акциясы 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған аттас мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Шымкенттің кешенді жоспарының бір бөлігі болып табылады. Оның мақсаты – қаланың тазалығын сақтау, экологиялық жағдайды жақсарту және тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Мәселен, Еңбекші ауданында ұйымдастырылған экологиялық акцияға аудан әкімі аппаратының өкілдерімен қатар, «Еңбекші» КММ мен «Группа Интеко» ЖШС қызметкерлерінен құралған 487 қызметкері мен 10 техника сенбілікке жұмылдырылып, 3 тонна қоқыс шығарылды. Ал құрылыс басқармасының 23 қызметкері мен 1 техника өздеріне тиесілі учаскеден 1 тонна қоқыс шығарып отыр. Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармаға тоқталсақ, мұнда сенбілікке 27 қызметкері мен 1 техника қатысып, 1,2 тонна күл-қоқыс полигонға шығарылған. Сондай-ақ акцияға аудан әкімдігіне қарасты экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы және «Shymkent» ӘКК» АҚ мекеме өкілдері қатысып, белсенділік көрсетті.
Аталған мекемелерден бөлек, ардагерлер, кәсіпкерлер, жергілікті тұрғындар, жалпы 410 тұрғын тазалық акциясына атсалысты. Жалпы аудан бойынша 1532 қызметкер, 33 техника жұмылдырылып, 15,7 тонна қоқыс шығарылды.
Еңбекшіден бөлек, экологиялық акцияға Абай ауданында 445 адам, 16 техника, Әл-Фараби ауданында 499 адам, 30 техника, Қаратау ауданында 704 адам, 25 техника, ал Тұран ауданында 575 адам, 32 техника жұмылдырылды. Олардың күшімен 172 тонна күл-қоқыс шығарылды. Ең бастысы бұл сенбілікте Шымкенттік жастар белсенділік танытты.